Павлодар қаласы

Ақ түйенің қарны жарылып, Самарқанның көк тасы жібитін Наурыз мерекесін облыс жұртшылығы кеңінен атап өтті. Орталық алаңда 7 бірдей ақшаңқан киіз үй тігіліп, 20 мың адам жиналып, ұлттық құндылықтар ұлықталды. 22 наурызда бастау алған мерекелік шаралар легі алдағы уақытта да жалғасын тауып, ата-бабалар дәстүрі бойынша 30 күн ойын, 40 күн тойын тойламақ.

Айтулы күнде көріскен ағайын-туыс пен дос-жаран төс түйістіріп, бір-біріне ыстық ықыластарын білдіріп, «Ұлыс күні оң болсын!» десті. Қыдыр ата мен Жер Ана, Наурыз көже ұсынған әжелер, бата берген аталар, түйе мен атқа қонған жігіттер, ұлттық киім киіп, мың бұрала билеген бойжеткендер мерекенің әрін ашып, сәнін келтірді. Төменгі жағалауда жігіттер өзара мықтыны анықтап, күш сынасты, күресті, асық атты, ат спорты бойынша сынға түсті. Облыс орталығындағы мектеп ұжымдары бауырсақ пен ұлттық тағамның, жергілікті сән студиялары ұлттық нақышта тігілген киімнің түр-түрін көпшілік назарына ұсынды. Бір сөзбен айтқанда, қазақылықтың иісі аңқып, құндылықтарымыз дәріптелген ортаға тап болдық. Көпшіліктің қуанышына облыс әкімі Болат Бақауов та ортақтасты.

- Әз Наурыз - іргесі сөгілмейтін бірліктің, ырысы төгілмейтін тірліктің мерекесі. Сондықтан, Ұлыстың ұлы күнін жоғары деңгейде атап өтіп, өскелең ұрпаққа атадан балаға мирас болып келе жатқан бай қазынамызды дәріптеу – аманат. Биыл осынау ұлы мерекенің аясын кеңейтіп, оның қоғамдағы орны мен рөлін одан әрі арттыру мақсатында Наурыз мейрамы 40 күн тойланады. Осы уақыт аралығында облыстың әр ауылында түрлі шара ұйымдастырылып, қоғамдық сананың рухани жаңғыруы болмақ, - деді Б.Бақауов.

Демек, 22 наурызда өткен, сән-салтанаты жарасқан шара тойдың басы ғана. Десе де, бұл күнгі мереке де жоғары деңгейде өтті. Орталық алаңда тігілген 7 киіз үйдің әрқайсысында тарихтан сыр шертер көрме ұйымдастырылды. Мұнда бас сұққан әр адам қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, өткені туралы мол мағлұмат алғаны хақ. Сонымен қатар, сан алуан сайыстың сайыпқырандары анықталып, үздіктер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мәселен, «Ақ дастарқан» атты бауырсақ пісіру сайысында 13 мектеп ұжымы ішінен дарынды балаларға арналған көп салалы мектеп-интернат оқ бойы озып шықты. «Наурыз сәні» ұлттық киімдер байқауында «Вернисаж» сән театрының қолөнер туындыларына тең келері болмады. Ұлттық мерекенің осындай кең ауқымда тойлануына шетелдіктер де таңырқап, таңдай қақты. Эстонияның Таллин қаласынан келген Андрей Лазурин әсіресе қазақтардың қонақжайлылығы мен өнеріне тәнті болғанын айтты.

- Бұған дейін Наурыз туралы бірнеше рет естіп, оқыған едім. Ал Павлодар қаласында дәл осы тойдың қызған ортасынан табылдым. Орталық алаңдағы адамдардың көтеріңкі көңіл күйі, қонақжайлығы, ат спорты бойынша өткен сайыстар, дәмі тіл үйіретін тағамдар, жергілікті қыз-жігіттердің биі мен әні, әсіресе Қызыр атаның бейнесі маған ерекше әсер етті. Осындай шаттықтың куәгері болғаныма қуаныштымын. Жаңа жыл жақсылығымен келсін, - деп тілегін де білдірді эстониялық мейман.

Айта кетелік, бұл күні мерекелік шаралар орталық алаңда ғана емес, 12 шағын ауданда да ұйымдастырылды. Павлодарлық талантты жастардан бөлек, отандық эстрада әншілері – Алтынай Жорабаева, Жанболат пен Жазира қала тұрғындары мен қонақтарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Керек дерек:

- Павлодар қаласында 5000-нан астам бауырсақ, 300 литр Наурыз көже мен 600 келі палау тегін таратылды;

- спорттық сайыстарға 300-ден астам адам қатысып, 5000-ға жуық көрермен тамашалады;

- мерекелік шараларға 600-ден астам өнерпаз қатысты.

Қ.ҚАБЫЛДЕНОВА.


Екібастұз қаласы

Кеншілер шаһары биыл да Ұлыстың Ұлы күнін атап өтуге аянып қалған жоқ. Бір көшені толық жауып, 33 киіз үй тігіпті. Әр киіз үй бір ауылдың бейнесін көз алдыңызға әкеледі. Түтіні бұрқыраған самауыр, қайнаған қазаны, бала-шағаның емін-еркін ойнауына арналған әткеншегі, әуелеген ән - бәрі-бәрі жанға жылу сыйлағандай. Ал тойдың нағыз қызған жері – орталық сахна еді. Мұнда көпшілік Наурыз мейрамының түп-төркінін, бүкіл болмысын айшықтайтын «Ұлы даланың Ұлы күні» атты театрландырылған кешке куә болды. Сондай-ақ, қала әкімі Қайрат Нүкенов те дәл осы сахнада елмен бірге Ұлыстың Ұлы күнін тойлап, ақжарма тілегін ақтарды.

Ұйымдастырушылар биылғы Наурыз мерекесін айтулы даталармен ұштастыруды жөн көріпті. Яғни, Астананың 20 жылдығы мен облыстың 80 жылдығына басымдық беріпті. Бұл ұстанымды кеншілер қаласының белді кәсіпорны «Богатырь көмір» ЖШС-і де басты назарға алғаны байқалады. Аталмыш кәсіпорын екі киіз тігіп, бірін тақырыптық көрмеге арнағанын аңғардық. Яғни, мұнда облысымыздың тарихында өзіндік орны бар «Богатырь Көмір» кәсіпорнындағы көмір өндірісінің барысы макеттермен безендірілген. Оған қоса, биыл мерейтойлары аталып өтетін жерлестеріміз Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына, Естай Беркімбаевқа жеке бұрыш арнапты. Ал екі киіз үйдің ортасындағы көрініске көз тіксеңіз, Елордаға енгендей күй кешесіз. Тағы бірнеше қадамнан соң нағыз ауылдың көрінісіне тап боласыз. Қаланың баласы көрсін деп шағын шарбаққа ұсақ малды төлдерімен қамап қойыпты. Аулада ат та ерттеліп тұр. Бір ауылдың бейнесін көпке көрсетуді жөн санаған кәсіпорын басшылығы Ұлыстың Ұлы күнін тойлауға тартынып қалмапты. 6,5 млн. теңгені осы мақсатқа жұмсапты. Бұл соманың 1,5 млн. теңгесі қайырымдылық шараларына бағытталғанын айтты кәсіпорын өкілі. Яғни, тойшыл қауымға Наурыздың дәмін таттыруға жұмсалған. Осылайша барын салған богатырьлықтар киіз үйлер арасында өткен байқауда бас жүлдені қанжығалады. Ал ірі кәсіпорындар арасында «ПромсервисОтан» ЖШС 1-орынды, «Энергоуправление» ЖШС 2-орынды еншілесе, Б.Нұржанов атындағы ГРЭС-1 үшінші орынға лайық деп танылды. Мемлекеттік мекемелер де бұл байқауда бір-бірлерінен озуға тырысты. Мұнда білім беру бөлімі - 1-ші, спорт және жене шынықтыру бөлімі – 2-ші, ал денсаулық сақтау бөлімі 3-ші орынды иеленді. Бұдан бөлек, Екібастұздың дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азамат марапатталды.

Ұлттық ойындар ұйымдастырылған алаңдарды қаумалаған қауымның да қарасы көп болды. Кір тасын көтеру, бөренеге шығу, арқан тарту, қазақша күрес, армрестлинг, асық ату сияқты спорт түрлерінен сайыстар өткізіліп, мықтылар анықталды. Оларға Наурыздан тәбәрік таратылды.

Киіз үй тіккен әр мекеме тұрғындарға тегін Наурыз көже, бауырсақ, палау, тәтті тоқаштар таратты. Оған қоса, әрбір киіз үйде кәсіпорындар өздерінің ардагерлеріне құрмет көрсетіп, ақ дастарқан жайды. Ал биыл алғаш рет бас алаңға киіз үй тіккен «Рымжан Трейд» компаниясы есігін көпшілікке айқара ашты. Кез келген тұрғын осы шаңыраққа емін-еркін кіріп, дастарқаннан дәм тату мүмкіндігіне ие болды.

Г.ТҮГЕЛБАЙ.


Май ауданы

Ұлыстың ұлы күні Май ауданы биыл ерекше дайындалған екен. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының аясында халықтың тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрді сабақтастыра отырып, тамаша театрландырылған көрініс жасады. Май ауданының тарихы терең. Бұл жерде ана заманда қазақ-қалмақтың шешуші алапат шайқасы өткен, қазақ батырлары елі-жерін қысық көз жаудан қорғап, Қалмаққырылған тауында ерліктің үлгісін көрсеткен...

Орталық алаңға бар сән-салтанатымен «Абылайхан ауылы», «Қасымхан ауылы», «Малайсары ауылы», «Тәуке хан» ауылы, «Есімхан ауылы», «Жәнібек ауылы», «Абай ауылы» атты 12 ауылдан тұратын киіз үй қалашығы бой көтеріпті. Аудандық тарихи мұражай да өз алдына отау тігіп, жәдігер, ұлттық нақыштағы бұйымдар көрмесі мен мәліметтерді назарға ұсынды. Наурыз күнгі шеру тарихтан басталды. Елдің әйгілі тұлғаларының ізгілік ісі мен халық жадында қалған өсиет сөздері қайта жаңғырды. Үш жүздің басын біріктірген Қазақ ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі - айбарлы Абылайхан шықты ортаға. Қызылқұрама ауылының тұсында «Абылай» атты жер бар. Бұл жерде Шабанбай деген бай Абылайханға сый-сыяпат көрсетіп, 500 жауынгерге біркелкі қаракөк ат жетектеткен дейді.

Халықтың ұлттық еркіндігі үшін жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен Орта жүздің әйгілі батыры Малайсары Тоқтауылұлы да ел бірлігі жайлы сөзін өсиет етіп, ел алдынан өтті. Бұдан соң Май ауданының тумасы ерекше қасиетімен танылған Қайса Нұрғазыұлы, Кеңтүбек ауылының тумасы, ел ішінде Бәкі би атанған ру басы, шешен Бәкі Басарұлы, аңызға айналған халық батыры Қара Қыпшақ Қобыланды, шөл далаға жаңбыр әкелем деп Тарбағатайдың алып тауын арқалап жеткізген Толағай батыр жайлы театрландырылған сахналық көріністер көрсетілді. Қазақ даласындағы сал-серілік дәстүрді өзгеше қырынан танытқан Біржан салдың да әні әуеледі. Атының үстінде былқ-сылқ еткен салды қыз-келіншектер тобы кілемге түсіріп алып, алқалап алып кетті. Жарасымды! Тарихи тұлғалардың әрқайсысы шеру тартып, көпшілік алдына шыққанда олардың көркем сөзбен кестеленген өсиет сөздері, ақыл-нақылдары да айтылды, кәрі-жас қалт жібермей тыңдады.

Тарихи-рухани шеруге ауданның аграрлық-техникалық колледжі, «Ақбота», «Айгөлек», «Балдәурен» балабақшалары, Көктөбе орта мектебі, Б.Жылқыбаев атындағы өнер мектебі мен аудандық оқушылар үйі қатысқан екен. Қазір Малайсары мектебінде ұстаздық ететін белгілі саятшы, құсбегі Елдос Асылғазының қыран бүркітін де тамашалаушылар аз болған жоқ. Май ауданының әкімі Ардақ Қаңтарбаев көпшілікті Наурыз мейрамымен құттықтап, ақ тілегін білдірді.

Шеруден кейін дәстүрлі шашу шашылып, Қыдыр ата бата берді. Ауылдан келген әжелер «Қоржын таратты». Аудан өнерпаздары ән әуелетіп, күй күмбірлетіп, би билеп, Ұлыс күннің думанын әуелетті.

Бұл күні көпшілікке 100 литр Наурыз көже, 175 келі палау, бауырсақ таратылды. Киіз үйлердің сән-салтанатына орай жүлделі орындар белгіленді. І орынды Май аудандық электр жүйесі мекемесі құрған «Абылайхан ауылы» еншіледі. ІІ орын аудандық аурухана құрған «Қасымхан ауылына» бұйырса, ІІІ орынды Көктөбе орта мектебінің «Малайсары ауылы» мен аудандық агро-техникалық колледжі құрған «Тәуке хан» ауылы алды.

С.МОЛДАЙЫП.


Баянауыл ауданы

Ұлыс күн ауданымызда барша сән-салтанатымен тойланды. Думанды мерекеде Баянауыл ауылының мемлекеттік мекемелері киіз үй тігіп, әрқайсын қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлға-лардың атымен атады. Әр киіз үйде ән айтылды, ұлттық өнер ұлықталды.

Зейтін Ақышев атындағы №3 қазақ мектебі өз ауылдарын Мәшһүр Жүсіп Көпеев есімімен атапты. Мектеп ұжымы ғұлама өлеңдерін мәнерлеп оқып, ақын шығармашылығына тоқталды. Ақбоз үй төрінде жазушы Зейтін Ақышевтің өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылды. №2 Баянауыл орта мектебінің ұжымы орталық алаңға «Мұса Шорманов ауылы» болып үй тікті. Мектеп өнерпаздары жиналған жұрт назарына Мұса мырза мен Саққұлақ би арасындағы тарихи әңгімені ұсынды. Ал Шәкен Айманов атындағы мектеп-интернаты «Сұлтанмахмұт Торайғыров ауылы» болып ірге жайды. Ақын ауылы көрермендер ықыласына орай Сұлтанмахмұттың шәкірттік және Тройцкідегі мұғалімдік кезеңін сахналады. Барша қауымның көңілінен шыққан көрініс ақын мен қалыңдығы Мәликенің бақұлдасуы, Жүсіпбек пен Сұлтанмахмұттың диалогы болды. Ерекше ізденіспен, ыждаһаттылықпен сомдалған рөлдер нанымды һәм әсерлі.

Аудандық білім бөлімі, ішкі саясат, жастар орталығы және имандылық орталығы «Павлодар облысына 80 жыл» ауылын ұйымдастырыпты. Бұл ауылда игілікті істің куәсі болдық. Облыс мерейтойы мен Наурыз мерекесіне орай ата-анасының қамқор-лығынсыз қалған қамкөңіл 34 балғынға аудан әкімінің арнайы мерекелік сыйлықтары табыс-талды. Баянауыл ауылдық округінің киіз үйінде ауданымызда атқарылған игілікті істер мен жеткен жетістіктер бейнеленді. Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі орталық алаңға «Олжабай батыр» ауылын қондырды. Бұл жерде құсбегілік өнердің насихатталуы көпшіліктің қызығушылығын оятты. Республикамызға танымал құсбегі Иманзайып Тасыбаев пен атбегі Бақытжан Жүнісовтың ұшқыр құстары аңшылыққа құмар көпшілікті серпілтіп тастады. Аудандық орталықтандырылған кітап-ханалар жүйесі мерекеге орай «Мұражай» ұйымдастырыпты. Мұражайда Астана қаласының 20, Павлодар облысының 80, Баянауыл ауданының 90 жылдық мерейтойларына және Баянауылдан шыққан ұлы тұлғаларға арналған көрмелер ұйымдастырылды. Баянауыл аграрлық-техникалық колледжінің «Бұқар жырау ауылы» да «Көмекей әулие атанған» жыраудың өмірі мен шығармашылығын насихаттады.

Бұл күні жамбы ату, кір тасын көтеру, маст-рестлинг, қошқар көтеру, жілік шағу, қол күресі, арқан тарту секілді спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.

Е.ҚАБДІЛӘШІМ.


Ақтоғай ауданы

Ұлыстың ұлы күні Ақтоғай ауданында да кең көлемде тойланды. Аудандағы орталық алаңға ағылған жұртшылықта есеп болған жоқ. Қаз-қатар тігілген киіз үйлер, самауыр мен қазан ошақтың будақтаған түтіні келмеске кеткен кешегі заманды, көшпенді бабалардың ежелгі тұрмысын көз алдымызға әкелді.

Өңір тұрғындары биыл да жылдағы әдетінен жаңылған жоқ. Ұлттық киімдерін иығына іліп, қуана құшақтасып, жаңа жылмен бірін бірі құттықтаған ағайынның аппақ көңілінен көктем шуағы сезіліп тұрды.

Жұртышылықты мерекемен құттықтаған аудан әкімі Ағыбай Әмірин Ұлыстың ұлы күні Астананың 20 жылдығымен, Павлодар облысының 80 жылдығымен, Ақтоғай ауданының құрылғанына 80 жыл толуымен тұспа-тұс келгендігін айтты. Аудан әкімі биыл дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлі, жерлес ақын, композитор Естай Беркімбаевтың 150 жылдығын, қарымды қаламгер Қабдыкәрім Ыдырысовтың 90 жылдығын кең көлемде атап өту жоспарда бар екендігіне тоқталды.

Думан қызықты өтуі үшін ұйымдастырушы тарап мерекеге қатысушы мемлекеттік органдар мен мектептер, кәсіподақтар мен ұйымдар арасында сайыс ұйымдастырды. Сегіз топқа бөлінген қатысушылар төрт бөлімнен тұратын мерекелік сайыста бақ сынады. Арнайы жасақталған қазылар алқасы алдымен сайыскерлердің сәндеп құрған киіз үйлеріне баға берді. Сайыстың екінші бөлімінде қатысушылардың жұртшылыққа жайған қайырымдылық дастарқаны бағаланды. Байқаудың үшінші кезеңінде қатысушылар кір тасын көтеру, қол күресі, асық ату, тағы да басқа спорт түрлері бойынша шеберліктерін сынға салды. Сайыстың қорытынды бөлімінде өнерпаздар сахнаға шығып, өз өнерлерін көрсетті.

Бәсекенің қорытындысы бойынша қазылар алқасы «Жайдарман» тобын думанды мерекенің жеңімпазы деп танып, 100 мың теңге көлемінде сыйақы табыс етті. Екінші орынға тігілген 80 мың теңгелік жүлде «Береке» тобына бұйырды. Үздік үштікті «Мереке» тобы қорытындылап, 60 мың теңгені олжалады.

- Бір кездері Ұлыстың ұлы күнін тойлау орындалмайтын арман секілді болып көрінетін бізге. Аллаға мың да бір шүкір. Егемен ел атанып, әлемнің алпауыт елдерімен иық тірестіретін күнге де жеттік. Биыл аудан орталығындағы Абай, Қайырбаев, Мүткенов, Мәрденов атындағы көшелердің жолдары жөндеуден өтпек. Соңғы екі жылдан бері Ақтоғай ауданындағы ауызсу мәселесі де оңтайлы шешімін табуда. Мұның барлығы аудан экономикасының жанданып, әлеуметтің әлеуеттік жағдайы оңға басып келе жатқандығын білдіреді, - дейді Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесіне қарасты «Ауылдастар» клубының меңгерушісі Жасұлан Шорманов.

Ұлыстың ұлы күніне жиналған жұртшылық дастарқаннан дәм татып, спорттық сайыстарға қатысып, жергілікті өнерпаздардың дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады.

А.ХОНЖ.


Шарбақты ауданы

Ит жылы Шарбақты ауданының табалдырығынан сүйінші сұрап, сауықпен аттады. Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, күн мен түн теңеліп, мал төлдейтін мезгіл Әз-Наурызды аудан жұртшылығы ерекше қарсы алды. Бұл күні жиналған жұртшылық жаңғыру мен жасампаздықтың үлгісін көрсетті.

Шараға қатысқан аудан әкімі Балғабай Ыбыраев жиналған жұртшылықты айтулы мейраммен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.

Айтулы шараға Ресейдің Алтай өлкесінен келген қонақтар да куә болды. Құлынды ауданы Керей ауылынан келген Биғайша Баринова жыл сайын Наурыз мейрамын дәстүрлі түрде атап өтетінін айтады. Шетте жүрсе де, ұлтымыздың рухани мәдениетін сақтап, халқымыздың әдет-ғұрыптарын бір сәтке де естен шығармайды, дейді ол.

Бұл күні жиналған халық елдің бірлігіне, тату тірлігіне, амандығы мен есендігіне қатысты жылы лебіздерін жаудырды. Мерейлі мейрамды шарбақтылықтар бес саусақтың саласындай, бір әулеттің баласындай ауызбіршілікпен атап өтті. Қаз-қатар тігілген киіз үйлер, қайнаған қазан, жайылған дастарқан, ақ баталы аталар, ақ жаулықты аналар мерекенің сәнін кіргізді. Думанға жиылған жұрттың жүздерінен жылу, көздерінен қуаныш лебі есті. Салтты сақтап, дәстүрді дәріптеп, төс қағыстырды. Аудан орталығында ұйымдастырылған мерекелік сауда-саттық, ұлттық мәдени орталықтардың көрмесі көпшіліктің көзайымына айналып, мерекелік салтанаттың көркін аша түсті. Игі шарада домбыраның шанағынан күмбірлеп күй, әуезді ән мен жыр төгілді. Өнерлі өрендер ұсынған ән-би көптің көңілінен шығып, шын өнердің бәсін арттырды. Ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Арқан тарту, асық ату, жілік сындыру, қол күресі сынды сайыстар мерекенің көрігін қыздыра түсті. Аудандық шеберлердің бірегей туындылары - киізден және жібектен жасалған бұйымдар, зергерлік әшекейлер, қыш ыдыстар, бейнелеу өнері шығармалары көпшілік назарына ұсынылды. Белсене қатысқандар мен жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан сый-сыяпаттар тапсырылды.

Думан соңы мерекелік концертке ұласты. Осылайша ұлт демей, ұлыс демей, халықты біріктірген мейрам ерекше екпінмен есте қалды.

М.АМАНТАЙ.


Ертіс ауданы

Қамбасы астыққа, қорасы малға толы Ертіс ауданы Наурыз мейрамын айрықша шаралармен бастады. Ұлыстың ұлы күнін тойлаудағы басты ерекшеліктерінің бірі қайырымдылық қағидаты болып отыр. Өңірдегі барлық көп балалы отбасыларға, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға азық-түлік таратылуда. Әзірге 80-ге жуық отбасы көмек алды.

Негізгі шара 22 наурыз күні Ертіс ауылының орталық алаңында өтті. Жиналған жұртшылықтың қарасы қалың. Көпшілік бар жақсысын киіп, бір-біріне жылы лебіздерін білдірді. Жергілікті атқамінерлер де күнделікті костюмдерін қазақы шапанға алмас-тырыпты. Қаз-қатар жасау-жабдығы келiсіп тігілген 12 ақшаңқан киіз үй қазақтың кербез сәні мен салтанатының айғағындай. Ашық аспан астында мемлекеттік мекемелер мен ауыл әкімдіктерінің қолдауымен бірнеше дастарқан жайылып, мерекеге жиналған екі мыңға жуық тұрғын одан дәм татты. Наурыз көже, қымыз, бауырсақ, өзге де ұлттық тағамдарымыз жұртшылыққа тегін таратылды.

Қай шаңыраққа бас сұқсаңыз да, әсем әннен шашу шашылып, күй төгiлді. «Жақсыны көрмек үшiн» дегендей, орталық алаңның безендірілуі, киіз үйлердің көркі көрер көздi сүйсiндiредi. Негiзiнде жыл басының астарында «Наурызда жақсы атаулының барлығын халыққа көрсетiп, ұсынады» деген түсiнiк қалыптасқан. Осыған орай әрбiр киiз үйдiң жасауы да өз ерекшелiгiмен бiр-бiрiнен үстем түскiсi келгендей бар жақсысын жайып салыпты. Бұл ретте, ерекше атап өтерлігі, ертістіктер биылғы Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келіп отырған маңызды үш атаулы мерекені қамтыған. Ол – Астананың 20 жылдық мерейтойы, Павлодар облысының 80 жылдығы және Ертіс ауданының 90 жылдығы. Жоғарыда аталған 12 киіз үй үш-үштен бөлініп, осы мерекелік даталарға орайластырылып, тақырыпқа сай безендірілген. Ал қалған үш киіз үй жерлес танымал тұлғалар, қазақтың халық ақыны, әнші, актер, композитор Иса Байзақов, белгілі ақын Аманжол Шамкенов, қаламгер Мүбәрак Жаманбалиновке арналып тігілген. Онда тұлғалардың еңбектері, тұтынған жеке заттары, әр жылдары алған маңызды марапаттары және тағы басқа құнды деректер қойылыпты.

Аталған киіз үйлердің тақырыпқа сай безендірілуін ауданға белгілі азаматтардан құралған арнайы комиссия бағалады. Нәтижесінде, Ертіс ауданының білім бөлімі мен №1 мектебі жауаптанған, яғни Астананың 20 жылдығына аналған киіз үйлер жеңімпаз деп танылды. Оларға қомақты ақшалай сыйлық табысталды.

Мерекеге жиналған тұрғындарға жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама, театрландырылған қойылым ұсынылды. Босаға майлау, қазан шегелеу сияқты көптеген ұмыт болған дәстүрлер паш етілді. Спорттық шаралар да кеңінен қамтылды. Жілік сындыру сайысынан бастап, дәстүрлі арқан тарту, кір тасын көтеру, қазақ күресі, қол күрес сияқты жарыстар ұйымдастырылды. Балалар мен жасөспірімдер алтыбақан теуіп, асық ату ойынында бақ сынады.

Ертіс ауданы биыл Ұлыстың ұлы күнінде жұртшылыққа мейлінше пайдалы іс-шаралар ұйымдастыруға ден қоюда. Аудан әкімі С.Батырғожиновтің ұйытқы болуымен Амал мерекесінде, яғни наурыздың 14-і күні бастау алған қайырымдылық шарасы, айдың соңына дейін жалғасын таппақ. Оның басты мақсаты – аз қамтылған, көп балалы және мүгедек балалары бар жанұяларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғызілікті қарияларға және ҰОС ардагерлеріне көмек көрсету. Бұдан бөлек, жергілікті жастар ұйымдарының белсенділері 21-22 наурыз күндері «Бауырсақ Party» акциясын ұйымдастырды.

Ертіс ауданы облыс тұрғындарымен бірге Наурыз мерекесін 40 күн тойламақ. Жоғарыда аталған қайырымдылық шарасы жалғасын табады. Сондай-ақ, ауданда экологиялық акция бастау алмақ. Оның аясында әрбір елді мекенде аулалар мен көшелерді тазалау, көріктендіру жұмыстары жүргізіледі.

Д.ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz