- Сирек кітаптар мен қолжазбалар, көне әдебиетті сақтау, оларды толықтыру жұмысы ауқымды әрі жауапты. Сондықтан да еңбектеріңіз өткен мен бүгіннің арасына қойылған алтын көпір іспетті ғой. Гүлшат Мәсәлімқызы, көне дүниелерді заманауи тұрғыда сақтап, көпшілікке қолжетімді етуде кітапханада қандай жұмыстар атқарылуда?

- Білім және ғылым министрлігіне қарайтын жалғыз кітапхана бұрынғы Ғылым Академиясының кітапханасы болатын. Ғылым Академиясы тарағаннан кейін орнына «Ғылым ордасы» құрылды да, қазір сол орданың ғылыми кітапханасы болып саналады. Бұл мекеме сонау 1932 жылы Ресейдің Ғылым Академиясының базасы негізінде филиал болып ашылып, 1948 жылы Қазақстанның Ғылыми кітапханасы болып қайта құрылды. Өткен жылы 85 жылдығымыз аталып өтілді. Соған орай халықаралық семинарлар, басқа да шаралар ұйымдастырдық. Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиеттер бөлімі – Қазақстан бойынша бірегей, яғни ең көне қолжазбалар мен сирек кітаптар тек қана осы бөлімде сақталған. Бұл бөлім Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың бұйрығымен 1959 жылы 22 қаңтарда, құнды тарихи маңызы бар халық мұрасын жинақтап сақтау үшін құрылды. Мұнда Қазақстандағы ең сирек кездесетін тарихи, ғылыми және сирек кездесетін әдебиеттер, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бар. Қазіргі таңда қор көлемі - 300 мың дана.

- Қордағы дүниелер қай дәуірден бастау алады?

- ХІІ ғасыр және ХVІ-ХХ ғасырдың 40-шы жылдарына дейінгі басылымдар бар. Біздің жұмысымыз - қолжазбалар, сирек кітаптар және ұлттық әдебиет қорларын ғылыми негізделген түрде құру және сақтау. Біздің міндетіміз - қорларды ашып көрсету, насихаттау, жазу тарихы, сирек баспа кітаптары бойынша ғалымдарды тарту арқылы ғылыми-зерттеу, аналитикалық жұмыс жүргізу, оқырмандарға кітапханалық-библиографиялық қызмет көрсету, елімізде және шетелдік ғылыми-зерттеу мекемелерімен, орталықтарымен қарым-қатынас орнату.

Бізде қазақ тіліндегі қолжазбаның саны 22 мыңдай болса, шығыс тіліндегі (араб, парсы, қытай, ұйғыр, татар, әзербайжан) кітаптар саны 10 мыңнан асады. Орыс тіліндегілер саны 90 мыңға жуық болса, оның ішінде қазақ тарихына қатысты орыс, шетел ғалымдарының еңбектерін табуға болады. Сондай-ақ, 2 мыңнан астам микрофильмдер бар. Микрофильм- дер деп отырғанымыз, 1959 жылы Ғылым Академиясының ғалымдары экспедицияларға шығып, материалдар әкеле бастаған. Сол арқылы сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры жинақталды. Оның ішінде қазақ тарихына қатысты Москва мен Ленинградтан алынған қолжазбалардың микрофильмдері, Шоқан Уәлиханов қолжазбасының фотокөшірмесі бар. Негізі қолжазбалардың түпнұсқасы берілмейтіндіктен, микрофильмге, фотоға түсіріп алынған. 2000-нан аса микрофильмге түсірілген құнды қолжазбалар бар. Мысалы, бізде Шоқан Уәлихановтың өзінің түпнұсқа қолжазбасы болмаса да, сол жылдары түсірілген фотокөшірме жақсы сақталған. Өткен жылдары Шығыстану институты Уәлихановтың толық томдығын шығарар кезде Санкт-Петербургке барып, қолжазбасын іздестірген екен. Сонда қолжазбасының көбі дұрыс сақталмай, жыртылған, тозығы жеткендігін көріпті. Ал бізде көшірме толығырақ сақталған.

- Ең құнды қолжазбалар қайсы? Оларды қалай сақтап отырсыздар? Жалпы, қазір Қазақстанда көне қолжазба, кітаптарды қалпына келтіріп отыратын мамандар бар ма?

- Біздің бөлімдегі ең құнды қолжазбаның бірегейі - еврейлердің діни кітабы Тора (Тәурат). Бұл ХІІ-ХVІІІ ғасыр аралығында бұзау терісіне жазылған. Ұзындығы - 26 метр. Тәурат - Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жанынан табылған. Әлдекімдер кесене маңайын қазғанда бір жәшік көне кітап тауып алып, керектерін таратып әкетіпті де, Тәурат қалып қойыпты. Оны М.Әуезов атындағы әдебиет институты 1997 жылы бізге өткізді. Сондай-ақ, Құранның 300-ге жуық әр кезде шыққан қолжазба, баспа түрлері және тәпсірлер сақталған. Ең кішкентай Құран ХІХ ғасырдыкі, Стамбул қаласында басылған. Құранның алғашқы бетінде «Матбағ Османиа» деген өрнекті жазу бар, бастапқы және соңғы беттеріндегі өрнектеліп жазылған жазулардан жылын, баспасын ажыратуға болады. Алайда кітап өте кішкене болғандықтан, арнайы үлкейткіш лупалармен карау керек. Құран шығыс қағазына араб жазуының насих үлгісінде жазылған. Сүрелердің жазуы анық, бірақ өте ұсақ болғандықтан, оқылуы қиын. Кішкене көлемді Құран Кәрім осы күнге жеткен өте сирек кездесетін толық баспа нұсқасы деуге болады. Қасиетті кітаптың ұзындығы 3,4 см, ені 2 см, қалыңдығы 1,2 см. Ал ең үлкен Құран, ол да ХІХ ғасыр, 1851 жылы басылған, қолжазба, алтынмен жалатылған.

- Тамаша екен! Ал қазақ тарихына қатысты қандай құндылықтар бар?

- «Хандар шежіресі» бар. Ұзындығы - 3 метр, ені – 45 см. Қағаз бумаға жазылған, асты матамен шапталған, өте көне дүние. Орталық ғылыми кітапхана қорына 1964 жылы кітапхана қызметкері Е.Байболов деген адамның атына келіп түскен. Қолжазбаны жолдаушы - С.Б.Кулбасинов деген адам. Мекен-тұрағын «РСФСР, Челябинская область, ст. Субутах, совхоз Магнитное Зерно, отделение Южное» деп көрсетіпті. Қолжазбаның ені - 45 сантиметр, ұзындығы - 3 метр. Бір өкініштісі, бұл қолжазбаның жазылған уақыты (жылы), жері және жазған адамның аты-жөні туралы ешқандай дерек жоқ. Қолжазбаның атауы да жоқ. Жалпы мазмұн-мәтініне қарап, «Хандар шежіресі» деп аталды. Қағазына, жазу үлгілеріне, сипатына қарағанда XVIII-ғасырлардың туындысына ұқсайды. Бұл қолжазбаның құндылығы, мұнда Адам атадан бастап Мұхаммед пайғамбарға дейінгі 124 пайғамбардың шежіресі жазылған. Бірақ алғашқы пайғамбарлардың көбінің аттары өшіп, жоғалып кеткен. Соңғы бірнеше пайғамбардың аттары сақталып қалыпты. Содан кейін араб халифтары, парсы шахтары, түрік сұлтандарының шежіресі берілген. Өзі үш жолақтан тұрады. Үшіншісі, Шыңғысханнан бастап Абылай ханға дейінгі төрелер шежіресі бар, шағатай тілінде жазылған. Мұны біз 3-4 жыл бұрын ЮНЕСКО бойынша «Мәдени мұраны сақтау және қорғау» реестріне ұсындық. Бірақ түрлі жағдайларға байланысты уақытынан кешігіп қалыппыз. Қазақстан бойынша арабтанушы білікті маман бар, Мақсұт Шафии деген, жасы 80-нен асқан. Жас кезінде Пекиндегі әлем тілдері факультетін бітірген екен. Кітапханаларда көне жазбаларды оқып беруде осы ағамыздың еңбегі зор. Ол кісі «Хандар шежіресін», тағы екі қолжазбаны қосып, қазіргі әріпке түсіріп, «Хандар шежіресі» деген атаумен факсимиляциямен (түпнұсқадағы мәтінмен бірге) осы кітапты шығардық.

- Абай мен Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім бабалардан қалған мұралар бар ма?

- Абай мұралары Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар бөлімінде сақтаулы тұр. Солардың қатарындағы құнды дүниелеріміздің бірі - жарық көргеніне биыл 106 жыл толған Абайдың тұңғыш жинағы және осы жинаққа арқау болған Абай өлеңдері.

- Сонда... ақынның өзінің қолжазбасы бар ма?

- Жоқ. Әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлының 1905 жылы жазған қолжазбасы Ғылыми кітапхана қорына 1954 жылы 5 сәуірде түскен, ал 1910 жылы жазған қолжазбасы қорға 1953 жылдың мамыр айында түскен, 220 беттен тұрады. Бұл қолжазбаларда «Тіл және әдебиет институты» деген мөр басылған. Осыған қарағанда бұл кітаптар мен қолжазбалар Тіл және әдебиет институтынан алынған деген болжам бар. Бірақ бұл дүниелердің қайдан келіп түскені туралы нақты мәлімет жоқ.

Абайдың тұңғыш жинағы 1909 жылы басылып тараған. Санкт-Петербургте басылған бұл жинақта ақынның жүз қырықтай өлеңі (аударма өлеңдерін қосып санағанда) мен «Ескендір», «Масғұт» поэмалары енген. Яғни, осы күнгі белгілі поэзиялық шығармаларының көрнектілері түгелге жуық қамтылған десек те, бұл жинақ толық емес. Оған ақынның Қара сөздері, бірнеше өлеңдері, әсіресе, атқамінерлердің теріс қылығын сынаған өлеңдері енбей қалған. Жинақ кітапхана қорына 1950 жылы түскен, кітаптың басы мен аяғы сақталмаған, 25-106 беттері бар.

- Абайдың тұңғыш жинағын шығаруға ұйытқы болған Тұрағұл мен Кәкітай деседі. Сонда ақынның қолжазбасын көшіріп жазған Мүрсейіт деген адам болған-ау, сірә...

- Иә, тап солай. Ақын өлеңдерін жинап, бастырған Кәкітай Ысқақұлы мен Абайдың баласы Тұрағұл болатын. Абайдың деректік арнасы ретінде 1909 жылы жарық көрген Абай шығармаларының тұңғыш жинағын, оған енген Кәкітай жазған ақынның тұңғыш өмірбаянын айтуға болады. Ал осы Кәкітайдың Абайға қандай байланысы бар, ол неліктен баспаға шығаруға атсалысты, бұл жинақ қалай жиналды деген сұрақтар туындауы мүмкін. Құнанбай - 4 әйел алған адам. Оның бәйбішесі Күңкеден – Құдайберді, інісі Құттымұхамбетке айттырылып, қалыңдық кезінде жесір қалған соң өзі алған екінші әйелі Ұлжаннан – Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, үшінші әйелі Айғыздан – Халиулла, Ысмағұл туады. Ұлғайған шағында үйленген ең кіші әйелі Нұрғанымнан ұрпақ жоқ. Абайдың «Атадан алтау, анадан төртеу едім» дейтіні осыдан. Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаев – Абай мұрасын тұңғыш бастырушы, Абайдың інісі Ысқақтың баласы. 8 жасынан бастап ауыл молдасынан 4 жылдай оқып, түрікше, арабша хат таныған. Кәкітайдың ерекше зеректігін байқаған Абай 1882 жылы оны өзіне бала етіп алып, Мағауиямен бірге тәрбиелеген. Семейге ертіп барып, білім алуына көмектескен. Абайдың ақыл-кеңесімен Тұрағұл екеуі қарасөз, аударма, көңіл күй тақырыбындағы қысқа өлеңдер жазады. «Абай ағамның қатарында жүрген 24 жыл ішінде оның үйретпеген білімі болмады, бірақ бәрін түгел ұғып ала алмадым. Сондықтан мен Абай ағама зор қарыздармын, ендігі мақсатым – шамам келгенше оның асыл қазынасын кейінгі жастарға жеткізіп беру», - деп Кәкітай өзіне уәде берген екен, уәдесін орындап, осы тұңғыш кітапты бастырып шығартыпты. Бірақ бұл публицист, ғалым Әлихан Бөкейханның ақыл беруімен атқарылған іс екен. Жақын туыстары Абай қазасынан кейін, Әлихан Бөкейхановтың кеңесі бойынша ақынның мұрасын жинастырып, баспаға әзірлеуге кіріскені мәлім. Бұл туралы құнды деректі 1915 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған Кәкітайдың қазасына байланысты жазған мақаласында: «1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар, деп балаларына хат жаздым» деп Әлекеңнің өзі жазған. Абай дүниеден өткенде алғаш рет орыс тілінде қазанаманы жазған да Әлекең екені белгілі. Сөйтіп, Кәкітай мен Тұрағұл 1905 жылдың қысы мен жазғытұрымында Абайдың өлеңдерін, қарасөздерін жинап, түгендейді. Ал, жадырап жаз келгенде бұл екеуі Абай мұрасын көрші әрі туысқан есебінде болған Мүрсейіт Біке баласы деген молданың қолына беріп, әдемілеп көшіріп жазуды тапсырады. Көркем (ескіше хұсни) жазудың хас шебері Мүрсейіт молда арнайы тігілген қоста отырып, өз жұмысын бір айда аяқтап шыққан екен. Ақын Абайдың алғашқы кітабы мен Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбаларынан басқа, бұл қорда 1933-1936 жылдары жарық көрген латын тіліндегі жинақтары да сақтаулы. Екі жинақты жинақтауға Мұхтар Әуезов қатысып, 1934 жылғы басылымын Р.Жаманқұловпен бірігіп құрастырған. «Абай Құнанбайұлы, әңгімелер, «Масғұт», «Ескендір» деп аталатын бір жинақта «16 беттен 104 бетке дейін бас-аяғы жоқ» деп анықтама берілген. Кітап араб әрпімен жазылған ескі басылым екені байқалады. Сонымен қатар, 1939-1940 жылдары «Көркем әдебиет» баспасынан латын әрпімен басылған 2 томдық шығармалар жинағын да атап кетсек болады. Абайдың көзі тірісінде жарық көрген шығармалары бірді-екілі ғана екенін және ақынның өз қолжазбалары сақталмай, шығармалары түгелдей дерлік Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбалары арқылы жеткені ескерілсе, бұл тұңғыш жинақтардың мәні зор екені анық. Құнды жәдігерлердің бірі болып саналатын Н.Жиренгин жинап тапсырған, 1945 жылғы латын әрпінде жазылған «Абайдың хаттары мен ертегілері» атты қолжазба. Мұнда «Құнанбайдың баласы Халиоллаға жазған хаты», «Абайдың Халиоллаға жазған хаты», «Абайдың шешесінің Халиоллаға жазғаны» сынды хаттар мен «Ақсақ француз туралы ертегі», «Ғәділхайыр деген патша ертегісі», «Жеті үй», «Сары үйдегі әңгіме» сынды көптеген ертегілері енгізілген. Халиолла - Құнанбайдың үшінші әйелі, «Абай жолы» роман-эпопеясында айтылған сұлу, жас тоқалы Айғыздан туған. Халиолланы ағайын-туысы - Халел десе, оның аты-жөні орыс басылымдары мен архив деректерінде Халиулла Ускенбаев делінеді. Халиолла жасында Құнанбайдың барлық балалары сияқты ауыл молдасы Ғабитханнан дәріс алып, мұсылманша хат таниды. Сондықтан да, Ғабитхан молданың Омбыда оқып жатқан Халиоллаға жолдаған 1866 жылғы 4 ақпандағы хатында «Ұстазың Ғабитхан» деп жазуы тегін емес. Бірақ бұл хатты Абайдың шешесі Ғабитханға жаздырған екен. Ал, екінші хат 1966 жылдың 8-ші наурызында Абайдың Халиоллаға жазған хаты болатын.

- Ал біздің Павлодар өңіріне қатысты қандай құнды дүниелер бар?

- Біздің Павлодарға келуіміздің себебі болып отырған, биыл туғанына 160 жыл толған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қолжазбаларының ең көп бөлігі - 20-ға тарта папка біздің қорда сақталған. С.Торайғыров атындағы ПМУ 20 томдығын шығарды ғой, сол кітаптың бәрі біздің қордағы материалдар негізінде жазылды деп анық айта аламын. Ұрпақтары – Нартай, Лаура, Естай қорда отырып, жұмыс істеді. Мәшһүр атамыздың өлеңдері, халық аузынан жинаған материалдар, шежірелер, Абылай хан, Бөгембай батыр сынды тарихымызға қатысты дүниелері баршылық. 1907 жылы Қазаннан шыққан кітаптары да бізде сақталған. Шәкәрім атамыздың да төте жазумен жазылған 1911 жылы Орынбордан шыққан «Қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресі» деген кітабы Қазақстан бойынша тек біздің кітапханада сақталған. Сондай-ақ, Алаш қайраткерлерінің көп дүниесін, әдеби шығармаларын да бізден табуға болады. Жүсіпбек Аймауытов, Ермахан Бекмаханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев – бәрінің түпнұсқа кітаптары біздің қорда сақтаулы.

- Иә, құнды дүниелер жетерлік екен. Бағзыдан жеткен мұраларға замана тозаңы із қалдырған болар. Қалпына келтіру мәселесі туралы сұрақ қойған едік...

- Иә, жалпы, еліміз бойынша көне қолжазбаларды қалпына келтіру жұмысы ойдағыдай емес. Енді ғана айтылып, қолға алына бастады. Сондықтан біз құнды қолжазба, кітаптарды келер күндерге сапасын жоғалтпай жеткізу үшін арнайы температурада, тиісті бөлмелерде сақтаудамыз. Кеңес үкіметі кезінде арнайы реставрация бөлімі жұмыс істеген. Қазір ол бөлім сектор болып отыр, бірақ бұрынғыдай мамандар жоқ. Қазір қолжазба, кітаптарды қалпына келтіретін жақсы мамандар Ұлттық кітапханада бар. Қалпына келтіру жұмыстарын үйрену үшін араб елдерінде, Иранда болдық. Бұл елдерде көне дүниелерді қалпына келтіру ісі өте жақсы жолға қойылған. Оларда қағазды суға салып, езіп, тура көне қолжазбаның қағазындай етіп, бояп, оның өзіне химияны араластырмай, шөптік өсімдіктерді пайдаланады. Үлкен процесс. Соларды үйреніп келдік, дегенмен арнайы құрал-жабдықтар керек. Иран елінде көне қолжазба, кітаптар үшін арнайы қағаздарды Жапониядан алдыртады екен.

- Гүлшат Мәсәлімқызы, сирек қолжазба, кітап құнды дүние болғандықтан қолға берілмейтіні белгілі. Сонда қолжетімділік жағы... мәселен, заманауи нұсқада электронды-сандық форматқа көшіру мәселесі қалай?

- Дұрыс сұрақ. Біздегі арнайы автоматизация бөлімі қазір барлық сирек қолжазба, кітаптардың электронды нұсқасын жасауда. Бұл жұмыс 2000 жылы басталған-ды. Кітапханада арабтанушы Дина Жандосова деген маманымыз бар. Дина апай Каирдегі Александрия кітапханасына барып, алғаш рет көне қолжазбалардың сандық жүйеге қалай түсіретінін естіп, біліп, үйреніп, алып келді. Жұмысты өзі ұйымдастырып, бастады. Кез келген адам www.library.kz сайтынан керегін алфавиттік тәртіппен таба алады. Тек көшірмесін ала алмайды.

- Үкімет тарапынан әр жылдарда «Мәдени мұра», «Тарих толқыны» сынды бағдарламалар қолға алынды. Сол бағдарламалардың игілігін ғылыми кітапхана көре алды ма?

- Әрине. Осы бағдарламалар негізінде өзім шығыстанушы ретінде (мамандығым – парсы тарихы) Индия, Түркияға барып, Қазақстанға қатысты қолжазбалардың сандық қалыпқа түсірілген электронды нұсқаларын әкелуге қатыстым. Сондай-ақ 2000-2008 жылдары өз алдына Орталық ғылыми кітапхана болып жұмыс істеп тұрған кезде өзіміздің де жеке бағдарламаларымыз болды. Кітапхананың күшімен және ғылымға жанашыр меценаттардың көмегімен, олардың ішінде ерекше атап өтейін, алғашқы теңгеміздің авторының бірі Қайролла Ғапжалиловтің қолдауымен Москва, Санкт-Петербург қалаларындағы Ұлттық кітапхана, Ғылым Академиясының кітапханалары, мұрағаттарында болып, Қазақстанға қатысты көптеген қолжазбалар мен сирек кітаптар көшірмелерін әкелдік. Қазандағы Ғылым академиясы мен Ұлттық кітапханасынан да көп материалдарға қол жеткіздік, міне, сол жылдары кітапхана қоры толықты. Жоғарыда айтылған «Тарих толқынында» бағдарламасының аясында 2013 жылы белгілі шығыстанушы ғалым Ғалия Қамбарбековамен бірлесіп, Индияның Калькутта, Хайдарабат қалаларының кітапханасындағы қазақ тарихына қатысты құнды қолжазбалардың көшірмелері әкелінді. Ол жақта қазақ тарихы жайлы мәліметтердің болуы заңды ғой. Ол елді бірнеше ғасыр Бабырдан бастап, солардың ұрпақтары, өзіміздің түркі тұқымдастар басқарғаны тарихтан белгілі. «Ұлы Жібек жолы» арқылы да тарады.

- Ал шетелдіктер, олардың тарихы жайлы бізде қолжазбалар бар ма?

- Бар. Сонау ХVІ ғасырдан бастап шыққан Еуропа тілдеріндегі 500-ге тарта кітап сақталған. Ескі гот тілі, ағылшын, француз, неміс тілдеріндегі кітаптар бар. Кітапхана болғаннан кейін біздің мақсат – бар дүниелерді жұртшылыққа қолжетімді ету. Соның негізінде де көп жұмыстар атқарылуда. Мәселен, бірнеше рет Ғылым комитеті ұсынып отырған байқау, жобаларға қатысып, қордағы 22 мың қолжазбаның көрсеткішін жарыққа шығардық. Көрсеткіш оқырманға ең қажет дүние ғой. Ғ.Қамбарбекованың көмегімен қордағы парсы тіліндегі кітаптардың каталогы шығарылды. Жалпы, біздің қор, жоғарыда айтып өткенімдей, 1950-1960 жылдардағы алғашқы экспедициялар негізінде толықты, одан кейін Тәуелсіздік жылдарындағы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша ғалымдар шет елдерге шығып, көптеген материалдар әкелді, үшінші кезең – «Тарих толқынында» бағдарламасы бойынша көптеген дүниелер жеткізілді.

- Бізде шетелдерге қатысты тарихи жазбалар бар ма? Ол жақтар біздегі қолжазбаларды іздей ме?

- Бар. Бізде араб, парсы, түркі тілдес елдердің тарихына қатысты қолжазбалар сақталған. Сол жақтың зерттеушілері жиі келеді. Әсіресе, Түркі елі. Биыл екі студент зерттеумен айналысуда. Өздерінде жоқ дүниелерді бізден тауып отыр. Қазақ тілімен айналысып жүрген жапондықтардың бірнешеуі де біздің қорда жұмыс істеді. Бірақ олар Орта Азия, қазақ тарихына қатысты мәліметтерді іздестірді.

- Қорда құнды кітаптар, сирек кезде-сетін ғылыми басылымдар туралы не айтар едіңіз?

- Ең сирек кездесетін кітаптарды атап өтейін: Леонтий Филиппович Магницкийдің 1703 жылы жазған «Арифметика» кітабы бар. Бұл еңбекте сол кездегі математикалық білімдердің: арифметиканың, алгебраның және тригонометрияның негіздері қамтылған. Кітап авторымен І Петр математикалық ғылымдар жөнінде талай рет әңгімелесіп, білімінің тереңдігіне қайран қалып, оны магнит деп атап, документтерде Магницкий деп жазылуға әмір еткен. Магницкийдің ертедегі өмірбаянында «оның бұған дейінгі фамилиясының кім болғандығы тіпті жақын жүрген адамдарға белгісіз» деп жазылған. Сондай-ақ, жазушылар мен қаламгерлердің көзі тірісінде басылып шыққан кітаптарынан А.С.Пушкиннің (1799-1837) «Руслан мен Людмила» поэмасы бар. Бұл еңбек 1820 жылы шыққан. Н.И.Гнедич аударған «Гомердің Илиадасы», неміс тілінен аударылған М.Ломоносовтың (1711-1765) «Орыс халқының қысқаша шежіресі» секілді еңбектер баршылық. Атақты неміс саяхатшысы, географ, шығыстанушы, тарихшы, математик және физик Адам Олеарияның (1599-1671) «Московияға және Московиядан Парсы еліне және қайта оралу саяхатының баяндамасы» атты атақты туындысы, басқа да неміс, француз елдерінің жазушы, зерттеушілерінің түрлі тақырыптардағы еңбектері сақталған. Осылардың арасынан көпшілікті қызықтыратын қордағы ең көлемді кітап «Описание священнейшего коронования их императорских величеств, государя императора Александра II и государыни императрицы Марии Александровны всея Руси» деп аталады. Бұл еңбек 1856 жылы 200 таралыммен Парижде басылып шыққан. Кітаптың ұзындығы - 92 см., ені - 68 см., салмағы - 22 кг. Бұл кітапта Ресей императоры ІІ Александрдың таққа отыру рәсімі суреттеледі. Рәсім 1856 жылы тамыздың 26-сынан қыркүйектің 16-сына дейін тойланған. Бұл тойға әлемнің түкпір-түкпірінен патшалар мен ханзадалар, елшілер, т.б. қонақтар жиналған. Императордың таққа отыру рәсіміне Сібір қырғыздарының депутаттары аға сұлтан, майор – Мұса Шорманов, сұлтан, подполковник - Татенев, сұлтан, капитан - Аблес Али қатысқан. Рәмізге қатысушы қонақтардың саны 8000-нан асқан, тойға 672 стол жайылып, 20 000 гүл шоқтары қойылып, 14 000 май шам жағылған. Кітап 55 бет көркемсуретпен безендірілген. Бұл суреттерді орыс пен француздың әйгілі суретшілері салған. Олардың арасында қырғыздардың аңға шыққан сәті бейнеленген сурет те бар. Кітап жоғары мәртебелі мырзалар мен қонақтарға тегін сыйға тартылған. Сирек кездесетін басылымды кітапхана 1960 жылы облыстық сауда басқармасының №1 кітап дүкенінен 1500 рубльге сатып алған екен.

- Тамаша! Мұндай дүниелерді көзбен көрудің өзі бір ғанибет қой. Гүлшат Мәсәлімқызы, бұлар өткен замандардың құндылықтары. Ал қазіргі көзі тірі немесе соңғы 10-15 жыл дересінде дүниеден өткен біртуар тұлғалардың қолжазбаларын жинадыңыздар ма? Енді бір 20-30 жылдан кейінгі ұрпақ оларды да іздестіреді ғой... Мәселен, Әбіш Кекілбай, Фариза Оңғарсынова, Мұқағали Мақатаев, Ілияс Есенберлин, бүгінгі көзі тірі қаламгеріміз Мұхтар Мағауин...

- Жоқ деуге болады. Әрине, көзі тірі қаламгер, зерттеушілердің еңбектерін тапсырғандары дұрыс қой, Сіз айтқандай, ертең оларды да іздейтіндер, зерттейтіндер табылады. Бірақ қазір технология да басқа. Бұрынғы қолжазбалар қолмен жазылды, көшірілді. Ал бүгін компьютерге теріліп, баспадан кітап болып басылып шығады. Дегенмен, қандай түрде болса да, бізге тапсырылу керек деп ойлаймын. Ешкім де, ештеңе де мәңгілік емес.

Біздің кітапхана қорындағы Қазақстан тарихына қатысты сирек қолжазбалар мен кітаптар Тәуелсіз еліміздің өткенін, ақтаңдақтарын анықтауға мүмкіндік беретін аса құнды дүниелер деп білеміз.

...Сөзімнің соңында, Мәшһүр Жүсіп сынды ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген Ертістің Кереку өңірінің тұрғындарын Ұлыстың ұлы мерекесімен «Сарыарқа самалы» газеті арқылы құттықтаймын. Жаңа жыл елімізге құт-берекесін, әр отбасына шат-шадыман қуанышын ала келсін. Тәуелсіздік тұғыры берік болсын деймін.

- Айтқаныңыз келсін! Рақмет, Гүлшат Мәсәлімқызы! Халықтың тарихын көздің қарашығындай сақтау, іздестіру, зерттеу ісіндегі еңбектеріңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан – Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz