Павлодарлық Александр Новоселов 2 айдан соң құрметті еңбек демалысына шығуы тиіс. Сол уақытта қанша зейнетақы алатынын білмек болып, Халыққа қызмет көрсету орталығы мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан анықтама алып еді, бірақ екі құжаттағы сома екі түрлі болып шықты. Сөйтіп, 40 жылдық өтілі бар азамат еңбегі үшін нақты қандай көлемдегі төлем алатынын білмек болып, «Ашық есік күніне» арнайы келіпті.

- Анықтамалардың бірінде жинақ қорымда 1 млн. 700 мың теңге, екіншісінде 3 млн. 800 мың теңге бар деп көрсетілген. Бұл құжаттардың қайсысына сенерімді білмеймін, - дейді А.Новоселов.

Белгілі болғандай, Халыққа қызмет көрсету орталығы берген құжатта инвестициялық кіріс есепке алынбаған. Шын мәнінде тұрғынның жинаған қаржысы мен мемлекет тарапынан берілген инвес-тицияны қоса алғанда қордағы қаржысы 3 млн. 800 мың теңгені құрайды.

Бұл ретте, осы жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы көлемі артатынын атап өту керек. Енді ол жалпы еңбек өтіліне байланысты есептелетін болды. Атап айтқанда, 1998 жылға дейінгі тәжірибе еңбек кітапшасына, ал одан кейінгі мерзім жинақтаушы жүйеге сәйкес назарға алынады.

- Қазіргі уақытта базалық зейнетақы көлемі 15 мың теңге болса, жаңа жүйеге сәйкес жалпы еңбек өтілі есепке алынған соң бұл сома 10 мың теңгеге дейін көбеюі мүмкін, - дейді «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Владимир Питраков.

Тұрғындарды толғандыратын тағы бір мәселе – жұмыс берушілердің зейнетақы төлемін тиісті шотқа уақытылы аудармауы. Мәселен, павлодарлық Майра Тұрлыбаеваның айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын ол қызмет еткен компания басшылығы зейнетақы аударымын бір жылда бір-ақ рет жасаған. Мұндай жағдай зейнетке шығу кезінде еңбек өтілінің есептелуіне кері әсерін тигізеді.

- Жұмыс берушілер аударымды ай сайын жүргізуі тиіс. Себебі бұдан былай еңбек өтілі бір жылда қанша зейнетақы аударымы жасалғанына байланысты сараланатын болады. Айталық, қызмет ететін адамның есепшотына жылына 5-6 рет қана аударым жасалса, ол сол 5-6 ай ғана жұмыс істеген болып саналады. Сондықтан әр тұрғын тиісті төлемнің уақытылы жасалауын қатаң қадағалауы қажет. Әйтпеген жағдайда, сотқа шағым түсіруіне мүмкіндік бар, - дейді В.Питраков.

Павлодар облысы бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының директоры Айгүл Қапенова жұмыссыз азаматтар мемлекет тарапынан қаржылай көмек ала алатынын айтты.

- Адам жұмысқа қабілеттілігінен, асыраушысынан немесе жұмысынан айырылған жағдайда мемлекеттік қолдауға арқа сүйей алады. Айталық, белгілі бір кәсіпорында қысқарту болса, қызметкер жұмыс берушімен келісімшарттың бұзылғанын айғақтайтын құжатты көрсетіп, жұмыспен қамту орталығында тіркеліп, мемлекет тарапынан 4-6 ай аралығында ай сайын шамамен 25-30 мың теңге көлемінде өтемақы ала алады, - деді А.Қапенова.

Сондай-ақ, «Ашық есік күні» шарасына келушілерге алдағы уақытта алатын зейнетақы көлемі есептеліп, тиісті кеңестер берілді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz