Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні ата-аналардың басым бөлігі баласының мектептегі өмірінен бейхабар. Кейде білім ордасына нешеде кіріп, қай уақытта шыққанын, асханада қандай тамақ ішкенін білмей жатады. Ал алдағы уақытта перзентінің әр қадамы туралы телефонына арнайы хабарлама келетін болады. Павлодар қаласындағы мектептерге осы мақсатта смарт-жүйе енгізу көзделіп отыр.

Қанатты жоба облыс орталығындағы №37 мемлекеттік тілде білім беретін мектепте бастау алды. Арнайы орнатылған турникеттерден саусақ таңбасын немесе картаны сәйкестендіру арқылы ғана өте алады. Нәтижесінде оқушы мен мұғалімнің қай уақыттарда кіріп-шыққаны қатаң қадағаланады. Сонымен қатар, бұл жаңашылдық білім ордасына бөгде адамдардың емін-еркін кіруіне тосқауыл болады.

Одан бөлек, смарт-жүйе асхана мен кітапханада қойылған. Ата-ана күн сайын тамақтың құнарлылығы, құрамы мен бағасын көріп, өзінің баласына ас мәзірін таңдай алады. Ал тағам төлемі арнайы картадан бірден алынады. Яғни, балалардың қалтасына ақша салып берудің қажеті жоқ. Бастауыш сынып оқушыларына ыңғайлы болуы әрі олардың кезекте тұрмауы үшін сол сынып мұғалімі төлем жасайды. Тегін тамақпен қамтылған балалардың жағдайы да қарастырылған.

- Ақпарат құралдары мен интернет беттерінен балалардың балабақшаларда немесе мектептерде уланып, ауруханадан бір-ақ шыққанын оқып жатамыз. Ал смарт-жүйенің көмегімен мұндай оқыс оқиғалар болмауы тиіс. Себебі әр баланың ас мәзірін ата-ананың өзі таңдайды. «Ақшасын біреу тартып алды ма екен», «Ақшасын жоғалтып алмай ма?» деген қауіп те болмайды. Бұл жаңашылдық енгізілген соңғы бір аптада алаңдаушылық сейілді. Өйткені балам мектепке келгенде, тамақ алғанда, шыққанда смс-хабарламалар келіп, бізді оның әр қадамы сайын ақпараттандырып отырады, - дейді оқушының анасы Гүлназия Байтенова.

Мұғалімдердің «Teacher office» деп аталатын бөлмесінде де цифрландырудың соңғы үлгілері енгізілген. Ұстаздар арнайы жүйе арқылы өзіне қажет кітапқа, оқулыққа, көмекші құралға тапсырыс береді, ал кітапханашы оны сол мезетте дайындап қояды. Сөйтіп, мұғалім «алтын» уақытын едәуір үнемдейді.

Орта мектептің цифрлық мүмкіндігімен танысқан Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов мұндай жүйе жақын арада балабақшалар мен өзге оқу орындарына енгізілуі мүмкін екенін айтты.

- Жаһандану заманында цифрлық жүйелерді енгізу – уақыт талабы. Озық отыз елдің қатарына енеміз десек, бұл бағытта ауқымды іс атқаруымыз тиіс. №37 мектепте қанатты жоба ретінде енгізілген жүйенің тиімділігі көп. Оқушылар, ата-аналар мен ұстаздардың пікірін ескере келе, шаһарымыздағы басқа білім алу мекемелеріне орнатсақ, ұтылмаспыз. Бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мол мүмкіндік бермек. Ал біз оны енгізудің тетігін қарастырамыз. Мемлекеттік – жеке меншік әріптестік аясында іске асуы әбден мүмкін. Жалпы, өткен жылы қалада тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық саласына, пәтер иелері кооперативінің жұмысына байланысты «Смарт Павлодар» жүйесі іске қосылғанын жұрт жақсы біледі. Мектептердегі смарт-жүйе соның жалғасы болмақ, - деді Н.Әшімбетов.

«BF Групп» компаниясының директоры Сергей Голышевтің айтуынша, №37 мектепте цифрландыруды енгізуге компания 3 млн. теңге жұмсады. Қаржы көлемі білім ордасындағы оқушылар санына тікелей байланысты. Қазіргі уақытта аталмыш мектепте 1092 бала бар.

- Мектепте орнатылған бағдарлама «Смарт Павлодар» қосымшасында бар. Бұл мобильді қосымшаны Play Market немесе App Store-дан жүктеп алуға болады. Жаңа жүйе көпшілік көңілінен шығып, шәкірттерге де, ұстаздарға да, ата-аналарға да оңтайлы болады деген сенімдемін. Енді балабақшада орнату мәселесі қарастырылуда. Бұл мекемелерде турникет емес, тек саусақты сәйкестендіру болады. Демек, балаларды кез келген адам алып кете алмайды. Саусақ таңбасы алдын ала алынған әкесі мен анасы, атасы мен әжесіне ғана рұқсат етіледі, -дейді С.Голышев.

Білім саласындағы цифрландырудың бұл жобасы нәтижелілігін көрсетіп, қолайлы болса, құба-құп.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz