- Мен еліміздің саяси өмірінен еш қалмауға тырысамын. Бұл өзімнің азаматтық борышым деп санаймын. Сондықтан қалалық мәслихатта біздің мәселелерімізді қозғауға қауқарлы азаматқа дауыс бердім. Осы ретте, жастарға сенім арттым, - дейді Т.Абдрахманов.

Аталмыш сайлау учаскесінің төрағасы Айнұр Қазбекованың айтуынша, дауыс берушілер тізімінде 1920 азамат тіркелген. Сайлау күні олардың 1133-і өз таңдауларын жасады. Яғни, жалпы сайлаушылардың 58 пайызы қатысты. Бұл учаскеден үш үміткер сайлауға түсті. Бірі – «Нұр Отан» партиясы атынан Тілеубек Нұрсейітов, өз-өзін ұсынғандар – Руслан Раздықов пен Оңдасын Сәдуақас. Атап өтерлігі, №7 сайлау округіне қарасты 5 учаскеде аталған кандидаттарға дауыс берді.

Айта кетейік, бұл сайлау облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттығынан шығып қалғандардың орнына үміткерлерді таңдауға арналды. Яғни, облыс бойынша 5 сайлау округі бойынша кандидаттар таңдалды. Сайлау барлық талаптарға сай өткізілді.

* * *

Кеше Павлодар облыстық, Павлодар, Ақсу қалалық және Май аудандық мәслихаттарына депутаттарды сайлау қорытындысы жарияланды. Нәтиже бойынша, 5 азамат халық қалаулысы атанды.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнар Аманжолова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облыстық мәслихатына Мұрат Абдығұлов, Павлодар қалалық мәслихатына Тілеубек Нұрсейітов, Ақсу қалалық мәслихатына Айдын Түгелбаев, Май аудандық мәслихатына Бауыржан Өтепбергенов және Нұргүл Жұмабекова депутат болып сайланғанын хабарлады. Жалпы, сайлау кампаниясының барысында 23 кандидат ұсынылды. Олардың алтауын саяси партия, 17-сі өзін-өзі ұсынды. Ал округтік сайлау комиссиялары мәслихаттар депутаттығына үміткер ретінде 16 адамды тіркеді.

- Үміткерлердің бірі дәйексіз ақпарат беріп, салық декларациясы бойынша тексерістен өтпегендіктен, тіркеуден алынды. Саяси науқан барысында дауыс берушілердің 71,6 пайызы өз таңдауын жасады. Сонымен қатар, кандидаттардың 29 сенімді өкілі, партиялардың 41 мүшесі, қоғамдық бірлестіктердің 28 және бұқаралық ақпарат құралдарының 22 өкілі бақылау жүргізді, - деді Г.Аманжолова.

Айта кетейік, мәслихат депутаты атанғандардың барлығы - «Нұр Отан» партиясының мүшелері.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz