Сәрсенбі күні «Достық үйінде» Зара Қабдешқызының өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін «Ұлтын ұлықтаған асыл ана» атты кітабының тұсаукесері өтті. кітап авторы - ардагер журналист Ғалия Балтабай. Бұл шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек пен облыс әкімінің экономика мәселелері жөніндегі орынбасары Әлия Арынова, марқұмның балалары, туыс-туғандары және әріптестері қатысты.

- Зара Қабдешқызымен таныс-біліс болмасам да, ардақты ананың атқарған еңбектерін, ұлтына деген сүйіспеншілігі жайынан көп оқыдым. Ол кісі туралы білген сайын қазақ аналарына ғана тән асыл қасиетті көрдім. Мұндай анасы бар ел қашанда бақытты. «Әйел бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесікті тербетеді» деген жақсы сөз тура Зара апамызға арналған тәрізді, - деді Ұлан Жазылбек.

328 беттен тұратын қалың кітапты жазып, оқырманға ұсыну өңірімізге танымал журналист, ҚР мәдениет қайраткері Ғалия Балтабайдың еншісіне бұйырыпты. Автор оны небары 2,5 айдың ішінде жазған екен.

- Зара Қабдешқызы біздің облысымызға ғана емес, респуб-лика көлеміне танымал қоғам қайраткері. Оның қайраткерлігін айтпағанда, ана ретінде жеке бір тұлға еді. Үнемі жастардың тәлім-тәрбиесіне алаңдап, кейінгі жас толқын үшін жанын сала еңбек етуден жалықпайтын. Апамыз өмірден озғаннан кейін, былтыр Мұсылман әйелдер лигасының 25 жылдық мерейтойында барша аналардың алдында келесі жазылатын кітабым Зара Қабдешқызы жайында болады деп уәде еткен едім. Міне, бүгін сол берілген сөздің нәтижесін көріп отырсыздар. Кітаптың жарыққа шығуына тікелей балалары атсалысты. Алғашқы 100 данамен жарық көрген жинақ алдағы уақытта да шығарылады, - деді кітап авторы.

Тұсаукесерге жиналған зиялы қауым өкілдері Зара Қожахметова туралы естеліктерімен бөлісті. Ал «Достық үйінің» фойесінде оның өмірінен сыр шертетін фото суреттері мен кітаптарынан көрме ұйымдастырылды.

Мұрат ҚАЙДАРОВ, З.Қожахметованың ұлы:

- Бүгінгі шара біз үшін маңызды. Анамыздың көзін көрген, қызметтес болған жандарды көріп, ерекше толқып тұрмын. Анамыз туралы жылы лебіздер мен ерекше естеліктердің куәсі болуымыздың өзі бақыт екен. Отбасымыздың атынан кітап авторы Ғалия Құсайынқызына, бүгінгі кешті ұйымдастырған барша азаматтарға зор алғысымды білдіремін.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz