Ерболат Сералин - Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесін бутафор-суретші мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ-музыка драма театрына 2004 жылы кездейсоқ тап болады. Ол кезді бутафор-суретші былай деп еске алады:

- Бұған дейін мен Павлодар алюминий зауыты – түсті металлургия кәсіпорнында қарапайым жұмысшы болып еңбек еттім. Кейіннен белгілі бір себептерге байланысты ол жерден жұмыстан шықтым. Біраз уақыт үйде жұмыссыз отырдым. Кейіннен театрға келдім. Сол кезде Ерсайын Тәпенов - бас режиссер. Сол кездегі театр басшылығы мені бірден жұмысқа қабылдады. Осылайша, ойда жоқта өзімнің мамандығым бойынша алғаш рет осы ұжымға қызметке орналастым. Театрға келген кезімде «Айман-Шолпан» қойылымының премьерасы өтетін болып, әзірлік жүріп жатты. Бірден жұмысыма кірісіп, спектакльге қажетті барлық бұйымдарды жасап шықтым. Содан бері осы жерде еңбек етіп келемін, - дейді Ерболат Қабиденұлы.

Театрдағы үлкен төзімділік пен көркем-дікті талап ететін бұл мамандық кішкентай дүниелер арқылы тұтас қойылымның эстетикалық талғамын, әсемдігін көрсетуді мақсат етеді. Осындай жауапкершілігі бар, сөзге сараң, томаға тұйық, алайда өз ісінің хас шебері туралы әріптестері де оң пікірде.

- Ерболатпен мен 15 жылға жуық қызметтеспін. Осы күнге дейін өз ісіне салғырттық танытып, немқұрайды қарағанын көрген жоқпыз. Бутафор жасаған бұйым сахнада кейіпкердің киетін киімі, сауыты, қылыш-найзасы, сырға-білезік, алқасы, тіпті сахнадағы дастарқан үстіне қойылатын тамаққа дейін заманына сай болуы тиіс. Ерболат маман ретінде осы үдеден шығып жүр, - дейді театрдың шығармашылық бутафор цехының меңгерушісі Қарасай Нұркенов.

Театрдың шеберхана бөлмесі құрал-жабдықтармен қатар, түрлі сахналық кескіндемелерге толып тұр. Олардың қатарында батырлардың портреттері, қару-жарақтары, үй жиһаздары, тіпті жасанды жеміс-жидектер де бар. Садақ жебелеріне дейін аса ұқыптылықпен шебер жасалған.

- Біздің жұмысымыздың барысы алуан түрлі. Бірде тұтас спектакльдің өзегін құрайтын маңызды дүниелерді құрастыратын болсақ, кейде 3-4 минуттық сюжеттер үшін бутафориялық дүниелер жасауға тура келеді. Біздің мамандықтың қызығы мен шыжығы да осында жатыр, - дейді Е.Сералин.

Айта кетелік, бутафория сәндік-қолданбалы өнер бағыты бойынша жүзеге асырылады. Театр тілімен айтқанда, ол – әртістердің ойын атрибуттары. Яғни, сахна адамдарының рөлін айқындап көрсетуге көмектеседі. Театр бастау алған ежелгі Грекияда сонау замандардың өзінде әртістерге қолғабыс қызметін атқаратын көмекшілер болған. Қазір олардың орнын бутафор мамандары ауыстырып отыр.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz