Бұл туралы ақпарат облыс орталығындағы 4 Led-экран арқылы көрсетілуде. Халық қалаулылары ақпараттандырудың мұндай әдісін зауыттар көптеп шоғырланған Ақсу, Екібастұз қалаларында да орналастыру қажет екенін айтуда.

Аппараттық жиында сөз алған облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиевтің айтуынша, өндіріс орындарының санитарлық аумағында тиісті мониторинг шаралары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстың тиім-ділігін арттыру мақсатында облыс қазынасынан шамамен 80 млн. теңге қаражат бөлініп, оған 15 заманауи зертханалық қондырғы сатып алынған. Аталған қондырғылар аймағымызға мамыр айында жеткізілмек. Сол арқылы кәсіпорындардың ауаны ластау деңгейін нақты бақылауға болады. Биыл облысымызда 250 мың түп ағаш отырғызылмақ.

Сондай-ақ, аймағымыздағы 15 ірі кәсіпорын басшылары мен құзыретті органдар арасында қоршаған ортаны қорғау шараларының тиімділігін арттыру бағытында меморандум жасалуда. Қазіргі кезде олардың басым бөлігімен тиісті келісімге қол жеткізілді. Тек «Павлодарэнерго» АҚ мен «Майкөбен-Вест» ЖШС аталған құжатқа қол қоюдан бас тартыпты. Олар меморандумда келтірілген табиғатты қорғау шараларына қыруар қаражат жұмсауға дайын еместігін жеткізген. Облыс әкімі Б.Бақауов аталған кәсіпорын басшыларымен тиісті деңгейде келіссөз жүргізіп, мәселені оң шешуді тапсырды.

Атап өтерлігі, ақпан айынан Павлодар қаласының бірқатар білім ордасында экологиялық марафон шарасы басталды. Оның аясында мектептерде сұрыптап, яғни қағаз, пластик, шыны сияқты басқа да қоқысты жеке-жеке жинау жүйесі қолданылуда. Бұл жаңашылдық - қоқысты бөліп тастау мәдениетіне баулуға бағытталған. Сұрыпталған қатты қалдықтарды бөлек жинау оны қайта өңдеу бағытындағы шараларды жедел жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Павлодар облысы бойынша экология департаментінің бас-шысы Данияр Әлиевтің айтуынша, аймағымызда 345 қоқыс тастау орны бар. Өкінішке қарай, оның тек санаулысы ғана талапқа сай келеді. Мәселе аудан, қала басшыларының белсенділігіне байланысты болып отыр. Сондай-ақ, ведомство басшысы аудан әкімдері экологиялық іс-шаралар жоспарын әзірлемегенін де тілге тиек етті. Аймақ басшысы бұл олқылықтардың орынын толтыруды тапсырды.

Сондай-ақ, алқалы жиын барысында аймағымызда коммуналдық қызмет түрлерінің және кейбір азық-түлік бағасының қымбаттап келе жатқаны айтылды.

Д.АЙТПАЙҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz