Төреші ысқырығы естілісімен басымдықты қолға алуға тырысқан жерлестеріміз ойынның алғашқы 5-ші минутында-ақ гол соғып, жанкүйерлерін желпінтіп тастады. Шеберлігімен көзге түскен - «Ертістің» жартылай қорғаушысы Павел Шабалин. Осылайша ертістік ойыншы биылғы футбол маусымындағы алғашқы доптың авторы атанды.

Бұдан әрі ойын алма-кезек шабуылдармен өрбіді. Ойынның 21-ші минутында қақпашымен бетпе-бет келген Дору Пападюк мергендігімен танылды.

2:0 есебімен бірінші кезеңді аяқтаған қос қарсылас ойынның екінші жартысында да жақсы ойын өрнегін көрсете алды. Әсіресе, атыраулық команда есепті қысқарту үшін барын салды. Ойын аяқталуға жақындаған тұста «Ертіс» күтпеген жерден өз қақпасына бір доп жіберіп алды. Осылайша «Ертіс» 2:1 есебімен алғашқы турды аяқтады.

- Кездесу өте ауыр болды. Қос команда ойыншылары да аянбай тер төкті. Алаңдағы ойыншылардың шеберлігіне қарап, әлі де жетілдіретін тұстардың бар екендігін аңғардым. Дегенмен командамыз жедел әрі өткір шабуылдар ұйымдастыра білді. Бұл чемпионаттың басы ғана. Биылғы ел чемпионатында жақсы нәтиже көрсетеміз деп ойлаймын, - деді «Ертістің» бас бапкері Жерард Нус.

Жерлестеріміз ел чемпионаты аясындағы келесі кездесуін 17 наурыз күні өз алаңында «Ақтөбеге» қарсы өткізеді.

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz