Универсиада ойындары кестесіндегі шаңғы биатлоны Ақмола облысы Шучинск қаласында өтсе, өзге бәсекелердің барлығы Павлодарда ұйымдастырылды.

- Бүгінгі таңда елімізде 124 жоғары оқу орны бар. Осылардың қырыққа жуығы ғана қысқы Универсиада ойындарына қатысады. Жазғы ойындарда бақ сынауға ниетті жоғары оқу орындарының саны елуден әріге асқан емес. Біз жүзге тарта университетті осындай ірі жарыстардан көргіміз келеді. Сан бар жерде сапа да артады. Жастар арасында бұқаралық спорт толыққанды насихатталмайынша қысқы олимпиада ойындарынан алтын күту - әбестік. Жарысқа қатысушыларды көбірек тарту мақсатында қысқы Универсиада кестесіне жазғы спорттың кейбір түрлерін енгіздік. Павлодарда өткен Универсиада ойындарының ұйымдастырылу деңгейі жақсы. Бұл тұрғыдан алғанда, ертіс жағасындағы кербез шаһар көпшілікке үлгі бола алады, - деді Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Садық Мұстафаев.

Он күнге созылған спорттық бәсекеде өзгелерден оқ бойы озық өнер көрсеткен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті жалпыкомандалық есепте Универсиаданың жеңімпазы атанды! Күміс жүлдеге Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты ие болса, үшінші орынды Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті қанағат тұтты. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті төртінші орыннан көрінді. Бесінші орынды Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің спортшылары қанжығаларына байлады. Үздік алтылықты алматылық Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті түйіндеді.

- Біз Шымкент қаласынан келдік. Теріскейдегі республикалық ойын жоғары деңгейде өтті. Ауа райы жылы біздің өңір тұрғындары үшін қысқы спорт түрімен айналысу аса қолайлы емес. Студенттер арасындағы республикалық Универсиада ойындарының бағдарламасына жазғы спорт түрлерін енгізу дұрыс шешім деп ойлаймын. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері футзал, қазақ күресі, армрестлинг бойынша шеберліктерін сынға салды. Жарыс болған соң біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Басты мақсат - ауқымды шараға қатысу, студенттердің қысқы спортқа деген қызығушылығын арттыру, - деді аталған универсиет командасының жетекшісі Нұрқасым Шегенбаев.

Ұлттық ғылыми практика-лық дене тәрбиесі орталығы-ның хатшысы Құлтас Достан-ның айтуынша, бұған дейінгі қысқы Универсиада ойындары еліміздегі бірнеше қалада бөлініп өткізіліп келген. Ал осы жолғы қысқы Универсиада ойындарының басым бөлігінің Павлодар қаласында ұйымдастырылуы жарыстың жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болған.

- Біздің университеттен байрақты бәсекеге 115-ке тарта спортшы қатысты. Қыздар арасындағы пауэрлифтинг бәсекесінде аруларымыз қарсылас шақ келтірмеді. Президенттік көпсайыс бойынша жүлделі бірінші, екінші орындарды иелендік. Шаңғы жарысынан командалық есепте жақсы нәтиже көрсеттік. Қысқы спорттық бағдарлау сайысы бойынша біздің спортшылар өзгелерге мықтылықтарын мойындатты. Баскетбол мен футзалдан – төртінші орын алдық. Өз өңірімізде намысымызды абыроймен қорғаған қыз-жігіттерге алғыс айтамыз! Студенттерді ынталандыру мақсатында жеңімпаздарды оқу ордамызда да құрметтеп, арнайы марапаттау ойымызда бар, – дейді ПМПУ-дің дене шынықтыру кафедрасының меңгерушісі Татьяна Командик.

Айтпақшы, 2016 жылы Алматы қаласында өткен VI қысқы Универсиада ойындарында Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты жүлделі екінші орынды жеңіп алған еді.

Қысқы Универсиаданың аясында өткен қазақ күресі, армрестлинг, пауэрлифтинг, баскетбол, футзал секілді ойындарға қатысушылардың қарасы қалың болды. Мәселен, ерлер мен әйелдер арасында қазақ күресінен өткен жарысқа барлығы 38 команда қатысып, 257 палуан бақ сынады. Мамандар қысқы спорт бойынша өтетін кешенді жарыстарды жазғы ойындармен толықтыру әлемдік тәжірибеде бар дейді. Алдағы уақытта спорттың бұл түрлері жазғы Универсиада бағдарламасынан алынып тасталады.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz