Ақын 1958 жылы 16 наурызда Ақмола облысы, Ерейментау ауданына қарасты Әжі ауылында дүниеге келген. Орта мектептен кейін Целиноград кооперативтік техникумын бітіріп, біраз жыл сауда саласында қызмет істеген. 1987 жылдан бастап Ерейментау аудандық мәдениет бөлімінде, 1997 жылдан Үмбетей жырау атындағы мәдениет үйінде жас ақындар мектебінің жетекшісі болды. Сондай-ақ, аудандық «Ереймен», «Ерейментау» газеттерінде әдеби қызметкер, редактор, «Ереймен елі», «Инфо-Рейтинг» газеттерінің редакторы және Ақмола облысы «Арқа ажары» және республикалық «Жас Алаш» газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі қызметтерін атқарды.

Ақынның алғашқы өлеңдері мерзімді басылымдарда 1986 жылы жарыққа шықты. Содан кейін «Дат» (2001), «Рух» атты өлеңдер жинағы (2007) және «Ерейментау» тарихи-танымдық кітабы (2007) жарық көрді. Сонымен қатар, 2005 жылы Мәскеудің «Эксмо» баспасынан орыс тіліндегі «Мысли, афоризмы и шутки знаменитых мужчин» атты кітабы басылып шықты.

Сайлау ағаның бастамасымен 2017 жылдың тамыз айынан бері «Ақбеттау» тарихи–танымдық, әдеби–көркем журналы жарық көре бастады. Басылымның тұсаукесері С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өтіп, жергілікті қаламгерлерден жоғары баға алған болатын.

Қаламгер бүгінде ұлттық мүдде төңірегінде көп қалам тербеп жүр. «Ақбеттау» тарихи-танымдық, әдеби-көркем журналының бетінде жергілікті ақын-жыраулардың әдеби туындылары, ғалымдардың өзекті мақалалары көптеп жариялануда.

Ақынның биылғы 60 жас мерейтойына орай наурыз айының 28-інде С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Жазушы, ақын Сайлау Байбосын» атты кездесу кеші ұйымдастырылады. Кешке өңірімізге белгілі Арман Қани, Ақын Алақанұлы, Ғалымбек Жұматов, Шолпан Байғалы, Сүлеймен Баязитов, Юрий Поминов сынды ақын-жазушылар қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар, «Өркен» жас ақындар клубының мүшелері және кітапхананың тұрақты оқырмандары келеді.

С.ЖАНҒАЗИНОВА, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың ақпараттық-библиографиялық бөлім қызметкері.

saryarka-samaly.kz