Бұл үңгір Баянауыл ауылынан батысқа қарай 12 шақырым, Жасыбай көлінен батысқа қарай 4,5 шақырым қашықтықтағы Баянауыл тауларындағы биік шыңның жоғары жағында орналасқан. Бұл - құздағы тарылып, ұзартылған екі камерадан тұратын табиғи үңгір. Жазба деректерге қарағанда «Қоңыр әулие» үңгірі XVIII ғасырдан бастап зиярат етудің орны болған екен.

Бұл орынға киелі орын ретінде табыну Сарыарқа тайпаларының әртүрлі діни тәжірибелерінің араласуы нәтижесінде пайда болуы мүмкін. Нақтырақ айтқанда, неолит пен қола кезеңдеріндегі ежелгі тайпалар зиярат еткен деген болжам бар. Сонымен қатар, бұған түркі дәуіріндегі діни әдет-ғұрыптардың әсері болғандығын да атап өту қажет. Зерттеуші Н.Коншиннің пікірі бойынша, Әулиетасқа зиярат ету дәстүрі қазақтарға XVIII ғасырға дейін Баянауыл тауларында өмір сүрген қалмақтардан қалуы мүмкін.

Бір мәселе, халық бұл үңгірді «Әулиетас» және «Қоңыр әулие» деп екі атаумен атаған. Жазба деректерде XVIII ғасырда қазақтар арасында Әулиетасқа табынушылық болғаны туралы мәлімет бар. ХХ ғасыр басындағы дереккөздерде Әулиетас деген атау кездеседі. Дегенмен қазіргі кезде көпшілік үңгірді «Қоңыр әулие үңгірі» деп атайды. Үңгір атауын қолдану мен өзгерту мәселесін әлі де зерттеу қажет.

Үңгір туралы деректер зерттеуші П.И.Рычковтың «Орынбор топографиясы» атты жұмысында кездеседі. Ол Баянауыл тауларын сипаттай отырып, нысан туралы мынадай мәліметтер жазған: «...осы тауларда көлі бар үңгір туралы айтылады. Ал көлде ерекше түрге жататын кішкентай құстар бар. Сонымен қатар, бұл жерде киелі деп саналатын мұсылмандардың табыты бар. Мұнда қазақтар сенім білдіріп келіп суға түседі, сол арқылы түрлі ауру-сырқаудан айығады деп сенеді». Кейін, ХХ ғасырдың басында, И.Я.Коншин, А.Н.Сидельников, Т.П.Белоногов және П.Н.Столпянский өз жұмыстарында Әулиетас үңгіріндегі діни жоралғыларды сипаттаған. Үңгірді ХХ ғасырдың 60-ыншы жылдары павлодарлық өлкетанушылар бірнеше рет, 1969-1970 жылдары Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспедициясы, 2007 жылы В.К.Мерц жетекшілік ететін павлодарлық археологиялық экспедиция зерттеді.

Үңгірге ұзындығы 110 метр болатын баспалдақ арқылы шығуға болады. Зиярат етушілерге ыңғайлы болу үшін 10-15 метр сайын демалыс алаңдары жабдықталған. Үңгір орналасқан солтүстіктен оңтүстікке қарай созылған құз гранит кристалдық тау жыныстарынан тұрады және бұл тектоникалық қозғалыс пен желдету нәтижесінде пайда болған. Құздың батыс жағында үңгірге кіре беріс бар. Оның ені 1,8 - 2,5 метрді құрайды. Үңгірдің ұзындығы шамамен 30 м, биіктігі 7 м болатын «залдан» тұрады, ол жіңішке, жоғары көтерілетін, дәліз тәрізді қуыс болып жалғасады. Одан ары қарай жоғары жақта өте тар өтпе жол мен қазаншұңқыр бар. Мұнда жартас сызаттарынан ылғал су ағып, жиналады. 1970 жылы салынған ор шұңқырда діндарлар құрбандыққа шалған мал сүйегі көп.

1900 жылы біздің аймаққа саяхат жасаған Николай Коншин үңгірді былай сипаттайды: «Үңгір тау ортасынан жоғары орналасқан және алыстан қарағанда қара ойық сияқты көрінеді. Үңгірге барар жол онша күрделі емес, бұталармен, тас жоқ жерде итмұрын мен бөріжидек өсіп кеткен тау кертпешіндері бойынша жолақпен жалғасып жатыр. Үңгірдің кіре берісі адам бойынан айтарлықтай биік, формасы - үш бұрышты. Кіре беріске дейінгі бірнеше аршын болатын алшақтықта есігі бар ағаш қалқа орнатылған: үңгірдің едені, қабырғасы мен төбесі - тас. Ол біртекті емес, төбесі біресе жоғары, біресе аласа дәлізге ұқсайды: менің байқауымша, үңгір ұзындығы кемінде 10 сажын, ал ені–шамамен бір сажын. Үңгірдің іші жертөле секілді ылғалды, салқын әрі қараңғы, сондықтан оны көру үшін майшам алған дұрыс. Дәліздің соңында ортасы шұңқыр тас жатыр. Мұнда үңгірдің төбесі мен қабырғаларынан мұздай су ағып, ылғи жиналады. Қазақтар бұл тасты «қазан» деп атайды. Оның ішінде су ішу үшін бірнеше ағаш қасық жатты. Үңгірде қазақтардың жиі келетінін аңғартатын іздер бар, оған әбден тапталған жол апарады, көп жерде қой сүйектері жатыр, үңгірге кіре беріс алдындағы бұтақтар мен тастар арасында, бүкіл маңайда сиса, киіз және басқа да материалдардың қиқымдары кездеседі».

- Қазақтардың нанымы бойынша, Қоңыр әулие үңгірі киелі орын деп саналған. Аңыздарға сүйенсек, Қоңыр әулие дүниежүзілік су тасқыны кезінде үңгірдегі су көзін ашқан, ал үңгір пайғамбардың аруағы паналайтын орынға айналған, - дейді тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Батталов. - Аңызда Нұх пайғамбардың кемесіне қазақтың үш әулиесі – Құлан, Қыран және Қоңырдың үлгермегені туралы айтылады. Бірақ үш әулие мойынсұнбай, үш бөренені байлап, кеменің ізіне түседі. Бір уақытта бөренелердің байлауы үзіліп, дауыл тасқынының салдарынан әулие аталар бір-бірінен айрылып, үш жаққа жаққа жүзіп кетеді. Дауыл аяқталғанда Қоңыр әулиенің бөренесі ақ жотаға келіп тіреледі. Әулие осында қалып, құзды үңгірде тұрақтап қалады. Қазақтардың сеніміне сай, әулие қайтыс болған соң оның рухы сол үңгірде қалған.

Қоңыр әулиеге табынушылық ислам дініне дейінгі наным-сеніммен байланысты, және қазақтар арасында ислам дәстүрлері мен тәжірибесі таралған кезде де жалғасты. Бұл табынушылық исламға дейінгі анимистикалық сенімнің, аталар аруақтарын қастерлеу мен кеме туралы ислам аңыздардың элементтері араласқан далалық діни синкретизмнің жарқын үлгісі болып табылады. Бұл тұжырымды Николай Коншин айғақтайды: «Бұл салттардың сипаттамасы мұсылмандық емес ерте кезеңде қалыптасқанын байқатады. Татарлар үңгірлерге табынбайды, тек орыстармен қатар қызығушылық үшін ғана барады». Исламға дейінгі қазақтардың наным-сенімін зерттеуші Р.М.Мұстафинаның пікірі бойынша, «исламға дейінгі дәстүр мұралары ислам үстемдігі жағдайында осы діннің дәстүрлерімен араласып, исламдық сипатқа ие болды және жаңа ислами көзқарастың элементтері ретінде жиі қабылдана бастады».

Қазақтар үңгірдегі қазанның суы ерекше шипалы деп санайды. Бұл судың емдік қасиетіне сенім түркі тілдес халықтар арасында таралған «Жер-Су» анимистикалық сенімімен, су рухына сеніммен байланысты болуы мүмкін. «Отанның толық географиялық сипаттамасында» Әулиетас үңгіріндегі суға табынушылыққа мынадай түсініктеме берілген: «... батыс жақтағы қабырғада үлкен, ортасында шұңқыры бар тас жатыр. Мұнда үңгірдің қабырғасы мен төбесінен ылғи ағатын суық, мөлдір су жиналады, ол қазақтардың сеніміне орай мол емдік қасиетімен ерекшеленеді. Үңгірге келетін қазақтар осы суды ішеді, дененің ауыратын мүшелерін осы сумен жуады және мұсылманша дәрет алуы үшін қолданады». Үңгір суының қасиетіне сену құнарлылыққа табынумен тығыз байланысты. «Сипаттамада» атап өтілгендей, Әулиетаста «қазақтардың наным-сеніміне сай үңгірдің қасиетті суы бедеулікті емдейді, сондықтан үңгірде әйелдер көп болады».

Николай Коншин үңгірдегі салт-жораны: «Әулиетасқа сырқат, кедей қазақтар, баласыз әйелдер дұға етуге барады. Әдетте кешқұрым келіп, түнде үңгір ішінде немесе оның маңайына түнеп қалады. Байлар қой сойып, үңгірге кіре беріске қазан орнатып, ет салады. Етті міндетті түрде үңгірдегі қазаннан алған суда қайнатады. Дәрет алу үшін де осы суды қолданып, ішеді, денесінің ауыратын мүшелерін жуады. Қазақтардың сеніміне орай, су емдік қасиетке ие. Кейін маған баянауылдық қарт қазақ (Шағыбай Тасыбай) айтқандай, дұға етушілер шиді сойылған қойдың майына малынған мақта немесе шүберекке орап, шам жасайды; бұл шамдарды (шырақты) үңгір ішінде жағады... Үңгір жанында түнегенде ұйқы кезінде көрген түске байланысты тілектің орындалатынын немесе орындалмайтынын болжауға болады. Кедейлер құрбандық ретінде барлық жерге мата қиындыларын ілсе, мен жоғары атап өткендей, байлар қой сойып, үңгірдегі қазан ішіне ақша салады. Шағыбайдың айтуынша, кедейлерге бұл ақшаны алуға болады, бірақ алдымен үңгірдің әулие рухына «тақсыр, ашуланба, маған бұл ақшаны алуға рұқсат ет» деп айтуы тиіс» – деп сипаттайды.

Қазіргі таңда үңгір діни, киелі туризмнің танымал орны болып табылады. Кей адамдар түрлі үміт пен өтінішті арқалай келсе, енді бірі қызығушылықпен келеді. Егер адам ниеттеніп, тілегінің орындалуын қаласа, міндетті түрде іске асады деген наным бар. Ертіс өңірінің тұрғындары мен қонақтарының аталар дәстүрін сақтап, Қоңыр әулиені киелі орын деп қастерлеуі, салт-жоралғы жасап, дұға оқып, зиярат етіп баруы үңгірдің киелілігін көрсетеді.

Әзірлеген - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz