Тура бірінші сәуір, Күлкі күні бір келіншек келді.

– Ағай, «қытық, қытық» деген күлкі салоны осы ма? – деп сұрады ол.

– Ия, күлкі – дәрумен, күлкі адамдардың саулығын жақсартады.

– Жылауық өмірден жалығып кеттім, бір күлейінші деп едім...

– Мына орындыққа отырыңыз...

Келіншектің отыра бергені сол, орындықтың аяқтары қирап, жерге шалқасынан түсті. Әдейі сөйтіп қойғанбыз. Мен бұрыштағы шымылдықты ашып жібердім, әйелім мен жеті бала–шағым хормен жаппай «хахалап» күлді.

– Бұл не? – деп сұрады келіншек.

– Қытық, қытық...

– Күлкілеріңіз түрпі! – деген кербез келіншек кетіп қалды. Бір тиын төлеместен. Күлкіден банкрот болмасақ жарар еді. Сөйтіп, мұңайып отырғанымызда, бір кісі келді. Қолында портфель.

– Аудан әкімі едім, халыққа өтірік есеп беріп, есім шықты. Бір күліп алайыншы?

– Алдымен ақшасын төлесеңіз?

– Қанша сонда?

– Тырқылдап күлу – төрт мың теңге, ыңқылдап күлу – үш мың теңге, айқайлап күлу – алты мың, жыртылып күлу – жеті мың...

– Қалай күлдіресіңдер?

– Қытықтап...

– Өй, солай ма? Көңілдесіме қытықтата саламын, – деген ол кері бұрылып кетіп бара жатыр еді, әрең көндірдім. Автоматты түрде қытықтайтын орындыққа отырғыздым. Жапониядан алдырғанмын. Бір кезде пультті басып қалып едім, «Қытық, қытық!» деген дауыс шықты да, орындықтың жанынан жасанды қолдар шығып, бірі әкімді құшақтай алды. Екінші қол сумаңдап, қолтығынан қытықтады, үшінші қол тамағынан сипады, төртінші қол қарнын тырнады. Ішек–сілесі қатқан әкім қашып кетейін десе, қапсыра құшақтаған қолдар жібермейді! «Қытық, қытық!» деген дауыс шыққан сайын тырқылдап күледі дейсің! Күлмейтіндер үшін күлуге отырғызып қойған бала–шағам да күлкіден жарылды. Риза болған әкім он мың тастап кетті, сөйтіп күлкі бизнесімді бастап кетті! Сол екен, қымбатшылықтан қажып, қабырғалары ырсиып жүрген кедейлер де, тойған қозыдай томпиып жүрген байлар да келіп, күн сайын күліп кетіп жүрді. Тіпті, жеті жасар «зорланды» деген баланың әжесі берген арызын қарамаған полицейлер де тырқ–тырқ, жырқ–жырқ күліп кетті! Жылда су тасқынын құрметпен күтіп алатын әкім–қаралардың да күлкіден жарылғаны!

О, құдыреті күшті Күлкі, мен саған басымды иемін!

Мұхтар ШЕРІМ.


1 Сәуір күлкі күні!

Көңілдің кілті - күлкі!

Күлкі деген - мына өмірдің гүлі еді,
Күлген жанның сырқат болмас жүрегі.
Банк жаққа қарап жылап тұрсам да,
Кассир бикеш маған қарап күледі.

Қандай екен шынайы өмір іреңі,
Біреу тойып, біреу неге жүдеді.
Тоғыз қабат торқа киген бай ұлы
Нан сұраған қайыршыға күледі.

Өңешіне өгіз құлар құлқындар,
Дәніккен соң құнығам деп жылтыңдар.
Жаймен ғана өскен жәрдемақыға,
Аспандаған азық-түлік тырқылдар.

Күлкі болмау үшін жүрсең амалдап,
Басу керек алға қарай қадам нақ.
Бар нәрсенің бастан асса бағасы,
Ашудан да күледі екен адамзат.

Сөгетұғын жақынмен жат көбейді,
Күлкі болу - әдет емес мерейлі.
Күліп тұрып той жасайтын бұл қазақ.
Жылап-сықтап несиесін төлейді.

Жер жүзінде біз халықпыз ең ғажап,
Алашыма берме, Алла, енді азап.
Аңқылдаған ағайынның көңілін,
Жалғыз ғана ойлар - біздің кең қазақ.

Жаныңызды күлкіменен емдегін,
Қайырлысын білесің бе, сен ненің?
Күлу керек, жан сарайың ашылсын,
Өз-өзіңе өзің дәрігер, емдегін.
Күле алған соң мәртебесі шын биік,
Жануардан екі аяқты пенденің.

Күле алмасам жайсыз күйге түсемін,
Күлкі - емші, бастағы бақ құсы едің.
Күле берме деп тоқтатпа, күлейін,
Дегенше бір «ішегім-ай, ішегім!».

Алпысбай ХОНЖ


Солақай сөздік

Өсекші – «шығармасын» ауыздан-ауызға тез тарата алатын «автор».

Мадақ – ісің түсетін адамға айтылатын қулықпен құндақталған сөз.

Жағымпаз – ішкі есебін сездірмейтін, анау-мынауды көзге ілмейтін, ала-құла әдебі, өзіне-өзі әдемі пенде.

Ақша – байдың көңілін табатын, кедейдің миын шағатын қағаз.

Заң – арнасын жиі өзгертіп ағатын өзен.

Кеден – ақша санап отыруға арналған бекет.

Әдеби сын – ұзақ жылға ұйқыға кеткен дәу.

Жабайы сауда – қақпақсыз қазан.

Пара – алақанның қышуын тез қандыратын дәрі.

Қаңғыбас – отаны бар, отауы жоқ пақыр.

Жүніс ҚОҚЫШҰЛЫ.


Езутартар

Әйелдер «Әлдиі»

- Менің күйеуім бір өзі бір қойдың етін жеп қояды.

- Ал менің күйеуім бір қойды қозысымен қосып тауыса алады.

- Сендердікі түк емес екен. Менің күйеуім колхоз тараған жылы бір отар қойды тұтасымен жеп қойған...

* * *

Жеңіл буыңызбен

- Жиналысқа түсіп шықтым. Құрысын, тер одан да кетті, бұдан да кетті.

- Е, бәрекелді, жеңіл буыңызбен!

* * *

Өлмеудің көзі

- Әй, осы сенің, мүлдем білмейтінің жоқ көрінеді ғой. Өлмеудің көзін білдің бе?

- Білдім. Тумасаң өлмейтін көрінесің.

saryarka-samaly.kz