Біздің отбасымызда менің жан атам – Балғабай, асыл әжем – Манзура, сүйікті апам – Динара және мен бармыз. Атам мен әжем мені жақсы көреді. Маған бәрін асықпай түсіндіреді, ал әжем тентек болсам, кешіре береді. Әпкем Динара ылғи маған көмектеседі. Атам да, әжем де, Динара да – менің қамқоршыларым.

Саят БАХТИЯР, 1-сынып оқушысы, Қызылтаң ауылы, Качир ауданы.


Ұстазым

Мен Качир ауданы Қызылтаң орта мектебінде 1-сыныпта оқимын. Қарлығаш Қайроллақызы - біздің ұстазымыз. Қарлығаш апайды өте жақсы көремін. Ол маған әріптерді үйретті. Қазір оқимын, жаза аламын. Апай жауапты болуға, үлкендерді сыйлауға, жақсы оқуға үйретеді. Мұғалім менің анам сияқты, не ойлағанымды бірден біліп қояды. Сондықтан айтқанын тыңдаймын, сыйлаймын. Қарлығаш апай - жақсы адам.

Диас ӘБУ, 1-сынып оқушысы, Қызылтаң орта мектебі, Качир ауданы.


Ұлыларға - тағзым!

Баянауылдағы Ш.Айманов атындағы мектеп-интернатта біздің әйгілі жерлестеріміз – көмекей әулие Бұхар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына, ел басқарған аға сұлтан, полковник Мұса Шорманұлының 200 жылдығына, ақын, фольклоршы, тарихшы, этнограф, әулие бабамыз Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 160 жыл және ақын, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына 125 жыл толуына орай 8-9-сыныптар арасында «Дарқан даланың данышпандары» атты ашық тәрбие сағаты өтті. Сынып жетекшілері мен қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің ұйымдастыруымен оқушылар өнер-білімдерін көрсетті.

Тәрбие сағатында әйгілі бабалар жайлы әзірленген слайд көрсетілді, «Даналыққа бастар жол» атты бөлімде оқушылар ақын-жыраулардың шығармаларын жатқа айтты.

9-сынып оқушылары М.Ж.Көпейұлының «Мұса мырзаға арнаған жоқтау» өлеңін, Бұқар жыраудың Абылай ханға арнаған толғауын орындаса, 8-сынып оқушылары А.Насридин мен Д.Қуандық «Мұса Шорманұлы мен Құнанбай қажының кездесуі» атты сахналық көрініс қойды. Қаппас Фариза арнау өлеңін оқыды.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Таңат Ахатов «Ұлы тұлғалар жайлы не білеміз?» атты сұрақ-жауап сайысын өткізді.

Тәрбие сағатына арнайы шақырылған Баянауыл мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы Б.Адамбеков мазмұнды шараны ұйымдастырған ұстаздарға ризашылық білдірді.

Аяулым ТӨЛЕГЕН, 10-сынып оқушысы, Ш.Айманов атындағы мектеп-интернаты, Баянауыл ауданы

saryarka-samaly.kz