Ит жылы туған жандар әділ, жұмыскер, біреуге мін таққыш, орта қаражатты боп келеді. Мәшһүр Жүсіп «Табиғат ғибраты» деген шығармасында: «Біреуді біреу «ит» десе, ашуланады. Өзі ит дәрежесіне жеткен жоқ. Ит риязытқа, яғни аштыққа, ыстыққа, суыққа шыдамды болады. Және де иесіне опа қылады: ас қойса да, қоймаса да, күтпесе де, басқа біреудің есігіне телміріп бармайды. Қанша ұрып-соқса да, иесіне кінә сақтамайды. Түн болса, дамыл алмай үріп, иесінің малына күзетші болады. Қараңғыдағы дыбысты ит аттан бұрын естиді. Түн болса, ит сауысқандай сақ болады. Не үшін - иесіне күзетші болғаны үшін. Жақсы кісіге, киімі әдемі кісіге үрмейді. Күйі жаманға, жаман кісіге үреді. Естілікте жаман-жұман кісіден есті болады. Қазақ мақалында бар: «Киімі жаманды ит қабады, пейілі жаманды Тәңірі табады» деген сөз. Иесіне болған дұшпанға қару да қылады» деп, иттің адалдығы мен төзімділігін сипаттайды.

Итке қатысты ырымдар да екі жақты қарастырылған. Мәселен, бала ауырса иттің қанымен не басымен емдеу ертеден келе жатқан ырым. Дегенмен де иттің асқа, оның ішінде ақ тағамдарға ауыз тигізгенін қазақ жаман ырымға жорыған. Ит үйшігінде жатып, ақырын үзіп-үзіп үрсе, жолаушы келе жатқанның белгісі немесе ұлыса жамандықтың нышаны болып есептеледі. Жақсы ит өлексесін көрсетпейді, жаман ит үй құстарына шабады. Қалай дегенмен де қазақта:

Кедектеп басқан келіннен
Кескектеген ит артық.
Ауыл кезген қызыңнан
Есіктен кезбес ит артық, немесе «Иттің иесі болса, Бөрінің тәңірісі бар» деген дана сөздер баршылық.

Мәшһүр Жүсіп өз шығарма-ларында иттің бейнесін жақсы-лыққа балайды. Мәселен, «Адам мүшелері» деген туындысында «... ит өз құйрығын өзі алып жүрмесе, оны кім алып жүреді. Оның мәнісі – адам өз көңілін өзі көтеріп жүруі керек» деп жазады. Ақиқаты да осы. Біз өзіміз көңілді жүрсек, отбасы мен қоғам құндылықтарының мәнісін түсінеміз. Ал енді ашуланшақ болсақ, бәріне мезі боламыз. Дертке шалдыққан адам да жазылам деп өмірге құштар болса, тұрып кетеді. Ал өлдім, біттім, кімге керекпін деп қиялданған жанның расында да дегені болады. Сөз соңында Мәшһүр Жүсіп шығармаларында ит төңірегінде кездесетін деректі назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім:

«Бәсентиін шежіресі» ...Бұл Өмір би «Қара қылды қақ жарған» әділ би болып атағы шығыпты. Мұның бір қара төбеті болыпты, төрінде жатады екен. Төрт аяқты, қайқы құйрықты болғаны болмаса, ит деп айтуға жанның аузы бармаса керек. Өмір би:

- Құтым, құтым! - дейді екен. Сонан «Құтым» атанып кетсе керек. Бір күні өзі тең, сөзі тең бір бастас биі қонып отырып сұрады дейді:

- Мұны мұнша ардақтап ұстағаныңыз қалай? - деп.

Сонда Өмір би айтыпты:

- Бұл - ит емес, ырыс, «Жеті қазынаның бірі», - деп айтылған- анық осы. Бұл жазғытұрым мал жас төлін төгіп жатқан кезде жас қозыны, жас лақты (ұлақты), жас бұзауды, жас құлынды, жас ботаны алып келеді. Алып келгені мал болып, өсіп-өніп малға қосылады. Өзімді байытты. Жалғыз-ақ бір басты, екі аяқты адам баласын ап келген жоқ! - депті. Осы сөзді айтқаннан кейін қара төбет те жоғалып кетіпті. Бір жұмадай жоқ болып кетіп, бір күні құндаққа оралған бір жас баланы алып келіп, еркелеп тұр дейді. Өмір би:

- Бұл құтым алып келген Құтымбайым! - деп, ат қойған.

«Сол Құтымбай өсіп-өніп, Қаржауды көбейтіп, берекелендірген», - деседі.

Әсет ПАЗЫЛОВ, Мәшһүр Жүсіп мұражайының қызметкері, Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz