Мақсат кесене түгендеу ғана емес

Шыны керек, көптеген азаматтар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын өңіріміздегі киелі, қасиетті орындарды түгендеу деп қана қабылдаған сияқты. Жалпы, бұл тақырып - қазақ халқына аса жақын. Себебі аруақ сыйлап, батыр балаларымыздың ерлігіне, әулиелерге тағзым ете білген тағылымды ұрпақтанбыз. Президент ұлттық код мәселесін айтқанда, тамырдың осы бір тарихтан бастау алуы керектігін, жас ұрпақ кешегіні білмесе, ертеңі бұлыңғыр дегенді меңзеп бергені анық. Бірақ біз кейде мәселенің бір шетін ұстап алып, соны жеке дөңгелетіп әкететініміз бар. Рухани жаңғыру дегенде оны тек кешегі бабаларымыздың жатқан жерін аралау деп қана түсінсек, дұрыс бола қоймас. Елбасы болашақтың бағдары туралы айтқанда (мақаланың атауы - «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»), тек бұл мәселені ғана сөз еткен жоқ.

Қасиетті орындар, яғни сакралды жерлер картасын әзірлеу - Павлодар облысында бірден қолға алынған жұмыс. Қазір белгілі, барлығы 78 орын анықталды, оның 5-еуі республикалық картаға енгізілді.

Жалпы, сакралды орындар туралы мәліметтер жинақтау ұлан-ғайыр жұмыс екенін мойындау керек. Бұл тұрғыдан алғанда, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Батталовтың жетекшілігімен ұйымдастырушылар көп жұмыс істеді. Әрине, кемшіліксіз болмайды. Осы орайда «Сарыарқа самалы» газетінің редакция-сында да дөңгелек үстел шарасын өткізген болатынбыз. Онда белгілі ғалымдар, өңірдің тарихын білетін қайраткерлер, облыстық мәдениет басқармасының басшылары қатысып, мәселелерді талқылады. Белгілі болғандай, өңірлерде әлі де болса зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Бұған дейін осы мәселе әкімдікте қаралғанда, мәліметтерді «Фейсбук» секілді әлеуметтік желілерден ғана емес, ауыл-ауылдарды аралап, көнекөз қариялардың аузынан естіп жинаған дұрыс деп пікір білдірген едік.

Расында, шара барысында Ертіс, Ақкөл Жайылма, Баянауыл жерлеріне қатысты әлі де олқы соғып тұрған мәселелер бары айтылды. Әуелде сакралды орындар туралы мәліметтер жинақтауға аудан-қалалардағы жұмыс штабтары жауап береді делінген еді, бірақ оншалық нәтиже көрінбейді. Десе де, қасиетті орындар тізбесін жасау-шылар деректер қорын толықтыру үшін жер-жердегі ақсақалдармен, шежірешіл азаматтармен пікірлесуге әзір екендіктерін білдірді. Тіпті, кейбіреуін «Рухани жаңғыру» бойынша облыстық сарапшылар кеңесіне қосуды қарастыратыны айтылды. Үстел басында айтылған әңгімелер ескеріледі деген тұжырым жасалды, үміттеніп қала бердік.

Жалпы айтқанда, сакралды орындар картасын әзірлеу - «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы ғана. Сондықтан тек соған ғана мән берумен шектелмеу керек. Рас, батыр-билердің ізі қалған орындар, қорымдар талапқа сай қорғауға алынып, насихатталуға тиіс. Оған ешкім дау айтпайды. Облыс басшылығы да қоршаулар жасатуды назарға алғаны мәлім. Ендігі бір мәселе – солардың насихаттау.

Мәселен, «Нұр-Ана әлемі» ұйымының жетекшісі Бақытжамал Максилова апайымыз қасиетті жерлерге сапар шегу барысында мәлімет беріп таныстыратын гид-қызметкерлердің жоқтығын айтады. Мұндай көрініс Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы кесенесінен басқа орындардың түгеліне тән. Яғни, жөн білетін біреуді ертіп алмасқа болмайды. Міне, бұл жағын да қатты ескеру керек. Тек картаға енгізумен іс бітпейді, ұлықтаудың егжей-тегжейін қарастыру қажет.

Кең әрі терең

«Рухани жаңғыру» бағдарлама-сының мақсаты - биік, ауқымды, кең, терең. Қоғамдық сананы жаңғырту идеясы өткенді түгендеп, құндылықты насихаттаса ғана сәтті іске асады. Жоғарыда айтқанымыздай, әркім өзінің түсінік-танымына жақын бағыттарды ғана жеке бөліп түсінбеуге тиіс, жалпы ат салысуы керек. Әйтпесе, «Рухани жаңғыруды» тек көрме ұйымдастыру, концерт беру, суреттер салғызу, спорт жарысын өткізу деп ұғушылар бар. Мүлдем олай емес. Белгілі журналист, Павлодар қаласының Құрметті азаматы Мұхит Омаровтың айтқанындай, бұл күнделікті өмірде іске асырыла беретін ұсақ-түйек шаруалар. Оның бәрін бағдарламаға енгізе берсек, қадірі қалмайды. Сондықтан үлгілі істерді қолға алу керек.

Үлгілі істер ретінде Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде қолға алынған шараларды айтуға әбден лайықты. Естеріңізде болса, 2017 жылы университет Ә.Х.Марғұлан атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу орталығын ашты. Сұлтанбек сұлтанның үй-жайының көшірме ғимаратын салды. Одан басқа, «Ұлағат» сериясы бойынша ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннен бастап, өңірдің педагог, жазушы қайраткерлері туралы том-том еңбектер басып шығарды.

ПМПУ ректоры Алтынбек Нухұлының баяндауынша, биыл университет сәуір айынан бастап Баянауыл өңіріндегі сакралды орындар картасын құруға кіріседі. Железин ауданында археологтар тобы «Алтын төбе» қорымдар алабын зерттеуге көшеді. Айтпақшы, облыс әкімдігі былтыр университетке Торайғыр жағасынан құрылысы аяқсыз қалған бір үйді қалпына келтіруге мүмкіндік беріп еді, нәтижесінде бұл жерде 3 үй бой көтеріп, қазір туристік база қалыптастырылуда. Педагогикалық университет Екібастұз жеріндегі қола дәуірінің жәдігері есептелетін Кемертұз, Ақбидайық және Өлеңті тастарындағы жазулардың көшірмесін музейлерге орналас-тыру мәселесімен шұғылданбақ. Сондай-ақ, Әулиекөл кешені маңында қазба жұмыстары жүргізіліп, Қимақ қағанаты болған Кенжекөл аумағындағы архитектуралық ескерткіштерді насихаттау қолға алынады. Ел билеуші тұлғалар Сұлтанбет сұлтан мен Мұса Шормановтың есімдерін ұлықтау мақсатындағы жұмыстар жалғасын табады. Осы орайда Баянауылдың Сәтбаев округінің Теңдік ауылында тарихи тұлғаларға ескерткіштер орнатып, ауылдың өзін Мұса мырза деп қайта атауға күш салынады. 2018 жылдың жоспарына сәйкес, Павлодар өңірінің 100 тарихи тұлғасы туралы сериялы фильмдер шығару қолға алынып отыр. Қазірде Естай Беркімбайұлы, Мұса Шорманов туралы дүниелер жарыққа шықты. Сондай-ақ, Ертістің Павлодар өңірінің 100 тарихи тұлғасы туралы жоба аясында кітаптар шығарылады. А.Нухұлы жуырда «Сарыарқа самалы» газетінде Ақбалық хазірет туралы мақала шыққанын көріп, алдағы уақытта өңірдегі хазіреттер туралы жеке 1 кітап шығару туралы ой келгенін айтады. Нәтижесінде, ұлықталатын тұғлалар саны 100-ден асып жығылатын болады.

Облыс әкімінің орынбасары, «Рухани жаңғыру» бойынша сарапшылар кеңесінің төрағасы Мейрам Бегентаев ПМПУ жобаларын жоғары бағалады. Облыс басшылығы алдағы уақытта да барлық бастаманы қолдайтын болады, деді.

Әрине, ПМПУ ұжымы қолға алған ауқымды шаралардың легіне қарап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына атсалысудың үлгісі осындай-ақ болар деген ой әркімнің санасына келері хақ.

Білсеңіз, бағалайсыз

«Рухани жаңғыру» бағдарлама-сының мақсаттары ауқымды екенін айттық. Сондықтан да облыс басшылығының қолдауымен Өңірлік жобалық кеңсесі құрыл-ғанынан көзі қарақты жұртшылық хабардар. Айта кетелік, дәл осы мекемеде келіп түскен жобалар іріктеліп, кейін облыстық сарапшылар кеңесіне қарауға ұсынылады. Қазақстанның қай жері болсын қасиетті. Ендеше, сакралды орындар туралы жобалардың қай-қайсысы да жіті қарастыруды талап етеді. Бұл - дұрыс. Оған өңірлік кеңестің қажыры жетіп тұрғанын мойындау керек.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша белгіленген бағыттар ішінара бірнеше кіші бағдарламаға (подпрограмма) жіктелгенін айталық. Олардың әрқайсысында тақырыпқа сәйкес іс-шаралар, жобалар айқындалған, жетекшілері де белгілі. Мәселен, «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша 14 жоба, 13 шара өткізу белгіленсе, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы негізінде 29 жобаны, 140 шараны ұйымдастыру көзделген. Шаралар саны толықтырылып отырады. «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында белгілі тіл маманы Шолпан Кинжикованың ұйымдастыруымен көздері нашар көретін жандарға арналған, Брайль жүйесімен қазақ тілін меңгертуді мақсат ететін «Күн сәулесі» және ата-ана қарауынсыз қалған балаларға, жастар ұйымдары үшін «Тілдік келісім» жобалары секілді маңызды іс-шаралар қарастырылған. Кейбір жобалар 2018-2022 жылдарға арналған. Одан басқа, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ақпарат толқыны» атты жеке бір бағыты бойынша бұқаралық ақпарат құралдары да атсалысып жатқанын айта кетелік. Жалпы, іс-шаралармен барлық салалар қамтылады, оның қатарында спорттық ғимараттар салу мәселесі де бар.

Өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі Зәуреш Мұқашеваның сөзінше, аталмыш бағдарлама аясында қазіргі кезде іс-шаралар саны жөнінен Павлодар облысы республикада 3-ші орында.

Жеке-дара шаппасын

Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаевтың атап өткеніндей, Елбасы бағдарламасын орындауда жұмыла еңбек ету керек. Иә, ПМПУ жобалар мазмұны жағынан ерекше. С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің де атқарып жатқан жұмыстары баршылық. Тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Батталовтың мәлімдеуінше, қазіргі кезде мамандар сакралды орындар географиясы туралы Android және iOS операциялық жүйелеріне сәйкес ұялы телефондарға орнатылатын қосымшалар әзірлеу үстінде. М.Бегентаев бұл жерде ПМУ мен ПМПИ мамандарын бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Бір жоғары оқу орны сакралды орындар картасын жасаса, екіншісі сол мекендер туралы мәліметтер базасын құратын болады. Осының нәтижесінде Б.Максилова апайымыз айтқан қасиетті жерлерде гид-таныстырушы маман қажет деген мәселе өздігінен шешіле салады.

Жалпы, алдағы уақытта өңірдегі барлық жоғары оқу орындарының басшылары ПМПУ ректоры А.Нухұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша қолға алынған жобалары туралы есеп бергендері жөн, деді Мейрам Мұхаметрақымұлы. Сондай-ақ, жауапты басқармалар да бас қосуға тиіс.

Расында, бәрінің илеп отырғаны бір терінің пұшпағы. Ендеше неге жеті өлшеп, келісіп алмасқа.

Табалау емес, тау қопару керек

Осыдан бірнеше ай бұрын ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын дұрыс, терең түсініп, ауқымды жұмыстар жүргізуді ескертті. Өкінішке қарай, бірнеше облыстар, соның ішінде Павлодар өңірінің жұмысы қайта бір пысықтауды қажет етілетіні айтылды. Бүгінде аталмыш мәселелермен тиісті басқармалар айналысуда. Расында, кемшіліктер жіберілгені анық. Әдетте қателікті тек жұмыс істемейтін адам ғана жібермейді. Елбасының ескертуін жергілікті билікті табалау деп қабылдамауымыз керек. «Рухани жаңғыру» бойынша сарапшылар кеңесінің төрағасы М.Бегентаевтың айтып өткеніндей, бұл аталмыш мәселеге жауап беруші мекемелерге жұмысты тағы бір пысықтап, серпілуге түрткі болып отыр. Мейрам Мұхаметрақымұлының өзі бас болып сенбі күндері Өңірлік жобалық кеңседе болады. Айтпақшы, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана ғимаратында орналасқан Өңірлік жобалық кеңсеге қалаған адам келіп, жобалар туралы толық мағлұмат ала алады. Сондай-ақ, кеңсе ұсыныс-пікірлер үшін де ашық. Ұсыныс айтып қана емес, азаматтық іс-әрекетпен де үлгі көрсеткен жөн.

Елбасының бағдарламасы қоғамдық сананы өзгертуге бағытталған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде халқымыз өз бойынан көптеген жаңашылдықтар көрсетуге тиіс. Яғни, сіз бен біздің көзқарасымыз да, әрекетіміз де, жаңаша өзгеруі керек. Ілгері қасиеттерді сіңіре білсек қана Қазақстан әлемнің озық 30 елінің құрамына кіре алады. Бағдарламаның түпкі мақсаты осы. Ендеше, тау қопаруға талаптанайық.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ, «Рухани жаңғыру» облыстық сарапшылар кеңесінің мүшесі.

saryarka-samaly.kz