Қоқыс полигондарына жыл сайын 60 млрд. теңге «көміледі». Бұл қомақты қаржы тұрмыстық қатты қалдықтардың қайта өңдеуге болатын көлеміне тең. Мұны мамандар морфологиялық құрамын зерттей келе көз жеткізіпті. Яғни, «керексіз зат» деп қарамай, кәдеге жаратуға асықсақ, экологиялық зиянын азайтумен қатар, экономикалық пайдасын да көруге болады. Осы бағыттағы жұмыстардың қарқыны қандай?

Рас, біз «тұрмыстық қалдық» деп қарағанды дамыған елдер «байлық» деп санайды. Мысалы, қоқсыған қоқыстан Сингапур күніне 2500 Мвт-сағат электр қуатын өндіреді. Швецияның электр станциясының жанармайы мен өндірістік шикізатының 99 пайызы содан тұрады екен. Францияның пластик, шыны және қағазы қоқыстан жасалады. Австрия 265 мың тонна жылу энергиясын, ал Бельгия 75 пайыз тыңайтқыш, шикізат, энергия алып отыр. Бізде керісінше, кәдеге жарату жағы кемшін. Елімізде тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, өңдейтін 130 кәсіпорын тіркелген көрінеді. Сан бар, сапа жоқ.

Сөзіміз дәлелді болсын. Бүгінде Павлодар облысында «осы саладан табыс табамыз» деген 10-ға жуық шағын кәсіпорын бар. Құзырлы мекеме өкілдері олардың жұмысы көңіл көншітерліктей емес екенін айтуда.

- Қазіргі кезде өндірістік қалдықтарды өңдеу мәселесіне ерекше мән беріп отырмыз. Жасыратыны жоқ, бұл – ақсап тұрған салалардың бірі. Осының салдарынан зауыттардан шыққан қалдықтар сыртқа үйіліп немесе бостан-босқа жерге көміліп жатыр. Оның қоршаған ортаға қаншалықты зиян келтіретіні айтпаса да түсінікті. Бүгінде облысымызда «қалдық-тарды өңдеп, кәдеге жаратамыз» деп бекінген 10-ға жуық кәсіпорын бар. Бірақ олардың жұмысы жолға қойылмаған. Сондықтан өндірістік қалдықтарды өңдеуді заңмен міндеттеу қажет. Жаңадан әзірленіп жатқан Экологиялық кодекске осы бағытта тиісті ұсыныс жасадық, - дейді Павлодар облысы бойынша экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев.

Елімізде қоқыс өңдеу зауыттарының ашылмай жатып жабылуына не себеп? «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палата-сының Ақпараттық-коммуникациялық технология, білім және инновация комитетінің төрағасы Мұрат Әбеновтің айтуынша, қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарды мемлекет тарапынан қолдамайынша, жұмыстары ешқашан өнбейді.

- Бүгінде Қазақстанда 43 млрд. тонна тұрмыстық, өндірістік қалдықтар қатпарланып, жиналып қалған. Өкінішке қарай, оның тек 9 пайызы өңделеді. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тым болмады 40 пайызға жеткізу мақсаты тұр. Шет мемлекеттерде қоқысты өңдеу табысты бизнес көзіне айналған. Бізде бұл салада жұмыс істеу тиімсіз. Обал нешік, кәсіпкерлер мұндай өндірісті жолға қоюға тырысты. Көп қаражат жұмсап, бірнеше зауыт аштық. Нәтиже бермеді. Сондықтан «жасыл» экономиканы дамытуға аяқ басқан кәсіпорындарға мемлекет тарапынан субсидиялау сияқты қолдау шараларын қарастыру қажет, - дейді М.Әбенов.

Тағы бір мәселе... Қазақстанда қоқыс өңдейтін зауыттар өндіріске жарамды шикізат таппай отыр дегенге сенесіз бе? Бір қарағанда, бұл жоғарыда келтірген деректерімізге кереғар келетін сыңайлы. Алайда ол – шындық. Гәп - мынада. Елімізде қалдықтарды сұрыптап жинау мәдениетінің жолға қойылмауы экологиялық һәм экономикалық ахуалға кері ықпалын тигізуде. Әзірге республикамыздың түкпір-түкпірінде қоқыс полигондарын салып, қалдықтарды тау етіп үйгеннен әрі аса алмай отырмыз. «Тәрбиенің тал бесіктен басталатыны» сияқты, мұның да өзегі - тәрбиеде. Бұл жолы да дамыған елдердің тәжірибесіне жүгінуге тура келеді. Онда жұртшылық тұрмыстық қалдықтарды бөлек, яғни қағазын, пластигін, ағашын жеке жинауға дағдыланған. Ал бізде жеке жинамақ түгілі, көшеге шашып кететіндер бар. Өзіміз мекен етіп отырған жердің келбетін көп жағдайда өзіміз осылай бұзып жатамыз. Қай жерде де арнайы жәшіктерге жетпей «желкесі қиылып», шашылып жатқан қоқысты көресіз. Сөйтіп, табиғат адамдардың қолдан жасаған қиянатынан зардап шегіп отыр. Бұл жауапсыздық экологиялық ахуалды одан сайын қиындатуда.

Облысымызда экология жылы аясында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған кешенді шаралар қолға алынуда. Атап өтерлігі, ақпан айынан Павлодар қаласының бірқатар білім ордаларында экологиялық марафон шарасы басталды. Оның аясында мектептерде сұрыптап, яғни қағаз, пластик, шыны сияқты басқа да қоқысты жеке-жеке жинау жүйесі қолданылуда. Бұл жаңашылдық қоқысты бөліп тастау мәдениетіне баулуға бағытталған. Сұрыпталған қатты қалдықтарды бөлек жинау оны қайта өңдеу бағытындағы шараларды жедел жүзеге асыруға мүмкіндік береді, дейді мамандар.

Павлодарда тұрмыстық қалдықтарды тасымалдаумен айналысатын жалғыз кәсіпорын - «Спецмашин» ЖШС-нің басшысы Сүйіндік Нұрымовтың айтуынша, бүгінде еліміздің Астана, Қостанай, Қарағанды қалаларында қоқысты бөліп тастау бойынша пилоттық жобалар қолға алынған. Бұл мақсатқа қомақты қаражат та бөлінген. Себебі жобаны жүзеге асыру үшін жаңа үлгідегі қоқыс тастайтын жәшіктер мен тасымалдайтын жүк көліктері қажет. Серіктестік тарапынан Павлодар облысын осынау пилоттық жобаға қосу туралы ұсыныс тиісті ведомстволарға жолданған. Әзірге жауап жоқ.

Ерекше ескеретін жағдай, 2019 жылдан бастап қоқыс алаңдарына бөліп тасталмаған, яғни сұрыптаудан өтпеген тұрмыстық қалдықтарды қабылдауға тыйым салынады. Бұл құрылыс заттарына да қатысты. Тұрғындардың қоқысты тастау мәдениетінің төмендігін ескерсек, «бұл талап үдесінен шыға аламыз ба?» деген заңды сұрақ туындайды.

Атап өтерлігі, «Спецмашин» ЖШС аумағында қоқыстарды өңдеу бойынша шағын өндіріс іске қосылған. Ол үшін Қытай елінен арнайы құрал-жабдықтар әкеліп, орнатылыпты. Мұндай пластик қалдықтардан жаңа өнімдерге деген гранулалар, полиэтиленнен қапшықтар дайындап шығарады. С.Нұрымов қайта өңделген өнімге деген сұраныстың бар екенін айтуда. Мысалы, павлодарлық «Қазбытхим» кәсіпорны пластик ұнтақта-рынан химиялық заттарға арналған ыдыс жасап шығарады. Серіктестік мұнымен шектеліп қалмақ емес. Болашақта қалдық қағаздардан дәретхана қағазын шығаратын цех іске қоспақшы. Бұдан бөлек, пластик өнімдерінен жиектастар мен жаяу жүргіншілердің жолына төсейтін тас тақтайшаларды өндірмекші.

- Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу - шығынды әрі күрделі өндіріс. Ол адам күшін көп қажет етеді. Себебі қоқыс қолмен сұрыпталады. Мұндай өндірісті қолға алуға әркімнің дәті бара бермейді, - дейді С.Нұрымов.

Биыл германиялық «Шнайдер Эдензи» компаниясы Павлодар қаласындағы Орталық өндірістік аймақтағы қоқыс полигоны жанынан қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салуды көздеп отыр. Инвестициялық жоба нәтижесінде қайта өңдеуден өткен қоқыстың 20 пайызы гипербелсенді көмір, ал қалған 80 пайызы электр және жылу энергиясы болып шықпақ.

Әрине, ауызды құр шөппен сүртуге болмайды. Қоқысты қайта өңдеу саласында жоғарыда аталғандай тың жобалар жоспарлануда. Нәтиже – болашақтың еншісінде. Ең бастысы, бұл мәселені тек экономикалық тұрғыдан бағамдауға болмайтынын түсінген абзал. Тұрғындардың қоқыс тастау мәдениетін арттыру қажет. Жоқтан бар жасауға әлдеқашан кірісіп кеткен елдерден үлгі алып, еліміздің әр қаласында қоқыс өңдеу зауытының жұмысын жолға қойсақ, табиғаттың тынысы ашылып қана қоймай, жұмыссыз жүрген қаншама адамның екі қолына бір күрек табылар еді.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz