Жыл басының құрметіне әрбір ұжым ауыл-ауылға бөлініп, қазақтың ежелгі тұрмысындағы салт-дәстүрді, Жаңа күнде жасалатын жөн-жоралғыларды көрсетіп, өзара сынға түсті. Арнайы қазылар алқасы әр шаңыраққа бас сұғып, дәмнен ауыз тиіп, ұжымдар дайындаған концерттік бағдарламаларын тамашалады.

Сайыстың қорытындысы бойынша өзгелерден оқ бойы озық өнер көрсеткен облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің «Наурызкөк» ауылы жеңімпаз атанды! Жүлделі екінші орынға «Халық радиосының» өнерпаздары лайықты деп танылды. Үшінші орынды жергілікті «Найзатас» әдеби-көркем қоғамдық-саяси журналы, облыстық «Регион.kz» газеті, Pavlodarnews.kz ақпараттық агенттігі ұжымдарынан құрылған «Жерұйық» ауылы қанжығасына байлады.

Бұл күні ұлттық спортты дамыту мақсатында ерлер арасында «Асық атудан», әйелдер арасында «Бес асықтан» сайыс ұйымдастырылды.

Асық атудан «Ертіс Медиа» әкімдігінің ойыншысы Аманжол Рахатов топ жарды. Екінші орынды облыстық «Сарыарқа самалы» басылымының намысын қорғаған Мұрат Аяғанов, тағы бір әріптесіміз Данияр Жұмаділов үшінші орынды жеңіп алды.

«Бес асық» қаққан әйелдер арасындағы жарыс та тартысты өтті. Бұл сында облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің сайыпқыраны Гүлжайна Түгелбай қарсылас шыдатпады. Екінші орынға «Ертіс Медиа» әкімдігінің атынан сынға түскен Динара Құсманова лайықты деп танылды. Үздік үштікті біздің басылымның тілшісі Мереке Амантай түйіндеді. Жеңімпаздар арнайы медальдармен және Алғыс хаттармен марапатталды.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz