Мен, Жасұлан Бараисов, Сингапур елінен «Айналайын» қосымшасына сәлем жолдап, Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын.

2003 жылы мен Павлодар қаласын-дағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейдің 3-сыныбында оқитынмын, сол жылы ұлттық киім киіп, Наурыз-бата берген фотосуретім «Айналайында» жарияланды. Менің оқудағы жетістіктерім жайлы «Сарыарқа самалы», яғни балаларға арналған «Айналайын» қосымшасы үнемі жариялап тұрды. Сол үшін редакциядағы журналистерге, әрине «Айналайынға» ризашылық білдіремін.

Құрметті бауырлар, алыстағы атамекендегі іні-қарынастарым! Мен де сіздер секілді бала болдым, мектепте оқыдым, ойнадым, арманым үлкен еді. Біздің лицей-мектеп математика, физика пәндерін тереңдетіп оқытатын. Мен физиканы таңдадым. Көптеген сынақтарға қатыстым. Мектептен кейін әлемдегі ең маңдайалды білім ордаларының бірі – Сингапурдегі Наньянг технологиялық университетінің жалпы және қолданбалы физика факультетін бітірдім. Қазір осы елдің Сингапур Ұлттық университетінде физика саласында ғылыми-зерттеу жобаларын әзірлеп, әлемнің таңдаулы ғалымдарының алдында қорғап отырамын. Сингапурдегі Қазақ елшілігіндегі сайлау комиссиясының мүшесімін. Елшілікпен байланыс жасап тұрамыз. Қазақ жастары Наурыз мейрамында кездесіп, Наурыз көже, бауырсақтан дәм татып, қазақтың ән-күйлерін тыңдап, Қазақстандағы жаңалықтармен бөлісеміз.

Биыл Павлодар облысының құрылғанына 80 жыл толды. Облысы-мыздың тарихы тереңде, бұрын Семей облысының құрамында болған.

Ал газетте «Айналайын» қосымша-сының жарыққа шыққанына – 20 жыл толыпты. Осы 20 жылда қаншама бала «Айналайынды» оқыды десеңізші?! Әрине, мұның бәрі - үлкен тарих! Күнде елдегі түрлі жаңалықтарды жазып, жариялап отыратын газет – кәдімгі энциклопедия!

Мен Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің редакциясын, «Айналайын» қосымшасын және барлық оқырмандарды Ұлыстың ұлы мерекесімен құттықтаймын. Газет арқылы іні-қарындасым Дариға мен Алинұрға да тілек білдірсем деймін. Биылғы Ит жылы баршамызға жақсылық, ырыс-береке әкелсін! Қазақ елі – Атамекен аман болсын!

Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын,

Қайда барса жол болсын!

Ұлыс бақты болсын,

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін,

Бәле-жала жерге енсін!

Өздеріңізге деген құрметпен, Жасұлан Бараисов.

11 наурыз 2018 жыл. Сингапур.


Редакциядан:

Иә, Жасұлан кеше ғана кішкентай бала еді. Газетке шығып тұратын. Өйткені ол үздік оқыды, мектепті «Алтын белгіге» бітірді.

Жасұлан Бараисов – 7-сыныптан-ақ физика пәнінен (өзінен жоғары сыныпта оқитын балалармен бірге) облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадаларда топ жарып, 17 рет түрлі деңгейдегі медальдармен марапатталды. 2006 жылдан бастап мектеп бітіргенге дейін халықаралық деңгейдегі Бразилияның Сан-Пауло, Тайваньдағы Тайпей қаласында, Хорватияда, Израильдің Тель-Авив қаласында, сондай-ақ жыл сайын өтетін Жәутіков олимпиадаларында қола, күміс, бірнеше дүркін алтын медальді жеңіп алған. Физикадан республикалық құрама команданың сапында болып, Қазақстанның намысын сан мәрте қорғап, жеңіс туын биікке көтерді. Бараисовтың есімі Қазақстан Республикасының «Қазақстанның үміті», «Талантты балалар – Қазақстанның болашағы» атты екі ірі энциклопедияға енген.

Иә, 2003 жылғы Наурызға орай шыққан «Айналайын» қосымшасында шапан, басына бөрік киген бала Жасұлан бата берген болатын. Талапты баланың тілегі қабыл болып, міне, өзі де алыстағы елде білім алып, ғылым жолына түсіпті. Арада өткен 18 жылда кішкентай Жасұлан ержетіп, ат жалын тартып мінген азаматқа айналыпты, ең күрделі пән – физика ғылымының әлеміне еніпті. Бізді ұмытпай, хат жолдап, тілегін жолдапты. Жарайсың, Жасұлан, денсаулық мықты болып, ғылымның биік шыңдарын бағындыр, қазақ елін әлемге әйгілер нағыз азамат бол демекпіз.

«Айналайын».

saryarka-samaly.kz