«Театр киім ілгіштен басталады» деген тәмсіл бар. Әрине, бұл пікірде көрермен мәдениеті туралы астарлы ой жатқаны аян. Мәдени-рухани құндылық, эстетикалық тәрбиені де осы театр сахнасынан ұғынасыз. Сондықтан да болар, театр өнері саф өнерге баланады.

Облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы-драма театрының да тарихы тереңде, тағдыры тарам-тарам. Мәселен, Павлодар өңіріндегі тұңғыш қазақ театры 1938 жылы 17 қаңтарда Комсомол атындағы Бесқарағай колхоз-совхоз театры негізінде құрылғанын біреу білсе, біреу білмес. Театр ұжымының шымылдығын ашқан Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» қойылымы болса, кейіннен репертуары «Еңлік-Кебек», «Қыз-Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесаларымен толыға түскен.

Өкінішке қарай, қазақ театры соғыс жылдарында аймаққа эвакуациямен келген Харьков театрына өз орнын босатып беріп, өзі гастрольдік сапармен ауылдық жерлерде жүруге мәжбүр болған. Кейіннен «қазақ театрының көрермені - ауылда» деген желеумен облыстық қазақ драма театрын ауданаралық совхоз-колхоз театры дәрежесіне түсіріп, Лебяжі ауданының орталығына қоныс аудартады. Осылайша 20 жылдан астам тарихы бар Павлодар облыстық драма театрына ашықтан-ашық қиянат жасалып, өнер ошағы ақырында жұмысын тоқтатқан. Кейіннен 1990 жылы 7 желтоқсан күні жаңадан құрылып, көрерменімен қайта қауышқан өнер ордасына 1992 жылы 21 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Жүсіпбек Аймауытовтың есімі берілді.

Содан бері, үздіксіз ізденіс пен тәжірибелі әртістердің арқасында үлкен талғаммен таңдалған қойылымдар талай көрерменнің жүрегіне жол таба білді. Аз уақыт ішінде еліміздің түкпір-түкпірін аралап, тіпті, шет мемлекеттердің де үлкен сахналарын бағындырып үлгерді. Мәселен, Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы қалаларында өнер көрсетіп, Түркияның Стамбул, Конья қалаларында, Мысырдың Каир қаласында өткен халықаралық фестивальдерде лауреат атанды. Өнер ұжымының жеңісті жолы өткен жылдың соңында да жалғасын тапты. Атырау қаласында көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың 60 жасқа толуына орай ұйымдастырылған халықаралық театр фестивалінде бас жүлдені еншілеп келді. Бүгінде қазақ театры ұсынған «Абылай. Сабалақ. Әбілмансұр», «Адасқандар», «Ғасыр қасіреті», «Қызыл алма», «Қара шекпен» т.б. спектакльдері көрерменнің жоғары бағасына ие болып қана қоймай, өзге өңірлерде де жиі сұранысқа ие болған.

Осы орайда атап өтетін бір жайт, аталмыш ұжымның шалғайдағы ауыл тұрғындарын да назардан тыс қалдырмай жиі елге барып тұратыны. Үнемі көрермен көңілінен шығуға тырысып, қоғамдық мәселелерді қойылымдарына арқау еткен ұжымнан классикалық тың туындыны асыға күтетініміз жасырын емес. Ж.Аймауытовтың есімін арқалаған киелі құт мекенде классикалық спектакльдің премьерасы болар күн де алыс емес...

Төл мерекелеріңіз құтты болсын!

Түйін:
«Адам бүгін театрға ертең адам болып қалу үшін барады», - дейді атақты режиссер Робер Лепаж. Театр – нағыз тәлім-тәрбие мен тағылымның ортасы. Киелі өнердің ордасына бас сұққан кез келген адам мәдениетті де үйренеді. Сахнаға көз тіккен жан өмірді көреді. Жақсы мен жаман арпалысып жатқан заманның ащы шындығын біліп, ақ пен қараның ара жігін ажырата алады. Нағыз мәдениет те, нағыз өнер де - театрда.

Асанәлі ӘШІМОВ, КСРО және ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
- Ертіс-Баян жерінің тумалары - Жүсіпбек Аймауытов, Жұмат Шанин, Шәкен Аймановтай тау тұлғалар болмаса, қазақтың ұлттық өнері өркен жаймас еді. Қазақ театрының негізін қалаған арда азаматтардың барлығы осы өңірден шыққанын мақтан етемін. Ертістің Павлодар өңірі – менің елім! Өнер мен ғылымның Меккесі атанып, ұлы тұлғаларды тудырған қасиетті топырақ – өмір бойғы рухани азығымыз. Бұл өңір – жан-жақты өскен, өркендеген аймақ. Ұлыларды ұлықтау – әрқайсымыздың міндетіміз.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

 

saryarka-samaly.kz