- Жеңіс құтты болсын, Азамат! Нағыз азаматтық көрсеткен екенсің. Айтыста қиын болды ма?

- Рақмет! Қиын болды. 28 ақын 14 жұп болып айтысқа шықтық. Қазақстанның әр облысынан келген балалар сайдың тасындай іріктелген, суырып салма айтысқа жетік, Жамбыл атаның айтыс-тарын, поэзиясын жақсы біледі екен. Ақын атаға арналған айтыс биыл 19-шы рет өтті. Таңат аға бұған дейін бұл айтысқа 5 рет шәкіртін қатыстырған, көбі жүлдегер атанған.

- Шәкірттері осындай үлкен жиындарда бәйге алып жүрсе, ақын ағаңның тегін болмағаны. Солай ма?

- Әрине. Мені де осы өнерге баулып жүр. Сондықтан ұстазым Таңат ағаға алғыс айтамын. Ал дайындыққа келер болсам, «Жамбыл - менің жай атым» атты жинақты интернеттен оқып шықтым. Қырғыздың әйгілі жырауы Қатағанмен, қазақ ақыны Айкүміспен айтысын қарадым.

- Дұрыс болған. Азамат, жалпы айтыс ақыны болған қиын ба?

- Жауапты. Барлық жаңалықты, кемшілікті біліп, таразылап отыруың керек, үнемі оқу, ізденіс, бір сөзбен айтқанда, қайраулы пышақтай, бәйгеге шабатын аттай болуға тиіссің.

- Солай ма? Рас, қиын екен онда. Жекпе-жекке қай жақтың ақынымен шықтың?

- Алматы қаласынан Диана деген қызбен, 11-сыныпта оқиды екен.

- Сен не дедің?

- Мен әрқашан өлеңмен биіктермін,

Әдепті қыз арманы ғой нағыз ердің.

Бір көргеннен өзіңе ғашық болдым,

Жүрегіңнің бір бөлігін қиып бергін.

Ұлы Абайдай оң қолымды ұсынайын,

Тоғжандай боп ыстық шай құйып бергін... - деп толғадым.

- Бәрекелді! Жақсы айтқан екенсің. Қыз бен жігіт айтысын жасаған екенсіңдер ғой.

- Иә, Диана жауабында мен мақ- тағанға елтіп, ерігіп кететін қыз емеспін дегендей жауап қатты. Айтыскерлігі жаман емес екен. Мен оған қағытпа ретінде:

Азамат қыз дегенде керіледі,

Азамат қыз дегенде желігеді.

Қасымда отырған бұл Диана қыз,

Неткен сұлу, әдемі керім еді.

Қазіргінің қыздары міне, осындай,

Шай құйып беруге де ерінеді, - деп аздап сынадым. Мен 64, ол 63 ұпай алды.

- Жақсы айтқан екенсің. Финалдық айтыста кіммен шықтың?

- Батыс жақтан келген Нұрбол деген баламен шықтым. 1-ші орынға таластық. Байқауымша, батыс жақтың айтыс өнері жақсы дамыған, бұл баланың да суырып салмалық өнері мықты болып шықты. Өзінің бойы кішірек екен. Соған ілгек іздедім.

Қарсыласым, қандайсың,

Маған шапқан жаудайсың.

Мына мені жеңем деп,

Бар дауыспен зарлайсың.

Бойыңызға қарасам,

Су көрмеген талдайсың!, - деп салдым. Бәрібір оның ұпай саны көптеу шықты. Өйткені, айтыс соңында ол мықты түйін жасады. Мен 130 ұпай жинаппын. 2-ші орынды қарағандылық бала әкетті. Бұл менің республикалық айтысқа алғаш рет қатысуым ғой. Таңат аға айтады, аяқ алысың жақсы, жасқанба, жасыма деп...

...Айтыста талап бойынша Жетісудың мақамын пайдаландық. Ал мен «Алдай-ау, Алдай, Алдай-ды, Уақыт та таяп қалдай-ды... Үри-ай, дәурен, Үри-ай, Қысқа да дәурен дүние-ай...» деп Есенқұл Жақыпбектің әнінің мақамына салдым.

- Тамаша! Бұған дейін қандай айтыстарға қатыстың?

- Екі рет облыстық оқушылар арасында өткен айтыста бас жүлдені жеңіп алдым. Негізі, айтыста қарсыласың мықтырақ болғаны жақсы екен. Өзіңді өзің қамшылап отырасың. Ақындық өнердің жауапкер-шілігін сезінесің. Бір елдің намысын қорғау оңай емес қой.

- Әрине, Азамат, дұрыс айтасың. Сен бұл айтыста Павлодар облысының намысын қорғадың ғой, бұл үлкен – жетістік, жеңіс! Қазылар алқасы қатал болды ма?

- Қатал болды. Айтақын Бұлғақовты білесіз ғой.

- Әрине.

- Міне, осы кісі төраға болды. Жалпы, айтысқа дайындалып жүріп, Жамбыл ақын жайлы көп оқыдым. Сіз білесіз бе, ақын атамыздың Сүйінбай ақыннан қалған Қызыл Жолбарысы болған.

- Солай ма?

- Иә, солай. Оны пірім дейді. Жамбыл ата Сүйінбай ақынның атын жетектеп, қызмет көрсеткен, ақындығына тәнті болған, содан Қызыл Жолбарыс Жамбылға қонған дейді. Кейін Жамбыл ақынға ұлдары: «Әке, Қызыл Жолбарыс біздің қайсымызға қонады?» дегенде ақын аз ойланып: «Сендердің қайсың маған қызмет көрсетіп едіңдер?! Қызыл Жолбарыс Тілендінің ұлы Нұрғисаға қонады» депті.

- Ойпырмай, ә. Неге олай депті?

- Өйткені болашақ күйші Жамбыл атаның атын ұстап, қызмет көрсеткен дейді. Жамбыл ақын балаларына: «Әне, Қызыл Жолбарыс Тілендінің ұлының қолын жалап тұр» депті.

- Ғажап екен. Сонда әкеге, өнерге құрмет көрсету керек дегені ғой бұл ақын атамыздың. Солай ма?! Азамат, болашақта кім болғың келеді? Қандай мамандықты таңдайсың?

- Мен математика, әдебиет, тарих пәндерін ұнатамын. Мектептен кейін Астанадағы «Шабыт» университетіне түссем деймін. Айтыс, ақындық өнерде болғым келеді. Бұл – менің арманым! Қазір өзім Жаяу Мұса атындағы өнер мектебінің баян сыныбында оқып жүрмін.

- Дұрыс болған екен, талабыңа нұр жаусын, Азамат! Есіміңе лайық нағыз Азамат бол! Сенімен әңгімелескен жақсы екен. Жамбыл бабаның Қызыл Жолбарысы туралы жақсы айттың. «Айналайын» сенің әр жетістігіңе, әр қуанышыңа ортақ деп білгейсің! Бұл жеңісің болашақтағы ұлы жеңістеріңнің бастамасы болсын!

* * *

Ақын бала Азамат Базарбайдың Алматы облысында өткен Жамбыл бабаға арналған айтысқа қатысуына облыстық мәслихаттың депутаты, баянауылдық кәсіпкер, «Баянауыл – туған жерім» атты қордың атқарушы директоры Орал Сартаев демеуші болды. Игілікті істің қолдаушысы болып, азаматтық танытқан Орал Сартаевтай ағаларың- ның қатары көбейе берсін дейік.

Азаматпен әңгімелескен – Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz