Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

Ауқымды шара 2017 жылы Павлодар облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Алтай өлкесі мәдениет және архив істері басқармасы арасында жасалған келісім аясында өтуде. Экспозицияда Павлодар облыстық музейінің алғашқы директоры және негізін қалаушы Дмитрий Багаевтың жұмысы қойылған. Ол суреттерде XX ғасырдың басындағы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен өмірі, бұрынғы Павлодардың көрінісі, Ертіс өзені мен Баянауыл тауларының табиғаты бейнеленген.
- Біз апарған көрме Алтай мемлекеттік өлкетану музейінде құрылды. Оны тамашалауға келген қандастарымыздың саны өте көп.  Көрмеге қойылған әр жәдігерге ерекше ынтамен назар аударып, оның тарихын білуге құмартты. Әсіресе, көптің назары  Д.Багаевтың арбада отырған баланың суретінде болды. Яғни, мұнда автор тек балаға ғана мән бермей, қазақ халқының этнографиялық сәттерін де тамаша тарихқа айналдыра білген. Жалпы, бұл сапардан үлкен әсермен оралдық, - дейді Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің этнографиялық бөлімінің меңгерушісі Шолпан Әбікешова.
Мәдениет күндері аясында бас қосқан көршілес екі елдің азаматтары бір-бірінің тарихы мен мәдениетіне ерекше құрметпен қарайтындарын жеткізді. Қазақ халқының қонақжайлығына риза болған Алтай өлкесі мәдениет және архив істері басқармасының басшысы Елена Безрукова  Павлодар мен Алтай өңірі арасында достық қарым-қатынастың жыл өткен сайын нығая түскенін ризашылықпен айтты.
- Былтыр Павлодар облысында өткен Алтай өлкесінің мәдениет күндері  әсерлі сәттерімен есте қалды. Қазақтардың кең пейілі мен дарқан көңілінің куәсі болып, болашақта екі аймақтың арасында үзілмейтін достық көпірінің негізін қалаған едік. Ал әріптестеріміздің бүгінгі сапары - осының жарқын нышаны, - дейді ол.
Шара барысында Павлодар облысының 80 жылдығына орай «Павлодардың Ертіс өңірі: тарих жылнамасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Бұл шарада облыстық Иса Байзақов атындағы филармонияның әртістері өнер көрсетті.

saryarka-samaly.kz