Кеше Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың төрағалы-ғымен аппараттық жиын өтті. Онда аймақ шаруаларының көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы, қоршаған ортаны қорғау шараларының тиімділігі, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне қатысты мәселе сөз болды.

Биыл облысымызда егіс алқаптарының жалпы көлемі 161 мың гектарға көбейіп, 1 млн. 421 мың гектарды құрамақ. Ауыл шаруашылығы құрылымдарын субсидиялауға 3,1 млрд. теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Шұғаевтың айтуынша, бұл - былтырға қарағанда аз сома.

Тұқым шаруашылығын дамытуға 360,8 млн. теңге көлемінде қаржы қарастырылып отыр. Көктемгі егіс жұмыстарына шаруа қожалықтарын қолдауға шағын несие түрінде жалпы сомасы 22 млрд. теңге бөлінген. Үстіміздегі жылы аймақ шаруаларына жеңілдетілген бағамен 16 мың тонна дизель отыны берілмек.

М.Шұғаев алдағы дала жұмыстарына ауылшаруашылық техникаларының 97 пайызы сақадай-сай тұрғанын айтады. Биыл 454,1 млн. теңгеге жаңа тракторлар сатып алынды. Осылайша, техникалық базаны жаңарту жұмыстары жалғасын табуда.

Аймағымызда ауыл шаруа-шылығы мақсатындағы жерлердің, соның ішінде егіс алқаптарының электронды картасын құру жұмысы жүргізіліп жатқаны белгілі. Бұл шара агросекторды цифрландыру аясында қолға алынған. Өкінішке қарай, маңызды бастаманы жүзеге асыруды кейбір аудандар кешеуілдетуде. Аталған жұмысты көктемгі егіс жұмыстары алдында аяқтау міндеті тұр.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz