Шара аясында Теміржол вокзалының қызметкерлері тегін скринингтен өтті.
Бүгінде елімізде тұрғындардың денсаулығын жақсарту және олардың медициналық қызметке қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше мән берілуде. Павлодар бөлімшелік көліктегі қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Аязбаевтың айтуынша, елімізде 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында скринингтік зерттеулерге ерекше басымдық беріліп отыр. Аталған тексеру түрі 2008 жылдан бастап қолға алына бастаған.
- Скрининг адам бойындағы онкологиялық, қан алмасу жүйесінің ауруларын, балалар арасындағы В және С гепатиттері, ересектер арасында қант диабеті және глаукома секілді ауруларды ерте сатысында анықтауға, жүйелі ем қабылдауға мүмкіндік береді. Қазір халықтың еңбекке жарамды бөлігінің көбі жүрек-қан тамырлары ауруларынан көз жұмады. Жалпы, облыс бойынша скрининг жоспарға сай жүргізіліп келеді. Скринингтік тексеру жұмыстары жыл аяғына дейін жалғасады, - дейді Т.Аязбаев.
Мамандардың айтуынша, скринингтік тексеру аурудың бастапқы кезеңін айқындап, уақытылы ем қабылдауды, сауығып кетуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ, асқынуға, мүгедектікке және өлімге әкеліп соқтыратын аурудың күрделі түрінің дамуын тоқтатуға мүмкіндік береді.
- Бүгін 7 дәрігер тексеру жұмыстарын жүргізуде. Олардың қан құрамындағы қант мөлшерін, холестеринді анықтап беретін арнайы құрылғылары бар. Әп-сәтте  қорытындысын шығарып береді. Негізі, қант диабетін анықтау мақсатында қосымша тексерістен өтуге болатынын көбі білмейді. Әрі қызметтегі адамның өз бетінше ауруханаға барып тексерістен өтуіне қолы тие бермейді. Міне, сол себепті де біз осындай акция ұйымдастырудамыз, -
деді «Павлодар теміржол ауруханасы» ЖШС директоры Ерлан Шәріпов.
Е.Шәріповтің сөзіне сенсек, облыста шамамен жеті мыңға жуық теміржол қызметкері бар. Олардың барлығы бұл акция аясында өз денсаулықтарын тексере алады.
Өзінің болашағын, денсаулығын ойлаған әрбір азамат скринингтік тексеруден өтуі тиіс. Түсіне білген адамға, бұл - елдің денсаулығын нығайту мақсатында жасалып жатқан зор мүмкіндік. Акция аясында мамандар тексеруден өткен қызметкерлердің қан қысымы мен қандағы қанттың, холестериннің мөлшерін анықтап қана қоймай,  денсаулықты күту туралы кеңестер беріп, тегін брошюралар таратты.

Мереке  АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz