- Арман Бақтанұлы, 80 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған «Халық радиосында» сіз қай жылдары еңбек еткен едіңіз?

- Мені 1990 жылы радиоға телеарнада қызмет етіп жүрген жерімнен өңірімізге танымал журналист Ғалия Балтабай шақырды. Ол кез радионың үлкен сынақты басынан өткеріп, енді аяғынан тұрып келе жатқан кезі. Ғалияның ерекше ұсынысын жерге қалдыра алмай, облыстық радиоға ауыстым. Сол кезде радиода кадр тапшылығы қатты байқалатын. Бар болғаны 2-3 журналист қана қызмет ететін еді. 1989 жылы Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алғаннан кейін 1990 жылы радиодағы барлық хабарларды қазақ және орыс тілінде 50/50 пайызға теңестіру міндеті тұрды. Ал бізде маман аз. Бірақ тығырықтан шығудың жолын аудармадан бастадық. Келген хабарларды орысшадан қазақшаға аударып, эфирге беріп отырдық. Бір қызығы, сол уақытта ақпараттарды қайдан алатынымызды да білмедік. Осы біз үшін үлкен қамшы болды. Өз намысымызды қайрап, алға үлкен жоспарлар құра бастадық. Техникалық жағынан да қазақ редакциясы әлсіз еді. Әуелі журналистердің санын арттыруды, бағдарламалардың сапасын көтеруді, төл бағдарламаларымызды шығаруды көздедік. Сол бағытта талмай еңбек еттік. Айналасы бірнеше жылдың ішінде елдің көңілінен шығатын, сұранысқа ие бағдарламаларымыз радиодан беріле бастады. Ғалия Балтабайдың табандылығы мен талабының арқасында техникаларымыз жаңарып, хабарларды бірте-бірте 50/50-ге жеткіздік. Ал 1991 жылы еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін біздің қарқынымыз тіптен арта түсті.

- Ол қандай бағдарламалар еді?

- Ең бір ерекше туындының бірі өңірдің ауылшаруашылық саласынан сыр шертетін «Саржайлау» бағдарламасы болды. Бұл 30-40 минут тек қана қазақ тілінде берілетін алғашқы хабарлардың бірі болды. Осы бағдарлама аясында облыстың түкпір-түкпірін аралап, шопандармен кездесіп, шалғайдағы қазақтардың өмірінен сыр шертетін құнды бағдарлама әзірленіп тұрды. Басшылар бара қоймайтын елді мекендерге, егіншілердің бригадаларына барып, хабар дайындап келіп жүрдік. Кейіннен Абайдың 150 жылдығына орай (1995 жылы) «Абай әлемі» эфирге шықты. Дәл осы жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығына арналған «Ерлік ел есінде» бағдарламасы әзірленді. Ол кезде соғыс ардагерлерінің көбі тірі. Аз ғана уақыттың ішінде батырларымыздың ерлігін дәріптеп, ел арасында кеңінен танытуға тырыстық. Тіпті үйінен шыға алмайтын ардагерлерді үйіне іздеп барып, айтарын жазып алып келіп, эфирге беріп отырдық. Сонымен қатар, «Біздің сұхбат», «Жұма күнгі жүздесу» сынды бағдарламалар болды. Сол кезде бір қазанда қайнап, қазақ радиосының ыстығына күйіп, суығына тоңған әріптестерім Ғалия Балтабай, Ақмарал Сағынбекова, Құралай Баяндиналардың еңбегі ерен. Тіпті Құралай қазақ және орыс тілдерінде бірдей хабарлар дайындап, өзінің білікті маман екенін дәлелдей білді.

- Радиода еңбек еткен жылдары есіңізде қалған ерекше сәт бар ма?

- Әрине, ондай кезеңдер өте көп. Мәселен, 1990-1991 жылдары елімізде демократиялық толқын пайда болып, ұлттық жаңғырудың алғашқы сеңі қозғалған кез. Соның бірі - Ақсу қаласындағы Ермак ескерткішін алып тастау туралы шешім шықты. Сол хабарды елден бұрын эфирге дайындап, 40 минуттық репортаж етіп берген болатынмын. Аталмыш ескерткіштің алынып қалғанын тіпті, қаланың тұрғындары да білмей қалған еді.

- Радио арқылы халыққа жеткен өз бағдарламаларыңыздың ішінде жеке мұрағатыңызда сақталғандары бар ма?

- Өкінішке қарай, менде бірде-бір бағдарламаның жазбасы қалмапты. Ол кезде қазіргідей техниканың дамыған кезі емес, әрі оны сақтап қалу керек деген ой да келмепті. Бірақ белгілі журналист Жұмағали Қоғабаевта сол кездегі хабарлардың біразы сақталған екен.

- Ардагер қаламгер ретінде қазіргі журналистердің бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді?

- Қазіргі журналистердің арқалаған жүгі жеңіл емес. Әсіресе бүгінгідей ашық қоғамда қызмет ету өте қиын. Себебі біздің қазақы қалпымызға жат дүниелерге жастарымыз құмартып барады. Оған ашық интернет желісі, рейтинг қуған телеарналар мен түрлі басылымдар кінәлі. Тіпті жастардың санасын улайтын теріс ағымдағы діндерді насихаттаушылар да көбейіп кетті. Міне, ұлтымыз үшін қауіпті осындай қатерден жастарды сақтайтын ұлттық тәрбиеге бай мақалалар мен бағдарламаларды көптеп ұсынса деген тілегім бар.

- 80 жылдық тарихы бар радио ұжымына деген тілегіңіз...

- Әріптестерімді мерейлі мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Журналистерге кәсіби біліктілік тілеймін!

Жазып алған – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz