Жиынды «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко ашып,  Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру барысындағы іс-шараларға тоқталды. Мәжілісі депутаты Қуаныш Сұлтановтың сөзінше,  Елбасының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асырудың нақты тетіктері алдағы маусым, шілде айларында жария-ланады. Бұл жолғы сапардың мақсаты -
осы маңызды құжатты халыққа түсіндіріп,  елдің ұсыныс-пікірін білу екенін айтты.
- Павлодар өңірінде бірнеше күн болып, аудан, ауылдарды аралап, халықпен кездестік. Тұрғындар өздерін алаңдатқан мәселелерін бүкпесіз жеткізуде. Біз де мемлекет тарапынан қолға алынған  бағдарламаларды түсіндірудеміз. Әсіресе халықты қолжетімді тұрғын үймен қамту бойынша «7-20-25» бағдарламасын көбірек насихаттап, осы арқылы үйсіз жүрген азаматтарды баспанамен қамту керек,  -
деді Қуаныш Сұлтанов.
Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінің басшысы Жеңіс Молдабеков халықты оңтүстіктен солтүстікке бағыттайтын ішкі көші-қон бағдарламасының тиімділігін атап өтті.
- Мен - киелі Түркістанның тумасымын, мамандығым - суретші. Елбасының тапсырмасы бойынша іске асқан ішкі көші-қон бағдарламасымен осында көшіп келіп, жұмысқа орналастым. Биыл Бұқар жыраудың 350 жылдығы біздің аймақта жоғары деңгейде аталып өтуде. Түрлі көрмелер мен іс-шаралар ұйымдастырдық. Осы мерейлі датаны республика көлемінде тойлауға атсалыссаңыздар, - деген ұсынысын білдірді Жеңіс Нұртасұлы. Депутаттар кездесуде айтылған барлық ұсыныс-тілектер назарға алынады деп уәде етті.


Тілеуберді  САХАБА

saryarka-samaly.kz