Аталмыш жүйенің қызметі жөнінде өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифинг барысында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев баяндады. Бүгінде аталған бағытта аймағымызда 74 шара жоспарланған. Алдағы уақытта баланы балабақша кезегіне қою, мектепке дейінгі мекемеге орналастыру қызметі электронды түрде жүргізілмек. Ол үшін сайттағы өтінішті толтырып, смс хабарлама арқылы жолданатын шақыруды күту қажет. Хабарламада баланың қандай балабақшаға қабылданғаны, қай күні мектепке дейінгі білім беру мекемесіне келу керектігі жөнінде толық мағлұмат жазылады. Ал қалған анықтамалар автоматты түрде жинақталатын болады. Мейрам Мұхаметрақымұлының айтуынша, мұндай жүйе ата-аналарға өтініштерін онлайн режимде қарауға мүмкіндік береді. Бұл бастама педагогтардың қағазбастылықтан құтылуына жол ашпақ. Осы орайда ұстаздарға барынша жағдай жасап, техникалық құрылғылармен, кең жолақты интернетпен қамтылуы назарға алынған. Жоғарыдағы жоба білім беру саласының қызметін арттыруға жол ашады. Алдағы уақытта білім беру және денсаулық сақтау салаларында қамқоршылық және бақылау кеңесінің құзіреті артатын болады. Олар мектеп бюджетін игеруге қатысты ұсыныстарын айтып, мекемедегі кемшіліктерді анықтау, атқарылған жұмыстар бойынша есептерді қабылдау сынды мәселелерге жауап береді. Сонымен қатар, білім беру саласында бірыңғай ақпараттық жүйе енгізіледі. Қазіргі уақытта өңірде 366 мектеп аталмыш жобаға қосылған. Соңғы 3 айда онлайн режимде қаралған интерактивті сабақтар саны 700 мыңға жеткен.

Денсаулық сақтау саласындағы 32 мекеме медициналық ақпараттық жүйеге қосылған. Ағымдағы жылдың сәуір айында бұл қатарды тағы 3 аурухана толықтырмақ. Сондай-ақ, өңір тұрғындарының медициналық деректерін жинақтайтын бірыңғай база құрылады деп күтілуде. Бұл емханалардағы кезек санын азайтып, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік бермек. Бұдан бөлек, дәрігерлерді қағазбастылықтан арылтып, науқасқа көп көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар саласы да автоматты жүйеге көшірілуде. 2018 жылдан бастап қалалар мен аудандардағы жұмыспен қамту орталықтары электронды еңбек биржасына қосылды. «Smart Pavlodar» қосымшасы «Қолжетімді Павлодар», «Қолжетімді көлік» бөлімдерімен толықты. Осындай шаралар қызмет барысын одан әрі жеңілдете түспек.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz