Аламанға облысымыздың әр өңірінен 7-18 жас аралығындағы 18 жас шайыр қатысты. Олар 9 жұп болып өзара өлеңнен өрнек салып, бақ сынасты. Жыр төкпелеп, айтыстағы дәстүр бойынша барлығы да қарсыласын қапы қалдырып, оза шабуға тырысты. Қара сөзде дес бермеген олар халықтың қошеметі үдеген сайын арқалана түсті. Заман тынысынан өзге ақындар тақырыбына Алаш орда үкіметінің құрылуы мен Наурыз мейрамы арқау болды. Ал, жыр сайысына «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, Арман Қани бастаған облыстық, республикалық ақындар айтысының жүлдегерлері қазылық етті.

Бұл айтыстың басты ерекшелігі - жас ақындарға жеке-жеке бапкерлердің тағайындалуы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тәсіл айтыс аламанындағы жас ақындарға оң бағыт беруде септігін тигізбек.

- Бүгінгі бәйгеде бақ сынайтын шәкірттерімізге республикалық айтыстарға шығып жүрген алдыңғы толқын ағаларын жеке-жеке тәлімгер ретінде тағайындадық. Себебі, қандай да сала болмасын ұстазды, оның бағыт-бағдарын қажет етеді. Жас ақындарымыз соның арқасында шыңдалады, биікке көтеріледі. Бүгінгі айтысқа қатысушылар арасында жақында Алматыда өткен республикалық оқушылар айтысында ерекше көзге түскен шәкірттеріміз бар. Өздеріңізге белгілі, біздің өңірімізден шығып, республикалық айтыстардың биігін бағындырып жүрген Аспанбек Шұғатаев, Қуанышбек Шарманов, Рауан Қайдаров, Нұрғанат Қайрат сынды ақындар бар. Алла қаласа, біз бүгінгі шәкірттерімізден болашақта бабаларымыздың жалғасы болып, осы ағаларының ізін басып, жыр жалауын желбірете береді деген ойдамыз. Айтыс өнеріндегі сапарларына сәттілік тілейміз. Тілдері сүрінбей, жақтары жаңылмай, көрерменнің көңілінен шыға берсін, - дейді облыстық «Желдірме» жас ақындар мектебінің жетекшісі, қазылар алқасының мүшесі Асығат Тұрғанбек.

Ақындарын алақанда аялап, үкілеп жүріп бәйгеге қосатын қаймана елдің қашанда асыға күтетіні - отты жыр. Осы орайда жиналғандар жас ақындардың шеберлігі мен шешендігіне ерекше ықылас танытып, шабыт беріп отырса, ақындар жырға шөлдеген елді сөз құдіретімен сусындата алды.

Қазылар алқасының шешімімен бірінші айналымда жоғары ұпай жинаған Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы Марғұлан Жанбау мен Қ.Бекхожин атындағы №12 мектептің 8-сынып оқушысы Нұрбек Бәкір ақтық айналымға жолдама алды. Нәтижесінде, бас жүлдені Нұрбек Бәкір иеленіп, 1-орын Марғұлан Жанбауға бұйырды. 2-орынға №25 мектептің 4-сынып оқушысы Шыңғыс Асығатұлы лайық деп танылса, 3-орынды екібастұздық Бексұлтан Қайдаров жеңіп алды. Сонымен қатар, аламанда сөз шеберлігін таныта білген жас ақындарға арнайы номинация- лар берілді. «Алаш орда - асқақ жыр» номинациясы Таңшолпан Бағдатқызына, «Наурыз жаршысы» - Мәншүк Бейсенбіге, «Ұшқыр ақын» - Азамат Базарбайға, «Көрермен көзайымы» - Дінхан Кәкімсейітке, «Ең жас ақын» - Айбар Пәзілге табыс- талды. Сондай-ақ, айтыскерлерді баптаған жетекшілер де марапаттан құр қалмады. «Өнегелі жетекші» аталымы - Таңат Ахатовқа, «Жетелі жетекші» - Қуанышбек Шармановқа, «Бапкер ақын» номинациясы Абзал Қабдрашқа табысталды.

 

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz