Бекболат ТІЛЕУХАН, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, нұрдың молығатын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңитін кезеңі – әз-Наурыз елімізге бақ-берекесімен келсін! Ұлыстың ұлы күнінде туған-туысты аралайтын болған соң ол міндетті түрде мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Өз ұлтыңның салт-дәстүріне құрметпен қарауға жетелейді. Ал қоғамдық сананы арттыру үшін әрбір адамның белсенділігі керек. Өйткені Наурыз - баршаны ауызбіршілікке, татулыққа үндейтін мейрам. Ұлыстың ұлы күні, халықтық мереке. Наурыз - қайырымдылық пен имандылықтың, бірлік пен достықтың мерекесі. Оған менің не қатысым бар деген теріс ойдан арылу қажет. Әр азамат Наурыз келгенде наурыздық сипаттағы киімдерін киіп, отбасында наурыз көжесін жасап, туыс-туған мен көрші-қолаңды шақырып, бір-біріне береке-бірлік тілейді. Өз белсенділігімізді көрсетсек, бізбен өзге жұрт та санасатын болады. Ұлтымыздың ұлық мерекесінде баршаңызға жақсылық, ырыс пен молшылық тілеймін. Алла шапағаты әр шаңыраққа бақ-береке, өзара түсіністік пен болашаққа деген сенімділік сыйласын! Тілектеріңіз орындала берсін! Наурыз құтты болсын!


Бибігүл КЕЛДІБЕКОВА, Инновациялық Еуразия университетінің аға оқытушысы:

- Наурыз – жер бетінің құлпырып, айналаның түрленетін шағы. Сондықтан, бұл шақты еңбекке құлшына араласып, ауыл шаруашылығы саласында аянбай тер төгетін кезбен байланыс-тырамын. Жалпы, тек білім алушылар ғана емес, барлық тұрғын аулалар мен көшелерді тазалап, ағаш егіп, егіншілік жұмыстарын бастайды. Сол себепті, Ұлыстың ұлы күнін тазалықтың белгісі десек, дұрыс болар. Жаңа жылды Аяз атамен, ал шығыс күнтізбесі бойынша келетін Жыл басын Қызыр атамен байланыс-тырамыз. Бірақ Қызыр атаның жастар арасында дәріптелуі кемшін қалып жатқандай. Әсіресе, балалар Аяз атаны тағатсыздана

күтіп, сыйлықтар дәметсе, Қызыр атаға деген онша-мұнша ықылас жоқ. Бұл көңілге қаяу түсіретіні жасырын емес. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін Қызыр атаны кеңінен насихаттағанымыз абзал.


Болатжан СМАҒҰЛОВ, кәсіпкер, асаба:

- Төл мерекеміздің ұлтымыз үшін мәні зор. Бұл бірліктің, татулықтың, бауырмалдылық пен қайырымдылықтың басты нышаны іспеттес. Өйткені дәл осы күні ренжіскен ағайын төс қағыстырып, көпшілік үй-үйді аралап, «Құтты болсын!» айтып, мәз-мейрам болады. Ұлттық құндылықтарымыздың дәріптеліп, барлық салт-жоралғылардың кеңінен насихатталатын кезі де - Наурыз мейрамы. Бұл тұрғыдан алғанда, Жыл басы - өскелең ұрпақты тәрбиелеудің басты құралы десем, қателеспеспін. Отансүйгіштік сезімі артып, ата-бабаларымыздан мирас болып қалған ғұрыптарымыз дәріптеледі. Негізі, Ұлыстың ұлы күні – қазақстандықтардың ғана емес, жер бетіндегі барша қазақтың мейрамы. Ұлтымыздың мақтанышы! Себебі, бір кездері шеттетілген ұлық мейрамның қайта жаңғырып, ортамызға оралуы – абырой. Мұның барлығы халқымыздың құндылыққа бай екенін айғақтайды. Бір сөзбен айтқанда, қазақтықтың иісі шығатын ұлық мейрам. Төл мәдениетіміз осылайша дәріптелетін күндер көп болса игі.

«Алаңды» үйлестірген – Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz