- Аманолла Еркінұлы, Елбасы 2030 жылға дейін бір тұрғынға шаққанда тұрғын үй көлемі 30 шаршы метрге жетуі керек деген тапсырма берді. Осы ретте, облысымызда қазіргі көрсеткіш қалай? Бұл межеге жету үшін жыл сайын шамамен қанша шаршы метр баспана салу керек?

- Елімізде тұрғын үйдің қолжетімділігі сапалы әрі арзан құрылыс материалдарын қолдану арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл ретте баспананың көпшілікке қолжетімді еткен тұрғын үй жинақтау жүйесі тиімді жұмыс істеп тұрғанын айта кеткен жөн. Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 пайызға өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрайды.

Бұл көрсеткішті 2030 жылы бір тұрғынға 30 шаршы метрге дейін жеткізу үшін облысымыз бойынша жыл сайын пайдалануға берілетін үйдің үлесін 11 пайыздан кем етпеу көзделген. 2030 жылға дейін облыс халқының жыл сайынғы өсімі 0,5% болады деп болжасақ, 2030 жылға дейін тұрғын үй қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 7,6 млн. шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілуі тиіс.

- Президент Жолдауда құрылыс жүргізуде жаңа әдістерді, заманауи материалдарды қолдануды айтты. Бұл бағытта облысымызда қандай жұмыстар атқарылады? Қандай нақты әдістерді қолданасыздар?

- Тұрғын үй құрылысының мерзімін азайту әрі бағасын төмендету мақсатында жинақы-қаңқалы үй құрылысымен қатар үлкен панельді үй салу тәсілін дамыту қарастырылуда. Тұрғын үй құрылысы комбинатының артықшылығы - сапа сақтала отырып, өнімділік артады. Көп жұмыс автоматтандырылады. Сәйкесінше жылдамдық күшейеді, баға да төмендейді. Тағы бір айта кетерлігі, аталмыш өндірісті көпқабатты, аз қабатты және жеке тұрғын үй құрылысында қолдануға болады.

Ал үлкен панельді тұрғын үй құрылысы құрылыс қарқынын үдетеді. Мұнда да баға төмендейді деп күтілуде. Сонымен қатар, үй салу мәдениеті мен сапасы да артады. Бүгінде заманауи үлкен панельді тұрғын үй құрылысының технологиясы пайдалану сапаларының барлық нормативтік негіздемелеріне сәйкес келеді.

- Ал ғимараттардың энергиялық тиімділігін арттыру үшін қазіргі құрылыстарда қандай технологиялар, құралдар қолданылады?

- Қазіргі таңда энергиялық тиімділігі жоғары технологиялар мен материалдарды қолдану басты мақсат болып табылады. Себебі қазіргі уақытта адамдардың энергияны тұтыну көрсеткіші өсті. Демек, ресурстардың сарқылуына жол берілмеуі керек. Одан бөлек, құны да қымбаттауда. Оған қоса, энергия ресурстарын үнемді тұтынбау экологиялық кері әсерін де әкеледі. Сондықтан, ғимараттардың энергиялық тиімділігін арттыру үшін біраз жұмыс қолға алынуда. Мәселен, облысымызда жылумен қамту жүйесін басқаруды автоматтандыру жүзеге асуда. Жарықтандырудың барынша үнемді құралдарын қолдануға ден қойылған. Сонымен қатар, үйлердің сыртқы қабырғаларын қалаған кезде жылудың іште сақталуын қамтамасыз ететін тәсілдер де құрылыс саласында кеңінен кәдеге жаратылуда. Пәтерлерде жылу, су есептегіш құралдары орнатылуда.

- Облысымызда құрылыс фирма-ларының аздығы айтылған еді облыс әкімдігінде өткен жиындардың бірінде. Бүгінде облыста көп қабатты үйлер тұрғызатын қанша компания бар? Олардың қуаты биылға жоспарланған қарқынды құрылыс көлемін жүзеге асыруға жете ме?

- Қазіргі таңда облысымызда көп қабатты тұрғын үйлерді тұрғызатын 15-тен астам компания бар. Олар - «ГСУ «Құрылыс» ЖШС, «Жәрдем» ЖШС, «Турабай» ЖШС, «Портал-ПВ» ЖШС, «Артех-ПВ» ЖШС, «Связь Деталь» ЖШС, «Нұр-Павлодар» ЖШС, «Реал 1» ЖШС, «Хаги Павлодар» ЖШС, «Арулан» ЖШС, «Гидропром» ЖШС, «Павлодарэнерго» АҚ, «KSP Steel» ЖШС, «НК СПК Павлодар» АҚ, «Гранит» ЖШС. Осы аталған фирмалардың барлығы өз жұмыстарын сапалы және уақытылы атқаруда. Сондықтан бұл фирмалардың биылғы жоспарланған құрылыс қарқынын еңсеруге әбден қауқарлы екеніне сенімдіміз.

- Құрылыс материалдары көбі-несе қайдан алынады?

- Облысымыздағы тұрғын үй, азаматтық және коммуналдық нысан-дарының құрылысы кезінде құрылыс материалдарының көбі отандық өндіру-шілерден сатып алынады. Атап өтетін болсақ, арматура («KSP Steel» ЖШС), аяқжол плиткасы, жиек тастар («ПТФ Деколит» ЖШС), құмдыблок, бетон, ерітпе («Волна» ЖШС, «ПТФ Деколит» ЖШС, «МИЛАНА-КАЗАХСТАН» ЖШС, «Владивид» ЖШС), кірпіш («Вершина» ЖШС, «Сигма» ЖШС, «Kas Ziegel» ЖШС), бояу («Лакра» ЖШС), кабель-бағыттауыш өнімдері («ҚазЭнергоКабель» АҚ), есіктер («Хоум мастер» ЖШС, «Нұр Дан» ЖШС), шағыл («Гравилит» ЖШС), құм («Речпорт» АҚ), металл конструкциялар («Стальной союз» ЖШС).

Сонымен қатар «Нұрлы Жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасы бойынша «Сарыарқа» тұрғын кешеніндегі «ДСК Темір Тас «Павлодар» ЖШС шығаратын қаңқа-панельдік түрде тұрғызылатын үйлер тағы бар.

- Кірпіштің көбі Семейден тасымалданатыны белгілі. Биыл да сырттан әкеліне ме, әлде өзіміздің кәсіпорындар жергілікті өніммен қамтуға мүмкіндіктері бар ма?

- Облысымызда кірпіш шығару өндірісі бойынша бірнеше кәсіпорын бар. Солардың ішінде «Вершина» ЖШС, «Сигма» ЖШС, «Kas Ziegel» ЖШС сияқты кәсіпорындар өз жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Осы кәсіпорындар облысымызды кірпіш материалдарымен қамтамасыз етуге қауқарлы.

- Елбасы үйлердің экологиялық тазалығы мен сапасына мән беруді меңзеді. Осы орайда бізде салынып жатқан үйлердің сапасы мен экологиялық тазалығына қандай баға берер едіңіз?

- Тұрғын үйлерді тұрғызу кезінде барлық жұмыстар жобаға сәйкес жүргізіледі, материалдардың да дәл осы құжатта көрсетілгендері қолданылады. Барлық жобалар арнайы сараптамадан өтеді. Жобада қолданылатын матариалдардың сапасы және экологиялық тазалығы алдын ала тексеріледі. Құрылыста қолданылған әрбір материалдың сертификаты болады. Сондықтан бізде салынып жатқан үйлердің сапасы мен экологиялық тазалығына еш күмән келтірмеуге болады.

- Мәліметтеріңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz