- Бүгінгі күн абзал анала-рымыздың, жаны жайсаң жеңге-леріміздің, қызғалдақтай құлпырған қарындастарымыздың төл мерекесі. Отбасының шуағы да, шырағы да – әйел. Болашақ үшін, ұрпақ өсіріп, тәрбиелеген аналарымыз кез келген құрметке лайық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Әйел өмірдің тірегі ғана емес. Әйел – өмірдің өзі», - деген болатын. Егемен еліміздің санын көбейтуге үлес қосқан сіздер Қазақстан халқына үлгі бола аласыздар, - деді аймақ басшысы Б.Бақауов.

Жеті және одан да көп баланы өмірге әкеліп, тәрбиелегені үшін Жұлдыз Мұхамеджанова, Галина Моторная, Айнұр Оразалинова, Шілдехан Сәулетхан секілді аналар «Алтын алқа» иегері атанды.

Сондай-ақ, өмірге алты баладан әкелген 20 ана «Күміс алқаны» мойындарына тақты.

- Мен Лебяжі ауданының тұрғынымын. Жолдасым Ерқанат Оразалинов – еркін күрестен жаттықтырушы. Екеуіміз - 4 қыз, 3 ұл өсіріп отырған бақытты отбасымыз. Тұңғышымыздың жасы жиырмада. Кенжеміз жуырда бір жасқа толды. Ұл-қыздардың нәпақасы үшін шағын бизнес ашып, дөңгелетіп отырған жайымыз бар. 2014 жылы «Күміс алқа» иеленген едім. Құдай берген қуаттың арқасында енді міне «Алтын алқаны» да мойныма тақтым. Қазақ елінің санын көбейтуге үлес қосқаным үшін өзімді бақытты сезінемін, - деді «Алтын алқа» иегері Айнұр Оразалинова.

Салтанатты шараға жиналған көпбалалы аналар тәуелсіз елдің көшбасшысы Елбасына, аймақ басшылығына ақжарма тілектерін арнады.

Шара соңы жергілікті өнер-паздар дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz