- Сайлау аға, алты белесті аттағаныңыз құтты болсын! 60 жасқа толған қалай екен?

- Аты алпыс демесең, өзімді тура елу тоғыздағыдай сезініп жүрмін. Әрине, қалжың ғой. Шынымен де уақыт шапқан аттай, атқан оқтай жылдам екен. Зу етіп өмірдің алпыс жылының қалай өтіп кеткенін де байқамай қалдым. Алпыс маған ой салды. Осы күнге дейін артымдағы жастарға не қалдырдым? Халқыма не бердім? деген сұрақтар ойландырады мені. Өзім әдебиетке кештеу келген жанмын. 1996 жылы 39 жасымда алғаш рет Ақмола облысы Ерейментау ауданындағы аудандық «Ерейментау» газетіне жұмысқа қабылдандым. 2006 жылы өңірдегі азаматтар ақылдаса келе, «Ереймен елі» атты аймақтық жекеменшік басылым аштық. Бұл газет еліміздің бірқатар өңірлеріне тарады. Тіпті, Ресейден де тұрақты оқырмандар табыла бастады. Осы басылымда жүріп, жақсы-жайсаңдармен араластым, тәжірибе жинақтадым, ҚР Жазушылар одағының мүшесі болып қабылдандым. ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері деген атақ та осы кезде бұйырды. Мен өз-өзімді қамшылай бастадым. Аймақтық, республикалық мүшәйраларға, түрлі байқауларға қатысып, бақ сынадым. Мәселен, 2008 жылы алғаш рет ұйымдастырылған «Бір өлең, бір әлем» атты республикалық мүшәйраның бас жүлдесін жеңіп алдым. Өкініштісі, аймақтық басылым қаржылық қиындықтарға байланысты үш жылдан соң жұмысын тоқтатты. Бұдан соң Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің меншікті тілшісі қызметіне ауыстым. Арасында республикалық басылымдарға да мақалаларым жариялана бастады. «Жас Алаш» газетіне жиі жаздым. Аталған басылымның меншікті тілшісі болдым. Республикалық газетте еліміздің солтүстік аймақтарына жауаптанған журналист ретінде сегіз жылға жуық қызмет атқардым.

- Әдебиет пен журналистикаға кеш келдім дейсіз. Қырық жасқа дейін Сайлау Байбосын қайда жүрді?

- Ауылда. Жастайымнан қара жұмыс істедім. Машина айдадым, жылқы бақтым. Негізі, сауда саласы бойынша кәсіби маманмын. Мамандығым бойынша еңбек етіп те көрдім. Арасында өлең де жазатынмын. Сол кезде де шығармаларым жергілікті басылымдарда жарияланып тұрды. Кешегі Жүсіпбек аталардан қалған қандағы қасиет өлең жазуға қашан да ынтықтыратын.

- Жүсіпбек Аймауытовпен туыстығыңыз бар ма? Әлде Алашқа ортақ ұл болған соң жақындатып айтып отырсыз ба?

- Жүсіпбектің атасы Дәндебай мен менің төртінші атам Ордабай - туған ағалы-інілі азаматтар. Ж.Аймауытов өзінің «Күнікейдің жазығы» атты повесінде Ордабай ауылының көшін суреттеп жазады. Көш осы өңірдегі қазіргі Комсомол, Шиқылдақ ауылдарының тұсынан өтеді. Ордабай - арғы атам. Ордабайдан - Базарбай, Базарбайдан Байбосын туады. Алаштың тағы бір белгілі азаматы, Қадыр Тайшықовпен де туыспын. Ол Кеңестің кер заманында Сәкен Сейфуллинмен бірге ұсталып, атылып кеткен. Қадыр Тайшықов - қазақтың тұңғыш сатира және фельетон жанрының негізін салушы азамат.

- Сатира дегеннен шығады. Сіз уытты өлеңдеріңізбен, әзіл мен әжуа аралас сыни әңгімелеріңізбен елге сықақшы ретінде де танылдыңыз. Сатирик ретінде кімдерді оқисыз, кімдерді бағалайсыз?

- Кешегі Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы, Жүсіпбек Алтайбаев секілді сатириктер Кеңес үкіметі тұсында тұрмыстық сатиралар жазды. Ұстараның жүзіндей қылпылдап тұрған солақай саясат сықақшыларды тұрмыстық жағдайдан әріге асырмады. Цензура жібермеді. Құдайға шүкір, бүгінде сөз бостандығы бар. Қоғамдағы келеңсіз жайттарды жазуға, сынға алуға мүмкіндік мол. Әлемге белгілі сатириктердің шығармаларын көп оқимын. Әзиз Несин, Михаил Зощенколардың, түріктің, орыстың әзіл майталмандарының құнды дүниелеріне жиі зер саламын.

- Жұмекен Нәжімеденов бір өлеңінде:«Оңаша бір кешімде жыр жазар, Қашан ғана тарқар екен бұл базар?!», деп оңашада өлең жазар сәтті асыға күтетін көрінеді. Сіз өлеңді қай кезде жазасыз?

- Шабыт деген шалқұйрық уақыт талғамайды ғой. Лирикалық шығармалар көбінесе жүрек тебірентер сәттерге куә болғанда, өткен күндерді еске алған кездерде өлең болып өріледі. Қоғамдағы келеңсіз жайттарға ашынған шақтарда, әттеген-айларды көрген кездерде сатиралық дүниелер туындайды. Өнер мен шығармашылық адамы қашан да жақсы сөзге семіреді емес пе? Менің қиялыма қанат бітіріп, шалқар шабыт сыйлаған жанның бірі Фариза Оңғарсынова еді. Алғашқы өлеңдер жинағымды шығарар кезде қамқоршы бір ағам өлеңдерімді «мына жігіттің қарым-қабілетін байқап көріңіз» деп Фариза апама көрсеткен. Шығармаларыммен танысқан ақын бетімді қайтармай, кітабыма алғысөз де жазып берген еді. Ақын апаммен жолыққанымда ол кісі балаша қуанып, шығармашылығыма сәттілік тілеп, батасын берді. «Апа, менің көңілім үшін емес, шыныңызды айтыңызшы, менен ақын шыға ма» деп сұрадым қоштасарда: Бетіме қарап жымиды да: «Әрине!» деп басын изеді.

- Ертеректе қолыңызға домбыра алып, айтысқа қатысыпсыз. Тіпті, бір кездерде «Жастар дауысы» республикалық әншілер байқауында бақ сынап, жүлдегер болған екенсіз.

- Иә, есімде. Ол жолы Нұртілеу Иманғалиұлы бастаған қазылар алқасы өнеріме оң баға берген еді. Менің ептеп ән шығаратын өнерім де бар. «Ереймен аруы», «Арман гүлім», «Сен онда 17-де ең», «Ауылдың мақпал кештері» секілді әндерім бар. «Қазағым» атты толғауымды өзім орындап жүрдім. Бұл шығармамды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында да айтқаным бар. 1994 жылы Ақмолада Тыңның 40 жылдығына арналған үлкен жиын болды. Осы шараға Елбасы арнайы келді. Мен ол кезде ауылда жылқы бағамын. Президенттің алдында арнау айтасың деп ауылдан мені шақыртты. Құрығымды тастап, қара домбырамды құшақтап қалаға келдім. Күнге күйіп, шашы дудыраған ауыл жігітін алдымен облыс әкімінің орынбасары тыңдап көріп, ұнатты. Осылайша, Елбасының алдында «Қазағым» толғауын орындадым.

Бұдан кейін де Нұрсұлтан Әбішұлымен 4-5 рет жүздесу бақыты бұйырды. Бірде ол кісінің алдында Иманжүсіптің әнін айтып жатқанмын.

Бұғылы мен Тағылы бүркіт салған,

Ұйпалақтап қып-қызыл түлкіні алған.

Есіл, Нұра, Ереймен – қара Қойтас,

Көзімнен бұр-бұр ұштың дүние жалған,- дей беріп едім. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Көзімнен бұр-бұр ұштың емес, бұл-бұл ұшты», - деп түзету енгізді. Сасқалақтап қалдым. Сөйтсем Елбасы Иманжүсіп Құтпанұлының барлық әндерін жатқа біледі екен. Тұңғыш Президентпен қосылып ән айтып, қолынан ет асаған кездерім де болды.

- Әңгімемізді шығармашылық бағытқа қарай бағыттасақ. «Ақбеттау» тарихи-танымдық, әдеби-көркем журналын аштыңыз. Журнал көбінде қай тақырыптарды қамтиды?

- Тарихи-танымдық бағытта журнал ашу бұрыннан бері көңіл түкпірінде жүрген ой еді. Ойымды жүзеге асыруға ықпал еткен облыс әкімі Болат Бақауовқа алғыс айтамын. Жергілікті биліктің қолдауы нәтижесінде оқырмандар арасында журналға ресми түрде жазылуға мүмкіндік бар. «Ақбеттауды» ашудағы себебіміз, өлкедегі кейбір тарихи орындар мен тұлғалар атаусыз қалып бара жатыр. Тарихшы ғалымдар ірі тарихи орындар мен оқиғалар туралы еңбектерді көп жазады. Ал біз тұратын аумақтың өткені үлкен тарихтың көлеңкесінде қалып барады. Өткен мен болашақтың арасын жалғайтын - мына біз. Өлке тарихын қазір ескермесек, кейін үзіліп қалары анық. Тіпті, Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі туралы кейбір жаңсақ деректердің тарихқа еніп кеткендігі қынжылтады. 2014 жылы Ж.Аймауытовтың 125 жылдығын тойладық. Осыған орай С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ғылыми конференция болды. Конференцияда Ж.Аймауытовтың туған жылы қате жазылғандығы туралы мәселе көтердім. С.Торайғыровтың 1917 жылы жазған «Әлиханның Семейге келуі» атты мақаласы бар. Сол кезде С.Торайғыров жастардың атынан сөз сөйлесе, Жүсіпбек оқушылар арасынан шығып өлең оқығандығы туралы айтылған. Ж.Аймауытовтың өзі де еңбектерінде Сұлтанмахмұттың өзінен жасы үлкен екендігін айтады. Ал біз С.Торайғыровтың 125 жылдығын биыл ғана атап өтуді жоспарлап отырмыз. Екінші бір мәселе, Жүсіпбек кедей отбасынан шыққан дейміз. Бұл да - жаңсақ пікір. Ол кісінің әкесі Аймауыт болыс болған. Менің қолымда оның төрт түлік малының саны қанша болғандығы туралы нақты мәлімет бар.

Ескеретін тағы бір жайт, Баянауылдың тумасы, ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Көтеш ақын Райымбекұлы жайында. Негізінде Көтеш - Райдың ұлы. Райымбек - Райдың ағасы. Күлік руының шежіресінде бұл анық жазылған. Көтеш ақынның Райдың ұлы екендігі туралы мәліметтер Мәшһүр Жүсіптің еңбектерінде де кездеседі. Осыны дұрыстағым келеді.

- Ұзын құлақтан естуімізше, тағы да бір журнал шығаруды жоспарлап отырған көрінесіз. Соңғы журнал алдыңғысын қайталамай ма?

- Павлодар облысында мемлекеттік тілде жарық көретін газет-журналдар саусақпен санарлық қана. Облыста өлкетануға, топонимикаға, этнографияға, ономастика саласына қатысты мәселелер бар. Осының барлығы - тағы бір журнал ашуға өзінен-өзі сұранып тұрған дүние. Жергілікті билік бұл ұсынысымызды да жерге тастамай, қолдау білдіріп отыр. Аймақтағы орыс тілді зерттеушілер мен қазақ азаматтарының жазғандары бір-бірімен сәйкес келмей жатады. Біз осы мәселенің де шешімін тауып, ортақ мәмілеге келе отыра, журналды екі тілде шығарсақ деп ойлаймыз. «Ел мұра» деп аталатын жаңа журналдың көп ұзамай тұсауын кесеміз деп ойлаймын.

- Әдебиет әлемінде жарқырап шығуы үшін жастарға қандай кеңес айтар едіңіз?

- Әріге бармай-ақ қояйын, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Алаш тарихы мен ақиқат» атты үлкен әдеби байқауға 360-тан астам адам қатысты. Осы бәсекеде менің «Баба байрақ» атты поэмам бірінші орын алды. 2016 жылы «Алтын қалам» әдеби шығармалар байқауына сатира жанры бойынша қатыстым. «Асқазаныңыз ауырмай ма?», «Маска сатып алдыңыз ба?» атты шығармаларым үздік деп танылды. 2017 жылы «Ақжол» партиясы Алаш қозғалысының 100 жылдығына арнап «Алаш арманы - тәуелсіз қазақ елі» атты халықаралық мүшәйра жариялады. Қытайдан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан, Ресейден де қатысушылар болды. «Жүсіпбек пен Сұлтанмахмұт» атты поэмам жүлделі екінші орыннан көрінді. Айтпағым – Ертіс-Баян жеріндегі жастар еліміздің өзге өңірлерімен үнемі шығармашылық байланыста болып, түрлі жанрдағы байқауларға үзбей қатысуы керек. Бәсеке адамды өсіреді, шыңдайды.

- Сайлау аға, уақыт бөліп әңгімелеске-ніңіз үшін алғыс айтамын. Шалқар шабыт, сарқылмас қайрат тілеймін! Алпыс – тал түс! – дейді дана халқымыз. Еліңізге береріңіз көп болсын!

- Рақмет!

Әңгімелескен – Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.


Құрметті Сайлау Әшенұлы!

Сіздің еліміздің, өңіріміздің журналистика мен әдебиет саласына, елдің рухани деңгейінің артуына мол үлес қосып келе жатқаныңыз қалың оқырманымызға жақсы мәлім. Ұлтжандылық пен табандылық, тегеурінді белсенділік таныта отырып, өзіңіз қалаған мамандық бойынша кәсіби шеберлігіңізді көрсетіп келесіз. Облыста шығармашылық кешіңіздің өтуі де сол тынымсыз еңбегіңіздің жемісі деп бағалаймыз. Сізді әріптес ретінде жоғары бағалап, алдағы еңбек жолыңызға шығармашылық табыстар, отбасылық бақыт пен береке, зор денсаулық тілейміз. Қаламыңыз мұқалмай, еліміз үшін, ұлтымыздың болашағы үшін нәтижелі еңбек ете беруіңізге тілектеспіз!

Құрметпен, «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымы.

saryarka-samaly.kz