Шәкен Айманов атындағы орта мектепте өткен кездесуге сол мектептің ұстаздары мен шығармашылыққа бет бұрып жүрген талантты оқушылар қатысты. Жалпы, мұнда өздерінің болашақтарын әдебиетпен және журналистикамен байланыстыруды мақсат еткен оқушылардың қатары көп екен. Кездесу кезінде ақындар мен журналистерге түрлі сұрақтар қойып, әдебиет әлеміне деген зор қызығушылық танытулары осыны аңғартты.
Кездесудің алғашқы сөзін Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Арман Қани алып, «Найзатас» журналының бүгінгі келбеті мен қоғамдағы рөлі туралы сөз етті.
- Өңірімізге белгілі қаламгер-лердің барлығының шығармалары осы «Найзатас» журналы арқылы  оқырманға жетеді. Әсіресе, жас ақын-жазушылардың тырнақалды туындыларының жарыққа шығуына көп септігін тигізуде. Бұдан бөлек, редакция ұжымы жергілікті қаламгерлермен бірлесіп, түрлі кездесулер ұйымдастырып,  жастарға бағыт-бағдар көрсетіп жүр. Мұндай шаралар өңірімізде әдеби орта қалыптасуына зор ықпал етеді. Ал әдеби орта болған жерде бәсеке болады, даму болады, әдеби шығармалардың сапасы артады. Журналда әдеби туындылардан бөлек жергілікті қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан суреттер де жарияланып тұрады, -деді Арман Қани.
Облыстық «Найзатас» журна-лының бас редакторы Асыл Әбішевтің сөзінше, журналдың соңғы саны Баянауыл ауданына арналып, осы өңірде туып өскен ақын жазушылардың әдеби туындылары мен ғалымдардың мақалаларын топтастырып шығарған. Жақында тағы бір шығарылымын Екібастұз қаласына арнауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар бес жылдан бері жарық көрген ең көркем туындылар мен өзекті мақалалардың басын қосып, альманах шығару ойда бар екенін атап өтті.
- «Мөлдір муза» әдеби кездесуінің алғашқы отырысы Павлодар қаласында болған еді. Оған шығармашылыққа енді бет бұрып, өлең және әңгіме жазып жүрген жастар көптеп жиналды. Кездесу барысында өлең оқылып, жастар шығармашылығына қатысты түрлі пікірлер айтылды. Содан кейін мұны көшпелі форматта ұйымдастырып, шалғай ауыл-аймақтардың жастырымен де пікірлесейік деген ой туды. Көп кешікпей сол жоспарымыз бойынша алғаш рет Екібастұз қаласында өткіздік. Енді міне, қаншама ұлы тұлғаларды тудырған Баянауыл өңіріне келіп отырмыз. Жалпы, «Найзатас» журналының жарыққа шыға бастағанына алты жылдай уақыт болыпты, биылдан бастап басылымды жаңа форматқа көшіріп, оқырманға қызықты етіп шығару жағын ойластырудамыз. Сондықтан шалғай ауылдар мен аудандарда тұрып, әдебиет пен суретшілік өнерге ден қойған жастардың туындыларын елеп-екшеп жарыққа шығаруға дайынбыз, - деді Асыл Әлімжанұлы.
Кездесу барысында мектеп мұғалімдерінен жергілікті қалам-герлермен бірлесіп жұмыс істеу жөнінде бірқатар ұсыныс айтылды. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Таңат Ахатовтың сөзінше, Ертіс-Баян өңірінің әдебиетін орта мектептерге қолданбалы курс ретінде енгізу керек. Себебі Павлодар облысында қазақ әдебиеті оқулығына кірмеген ақын-жазушылардың қатары көп. Мысалы, Зейін Шашкин, Рамазан Тоқтаров, Дихан Әбілев, Есентай Ерботин, Қабдыкәрім Ыдырысов, Қадыр Тайшықов, Қошке Кемеңгеров сынды қаламгерлердің есімін оқушылар біле бермейді.
- Бұл бағытта Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалымен және облыстық «Найзатас» журналымен бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Яғни, жоғарыда аталған жерлес қаламгерлердің ғұмырбаяндары мен шығармаларын жинау және орта мектеп оқушыларына арнап әдеби оқулықтар құрастыру. Сонымен қатар, облыстық «Найзатас» журналының әрбір санына сол жерлестеріміздің шығармаларын кезегімен жариялап отыру керек. Бұл  журналдың таралымын көбейтіп, оқырман санының артуына ықпал етеді, - дейді Таңат мұғалім.
Жиын барысында облыстық «Найзатас» журналының жауапты хатшысы Айбек Оралхан, әдеби қызметкері Айгерім Солтан және жас қаламгерлер - Рамазан Бауыржан, Асылбек Март авторлық өлеңдерін оқып, ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, Раушан Амангелдіқызы, Айнара Бейбіт, Қарлыға Құсайын, Дана Мұзданова, Мирас Қапаш,  Рамазан Жалғас, Айсұлу Ниязбек сынды шығармашылыққа ден қойып жүрген жас талантты оқушылар жергілікті әдебиет тақырыбына байланысты сұрақтар қойды.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz