Павлодар қаласында 20 бау-бақша шаруашылығы тұтынушылар коопе-ративі жұмыс істейді. Оларға қала аумағындағы 2 300 гектар жер тиесілі. Мұндай аумақта тәртіп сақтау шараларын жүргізу оңайға түспесі анық. Сондықтан ұрлықтың алдын алу мақсатында жергілікті полиция қызметі мен жекеменшік күзет фирмалары бірлесіп жұмыс істемек. Саяжайлардың аумағын күзету шаралары қазірдің өзінде басталған. Алдағы айлардан аталмыш аумақтардағы қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, ұрлықтың алдын алу мақсатында атты полиция қызметкерлері жұмылдырылмақ. Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетовтің аталған кооператив төрағаларымен өткізген жиынында айтылды.

Саяжайлардан қолды болатын заттардың көбі темір қоршаулар, еңбек құралдары және металлдан жасалған ыдыс екені белгілі. Сондықтан, облыс орталығындағы жергілікті полиция қызметінің басшысы Арман Қаптаевтың айтуынша, бүгінде қаладағы 34 металл қабылдау пункті тексерілген. Нәтижесінде, темір-терсек қабылдайтын 4 орын заңсыз жұмыс істеп келгені анықталған. Оларға заң аясында тиісті шара қолданылды. Бірақ, құқық қорғаушы жабылған металл қабылдау пунктерінің орнына жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көптеп жаңалары ашылып жатқанын айтады.

Бау-бақша шаруашылықтары қоғамдық қауіпсіздік, ұрлықтың алдын алу мәселесін мейлінше өз күшімен шешуге тырысуы қажет. Себебі, олар жергілікті билік тарапынан онсыз да қолдаудан кенде қалып жатқан жоқ. Бүгінде саяжай аумақтарында жолдар жөндеуден өткізіліп, электр, су желілері жаңартылуда. Аялдамалар орнатылуда. Шағын мысал, биыл «Нефтяник» бау-бақша шаруашылығына жаңадан электр желілерін тартуға қалалық бюджеттен 9 млн. теңге бөлінген. Ал «Ертіс» саяжай шаруашылығына су жүйесі тартылмақ.

Қала билігі бау-бақша шаруашылықтарына жекеменшік күзет фирмаларымен келісім жасауға кеңес беруде. Себебі құқық қорғаушылардың барлық аумақты күзетуге қауқары жетпейді. Бүгінде мұндай мысалдар бар. «Нефтяник» бау-бақша шаруашылығы қаладағы күзет мекемелерінің бірімен келіссөз жүргізуде. Олар саяжай маусымында ғана емес, жыл бойы тәртіп орнатамыз деп бекініп отырған көрінеді. Қызметтері де қолжетімді. Бір саяжай учаскесінен айына бар болғаны 900 теңге көлемінде қаражат төлеу талап етіледі. Алайда, соған қарамастан, күзет мекемелерінің өкілдері өз қызметтерінің ақысын бау-бақша өсіріп отырған тұрғындардан жинай алмай дал болатындарын айтуда. Павлодарлықтар өз саяжайларының ұры-қарыдан аман болғанын қалайды, бірақ қызмет өтемін төлеуге келгенде тартыншақтап қалатын көрінеді. Н.Әшімбетов саяжай иелерімен түсіндіру жұмыстарының нашар жүргізілетінін атап өтті.

- Бүгінде бау-бақша шаруашылығының дамуына кедергі келтіріп отырған басты мәселенің бірі – ұрлық. Сондықтан бүгінде бұл олқылықтың орнын қалайда толтыруымыз қажет. Аталған мақсатқа жергілікті полиция қызметінің мамандарын көптеп жұмылдырамыз. Дей тұрғанмен, олар тәулігіне 24 сағат бойы саяжайларды аралап жүре алмайды. Сондықтан күзет қызметінің көмегіне жүгінген абзал. Әзірге бір бау-бақша шаруашылығында осы жүйені пилоттық тұрғыдан енгізіп көруді ұсынамын, - деді Нұржан Кемерұлы.

Сондай-ақ, жиын барысында бау-бақша шаруашылықтарындағы бос және қараусыз қалған жер учаскелерін игеру мәселесі сөз болды. Шаһар басшысы Н.Әшімбетов саяжай учаскелерін үлестіру жұмысы ашық жүргізілмейтінін жеткізді.

- Біз арнайы тәжірибе жасап көрдік. Әкімдік аппаратынан 30 мемлекеттік қызметші саяжай учаскесін алуға өтініш беріп көрді. Бірақ сол 30-дың бірде-біреуі жер учаскесін ала алмады. Егер мұндай мүмкіндікке осы ортада жүрген әкімдік мамандары қолы жеткізе алмаса, онда қарапайым халық туралы не айтуға болады? Бүгінде жергілікті жер комиссиясына аптасына саяжай сатып алуға ниеттілерден небары 2 өтініштен түседі екен. Бұл – өте аз. Бір ғана «Энтузиаст» бау-бақша шаруашылығында бос жатқан 300 саяжай бар, - дейді қала әкімі.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz