Кездесудің басында ертістіктер ойын ережесін бұзып, төреші 11 метрлік айып добын белгілеген. Соққыны сәтті орындаған Асланбек Кәкімов «Ақтөбені» алға шығарды. Араға он минут салып Илья Калинин қарсыластар қақпасынан саңылау тауып, есепті теңестірді. Ойынның 35-минутында «Ақтөбеліктер» ойын ережесін бұзды. Алаңдағы төрешінің назарынан ондай қателік мүлт кеткен бе? «Ертістің» еншісіне екінші айып добын соғуға мүмкіндік берді. Команда шабуылшысы Фуад Салами тепкен доп қарсыластардың қақпасында тулады. Осылайша жерлестеріміз алға шықты.

- «Ертіс» екінші ойынын да жеңіспен аяқтады. Екі турда төрт гол соқтық. Енді үшінші турға тыңғылықты дайындықты бастаймыз. Ойында бар мүмкіндігімізді көрсете алмадық. «Ертіс» «Мадрид» немесе «Барселона» емес. Команда ел чемпионатында жеңімпаз атанбағанына да біраз уақыт өткен екен. Дегенмен, біз жұмыс жасап, ойын сапасын жақсартуға тырысамыз, - деді «Ертіс» футбол командасының бас бапкері Жерард Нус.

Айта кететін бір жайт, бұл жолы «Ақтөбе» футбол командасының сапында жастар ойнады. «Ертіс» аяқдопшылары келесі кездесуін 31 наурыз күні сырт алаңда Оралдың «Ақжайығына» қарсы өткізеді.

Әзірлеген - А.ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz