Білім ордасының ректоры Алтынбек Нухұлы жарыс жеңімпаздарын арнайы дипломдармен марапаттады.

- Біз жуырда ғана университет мәртебесін иелендік. Енді міне, қуанышымыз тағы бір жағымды жаңалыққа ұласуда. Біздің университет шәкірттерінің ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері баршылық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен байрақты бәсеке Павлодар облысының 80 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Біздің жеңіс - аймақтың абыройы!- деді А.Нухұлы.

Жеңімпаз команда VII қысқы Универсиада ойындарында жалпы саны 31 медаль еншілеген. Оның 11-і - алтын, 9-ы - күміс және 11-і - қола жүлде.

Университет командасының капитаны, дзюдодан спорт шебері Серік Сәлменов жарыста қазақ күресі бойынша 100 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, команда намысын абыроймен қорғаған. Ол алдағы жылы ұйымдастырылатын жазғы Универсиада ойындарына да қатысуға ниетті екендігін айтты.

Айта кетерлігі, білім ордасы Универсиадада жақсы нәтиже көрсеткен студенттер мен бапкерлерге ақшалай сыйақы тағайындады.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz