Ит культі аңшылық дәуірінде шарықтау шегіне жетіп дәріптеліп, түркі-моңғол халықтарының арасына ителгі, италақаз, құмай тазы туралы мифтер кеңінен таралған. Құмай ит туралы аңызды кезінде Ә.Диваев: «Қазалы, Перовск, Шымкент уездерінің қазақтарынан өзінің лақап аты бойынша бірегей құс - итала қаз жөнінде біздің әлденеше рет естуімізге тура келді. Итала қаз жұмыртқасын елсіз және биік төбелердегі ескі, айдаладағы мазарларға салады, ол үшін сол жерден әр түрлі аң және басқалар тастап кеткен інді пайдаланады. Жұмыртқадан «құмай» деген лақап атқа ие болатын тазы ит шығады. Олар титімдей болып жарық дүниеге келеді, төстері қара ала болады, керемет шапшаңдығымен, батылдық және ептілігімен ерекшеленеді. Құмай қуған аңшылықта одан бірде-бір құрбаны қашып құтыла алмайды, -деп жазады. Осыған ұқсас аңызды Сәкен Сейфуллин де: «Сары ала қаздың жұмыртқасынан кейде күшік туады екен. Сол құмай болады. Оны тәңір берейін деген адамға кез қылады...» деп жазыпты. Бұл аңыздардан ит пен қаздың бір тұқымнан тарайтындығы көрінеді.

Құмай тазының тұқымы қазақ даласына Сақ заманында келген деп шамалауға болады. Бұл шамамен 2000-2500 жылдар бұрын болса керек. Кейбір тасқа қашалған петроглифтердегі тазыға ұқсас аңшы иттерінің бейнесіне қарап, бұдан да ертерек замандарда да болған ба деп болжам жасауға да болады. Дегенмен тақыр тазылар осыдан бес-алты мың жыл бұрын перғауындар заманында өмір сүрген.

Айтақ!

Айтақ! Айтақ! - ит қосқанда қазақ айтатын көне сөз, итті айтақтау. Рас, кей жерлерде сөйлесіп тұрған адамның әңгімесі ұнамаса, кекесінмен: «Айтақ, сен де айтады екенсің...» дейді ауызекі тілде. Итті айтақтағанда, оларды таластырғанда қыздырып, өшіктіру үшін иесі тарапынан айтылатын сөз. Мұндайда иттің атын атаса, оның күші қайтып, мысы басылып, жеңіліске ұшырайды деген сеніммен итінің атын атамауға тырысып, айтақтаған.

Қазақ тазысының түп атасы арабтың салюкиі, ол қазақ даласына ислам дінін таратқан араб жауынгерлерімен бірге келді,- дейді зерттеушілер. Салюки Орталық Азия мен Кавказға, Таяу Шығыс пен Иран арқылы таралған. Қазіргі салюки тұқымдары қазақ тазысына өте жақын тек, тұрқы сәл ұзын, бойы сәл сұңғақ, бірақ пошымы мен сымбаты ұқсас. Төрт мың жылдай тарихы бар ол иттердің атауы құм астында қалған Арабтың Салюк қаласының атымен байланысты туған. Дегенмен ол тұста шумерлерге, ассириялықтарға да таралып үлгергенге ұқсайды.

VII-VIII ғасырларда қазақ жеріне дін тарата келген арабтармен келген тазы тұқымынан аңшы иттер тарихы басталады. Тазыларды далалық және таулық деп бөлген: далалығы бойы сұңғақ, жазықта алғыр болса, таулық тазы бітімі кішкене, қия жартастарда жақсы жүгірген. Қазақ тазысына өте жақын туыс болып есептелетін ауған тазысының да тақыр жүндісі жазық аумақта, ал үлпілдек жүндісі суықтау солтүстік аймақта таралған. Ал қазақ тазысы орыстың аңшы тазысының пайда болуына септігін тигізген.

Қазақтар тазыны жарғақ құлақ тазы және шашақ құлақ тазы деп екіге бөледі. Жарғақ құлақ тазының құлағында ешқандай жүн болмайды, ал шашақ құлақ тазының құлағының жүні үзын, шашақ тәрізді болады. Ал бұған қоса «дүрек» (дүрегей тазы) деп аталатын тазы мен қазақы иттердің будандасуынан шыққан терісі қалың, суыққа шыдамды, денесі кесек, қасқырды алатын батыл тұқымы да кездеседі. (Дүрек немесе дүрегей тазы қасқырдың аяқ тарамысын қиып жібереді.)

Қазақтар тазыны құмай, қайың қаптал, ауған, орыс, түрікмен тазы деп бөлген.

Негізі, жүйрік тазы – жеті қазынаға жатады. Иттің бұл түрі ежелден қазақтың тамағын асырауға да қолғабыс қылып, аң алуға бірге шығып, адамның ажырамас серігі болған. Әлемде иттің 700-ден астам түрі бар екен. Иттер 250 сөз бен қимылды есінде сақтай алады. Тіпті беске дейін санап, қосу-алу секілді қарапайым есепті шеше алады дейді зерттеушілер. Адамға қарағанда иттер дауысты 10 есе жақсы естиді, ал иісті 100 000 есе жақсы сезеді. Тіпті өткен өмірінде сезінген иістер де есінде қалады.

Адамның басына қонған құт пен шаңыраққа келген ырыс көбіне ит болып келеді: сол үйге құтпан ит немесе алғыр тазы бітеді де ол адамның барлық тілеуін жүзеге асырып, мұратына жеткізеді дейді қазақ сенімінде.

Тазы иттерді той, ас, үлкен басқосуларға жүйрік ат, алғыр қыранымен бірге алып барады. Мұндайда әлбетте тазының қарғыбауын жаңалап алмастырады. Онымен бірге ит «сыбағасына» қарық болатыны белгілі. Әйгілі тазы күшігіне ақ отаудың сол жағынан мамық төсектен орын бергені жайында әңгімелер кездеседі. Оған тіптен құлынды бие беріп алады. Оны барынша мәпелеп өсіріп, арасында кәнігі тазымен аңға қосып «ауыздандырып» баулып бір сонарда өзгелермен жарысып аңға қосады. Алғаш аң алған кезінде «тырнақ алды» деп аталатын той жасайды.

Мұндай да болған

Тазы мәселесін алғашқылардың бірі болып зерттеген А.Слудский дерегі бойын- ша қазақтар Қараталда тазыны қалыңдыққа берілетін құнға, яғни 47 байталға сатып алатын болған. Жақсы тазының құны аттың құнынан да кем түспеген. Таза қанды тазылар Бөкей Ордасында да өсірілген және құны өте қымбат сол кездегі ақшамен 50 сомға тең келген. Кейінде ел кедейленген кезде аң алатын иттің қарапайым күшігін бір құлынды биеге сатып алған жайлар кездескен.

***

Атақты жүйрік аттармен қоса тазы иттер де ру мен ел арасындағы мәмілеге, бітімгершілікке себеп болған. Кенесары хан қырғыздармен алғашқы ұрыстардың бірінде Ақыртөбе деген жерде Бүрге батырдың Қалша деген ұлы бастаған 700 жігітін жеңіліске ұшыратып, Қалшаны тұтқынға алады. Қырғыздың Солты, Сарбағыш, Құсшы рулары кеңесіп, Қалығұл батырды басшы қылып елші жібереді. Кенесары әрі-бері ойланып: «Мақұл, мен Қалшаларыңды босатып берейін, сендер Солты Есқожаның баласы Баястанның Көкдауыл деген тазысын беріңдер», - дейді. Сол уақытта Көкдауыл тоғыз қасқыр алып, қазақ-қырғызға аты шыққан ит екен.

Тазыны көріп Кенесары сүйінгеннен хан тәжін Қалшаға кигізіп жіберген деген қырғызда әңгіме бар.

***

Арыс маңында Байғабыл бай (1870-1953 жж.) конфискацияға ұшырап, қолында Ұшар, Алғыр атты қос тазысы мен 7-8 қақпаны қалғанда ашаршылық жылдарында (1929-1931 жж.) солармен аң аулап, елді асыраған. Бұл туралы бір ауылды ашаршылықтан құтқарған тазыны халық: «Құмай тазы, Ұшар-ай, Киік көрсе ұшар-ай», - деп ілтипатпен еске алып отырады.

saryarka-samaly.kz