Айта кетейік, Түмен облысы экономикасының ерекшеліктері бар. Мұнда мұнай өңдеу және мұнай-химия саласы жақсы дамыған. Көмір мен темір кендерінің де орындары көптеп жұмыс істейді. Агроөнеркәсіп кешені және ағаш өңдеу өнеркәсібінің де өрісі кең. Яғни, қос облыс экономикасында ұқсастық аз емес. Енді осы бағыттар бойынша өзара ынтымақтастықтың басымдықтарын анықтау үшін Түмен қаласында екі өңір билігі мен бизнес өкілдері арасында кездесулер өтуде.
Павлодарлық делегация кеше Түмен облысының инфрақұрылымын дамыту агенттігінде болды. Мұнда технопарк, IT-парк, бизнес-инкубатор жұмыстары таныстырылды. Сонымен қатар көрші елдегі іргелі кәсіпорындар Антипин мұнай өңдеу және «Электросталь Тюмени» металл зауыттарын аралады. Осы кездесулерде Павлодар облысына Түменде өндірілген бензинді жеткізу жағы сөз болды. Антипин мұнай өңдеу зауытымен байланыс орнатылуда. Батыс-сібір мұнайымен жұмыс істейтін аталмыш кәсіпорын қуаттылығы тоғыз миллион тонна мұнай өнімі шығаруға қауқарлы. Олар біздің өңірге өнімдерін жеткізуді жоспарлауда.
- Бүгінгі таңда Павлодар облысына аздап дизельді отын жеткізудеміз. Гидротазартқыш орнатқаннан кейін бензин тасуға әріптестерімізбен шартқа отырмақ ойдамыз, - деді Антипин мұнай өңдеу зауытының өндірісті жоспарлау басқармасының басшысы Андрей Шамширин.
Түмендіктер мұнай коксын сату нарығын кеңейтуді және оны одан әрі өңдеуді көздеп отыр. Сонымен қатар, зауыт мамандары меймандарға мұнай өңдеудің толық циклын таныстырды. Зауыттағы құрал-жабдықтарын да көрсетті.
Екі өңір арасындағы байланыс экономикалық мүддеге ғана негізделмеген. Мәселен,  Түмен-Қазақстан іскерлік достығын дамытуға ықпал ету орталығында Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының басшысы Есенгелді Ыбыраевпен кездесу жоспарлануда.
Ғылыми салада да жаңа жобаларды қолға алу көзделген. Бұл ретте, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Түменнің мемлекеттік университетімен, мұнай-газ университетімен, биотехнология және ветеринарлық медицина инстиутымен жаңа жобалар жайында келіссөздер жүргізеді.
Павлодар делегациясы өңіріміздің туристік әлеуетін де түмендіктерге кеңінен таныстырады. Түмендіктерді Баянауылдың тамаша табиғатына куә болуға, ұлттық сусынымыз – қымыздан дәм татуға, облысымыздың тұзды көлдерінің пайдасын көруге, Шалдайдың қарағайлы орманын атпен аралауға шақырды. Сонымен қатар, аймақ басшылығы ресейлік әріптестеріне «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы шеңберінде өңіраралық өзара әрекеттестікті одан әрі дамыту мүмкіндігін қарастырады. Бидай мен сүт өнімдерін өңдеу бағытында да ынтымақтастық қолға алынбақ.
Сондай-ақ, бүгін павлодарлықтар Түмен облысының агроөнеркәсіптік кешендері ішінде «Түмен сүт фермалары» кәсіпорындарында және «Юбилейный» агрохолдингінде болып, олардың тәжірибесімен танысты.
Жалпы, облысымыз көрші елмен байланысты әлі де нығайта түсуге ниетті. Себебі Ресей Федерациясы - Павлодар облысының басты сауда әріптесі. Өткен жылғы статистикаға үңілсек, өңіріміздің  сыртқы сауда көлемінің тең жартысы, яғни, 1,4 млн. АҚШ доллары дәл осы іргедегі көршіге тиесілі. Ал сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ресми және іскерлік ортаның өңіраралық кездесулері өз септігін тигізіп келеді.

Облыс әкімінің баспасөз
қызметі.

saryarka-samaly.kz