Мұхтар ШАХАНОВ, ақын, қоғам қайраткері (Facebook парақшасынан алынды):

– Бұрын Кеңестер Одағы кезінде радиоларда, телеарналарда Көркемдік кеңестер жұмыс істейтін. Аталмыш кеңестер қабылдануға тиісті әннің сөзін, музыкасын үлкен тексерістен, сын елегінен өткізетін. Сол кеңестер жойылғалы бері ширек ғасырға жуықтады. Қазір кез келген адам телеарналарға барады да, өз ақшасына түсірткен бейнебаянды ұсынады. Қасына (жасырын түрде) 5 мың немесе одан да көп долларды қояды. Бітті. Бұл заманда сатылмайтын ештеңе қалмады. Соңғы кездері қоғамда әншілердің мағынасыз әні мен ерсі әрекеті жиі сыналатын болып жүр. Алайда олар соған қарамастан, киелі сахнаға шығып, телеарнадан түспейтін болып алды. Егер көркемдік кеңес құрылатын болса, сөзін адам баласы түсініп болмайтын әндер сахна мен телеарнаға жол тартпас еді. Әлгі мағынасыз, көркемдіктен жұрдай әнді бір ай бойы, тіпті, күніне екі-үш реттен телеарнадан қайталап отырады. Соның салдарынан қазақтың мақтанышына айналған Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов секілді сазгерлердің әндері назардан тыс қалып отыр. Мысалы, қазір Өзбекстан ұлттық құндылыққа немқұрайды қарайтын әншілерді телеарна мен сахнаға жолатпайды. Мұндай бақылау дәл қазір бізге ауадай қажет.


Сайлау БАЙБОСЫН, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ақын, журналист:

- Абай ақын: «Ақындық - Алланың адамға берген сыйы» дейді. Түсіне білгенге мұның мәнісі терең. Ал қазір ақшасын төлесе болды, кез келген адам өзі қалаған тақырыпқа кітап шығара беретін болды. Ең сорақысы сол, өңірдің, ауданның тарихына қатысты дүниелерді елеп-екшемей-ақ, әркім өз руына, тегіне тартып, кітап жазып шығарады. Әрине, әулеттік, отбасылық кітап жазып, бала-шағасына таратуына қарсы емеспін. Бірақ бүгінгі, ертеңгі ұрпақты тарихтан адастыратын, сондай-ақ, көркемдігі, мазмұны төмен дүниені көркем әдебиет - поэзия, проза, драма, аударма, жалпы, жазба өнерінің қай саласынан болсын, келеңсіздікке жол берілмеуі тиіс. Жастар арасында поэзия әлемінің есігін ашқан, өлең жазатын талаптылар баршылық. Олардың шығармаларын талдап, таразылау, жөн сілтеу секілді кеңестер беру қажет-ақ. Жалпы, өңіріміздің өнер, әдебиет саласында қандай олқылықтар, мәселелер бар, соларды анықтавп, жөнге салуды қолға алу керек деп ойлаймын. Міне, Көркемдік кеңес бізге сол үшін керек. Осы мәселені мен соңғы уақытта тиісті орындарға жиі айтып, мәселе көтерген едім. Бір жағдай, қазір баспаханалар жеке меншікке өткен, әрі олардың тізгінін өзге ұлт өкілдері немесе орыстілділер ұстап отыр. Сондықтан оларға ақша төлесе болды, кез келген дүниені алаулатып-жалаулатып, мұқабасын қатырып тұрып шығарып береді. Құрылған кеңес осындайларды тыюға пәрменді болуы тиіс деп ойлаймын.


Назымбек ДҮКЕНБАЙ, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің профессоры, ұстаз-сазгер:

- Көркемдік кеңес баяғыда құрылуы тиіс еді. Кеңестік кезеңде жұмыс істеген еді, ол кезде келеңсіздіктерге жол берілмейтін. Көпшілікке, халық арасына тарайтын әндерді қатаң сүзгіден өткізетін. Тек ән, музыка ғана емес, кітап, көркемсурет, жалпы қай саласы болса да қатал тексерілетін-ді. Өйткені өнер - үлкен тәрбие құралы, идеология. Ол қандай бағытта болса, халықты да сол бағытқа жетелейді. Негізінде, музыка, театр, көркемсурет көпшіліктің деңгейін көтеруі тиіс. Ал қазіргі көбік әнсымақтарды тыңдап, санасына қабылдаған жастан ертең қандай азамат шығады? Міне, Көркемдік кеңес дегеніңіз өнер саласын бір жүйеге келтіру үшін керек. Қазір шығармашылық адамдары өз бетінше әрекет етуде. «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ»-тың күйін кешіп отырмыз. Мысалы, Павлодарда симфониялық оркестр, хор бар. Ақын Серік Елікбай екеуіміз «Қазақ хандығы тарихынан» атты музыкалы-поэзия топтамасынан 4-5 әнді симфониялық оркестрге, хорға өңдедік. Сөзін Серік жазды, мен әнімен айналыстым. Бұл шығармалар - қазағым, елім, жерім деген отаншылдық сипатта жазылған дүниелер. Осы туындыларды аталған ұжымдардың басшыларына ұсынып едік, «Жоқ, ала алмаймыз, бізге жоғарының нұсқауы бойынша Моцарт, Чайковскийдің шығармаларын орындауға тиіспіз» дейді. Өз еліңнің әні, музыкасы қандай, шет елдікі қандай?! Әрине, әлемдік деңгейдегі бұл композиторлардың туындыларына қарсы емеспіз, бірақ алдымен өз ұлтыңның дүниесін қабылдауға тиіссің ғой. Сондықтан құрылған Көркемдік кеңес осындай сең боп қатқан жағдайды бұзып-жарып, ұлттық өнерге бет бұрғызуы тиіс деп ойлаймын.

«Алаңды» үйлестірген – Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz