Данияр ЖҰМАДІЛ

Астаналықтардың жеңіске жеткені таңқаларлық жағдай емес. Былтырғы ел чемпиондары   бұл кездесуде фаворит есебінде болды. Алайда, «Ертіс» командасының бас бапкері Жерард Нустың ойын алдындағы «намысты қолдан бермейміз» деген уәдесі біршама сенім ұялатқан еді. Спорт сарапшыларының өзі ойын тең нәтижемен, әрі кеткенде бір ұпай айырмасымен елордалықтардың пайдасына шешілуі мүмкін деген болжам жасаған-тын. Ақыр аяғында сенімге селкеу түсіп, болжам орындалмады.
«Астана» командасы таңғажайып футбол өрнегін көрсетті деуге келмейді. Олар өздерінің үйреншікті ойынын көрсетті. Қарсыластарының қорғанысының осал тұстарын анық таба білді. Бұған дейінгі үшінші тур ойындарында бұл кемшіліктерді Оралдың «Ақжайығы» «көрсетіп» берген болатын. Соған қарамастан, павлодарлықтар қорғаныста «жатып алуды» жөн санамады.  Жерард Нус елордалық аяқдоп шеберлеріне қарсы 4-4-2 жүйесімен ойнауды шешкен. Қорғаныс шебінің негізгі жүгі испаниялық легионер Адриан Гомезге тапсырылған болатын. Жартылай қорғаныс шебінде португалиялық Карлос Фонсека жасындай жарқырауы тиіс болды. Атап өтерлігі, Фонсека өзіне артылған міндетті мүлтіксіз орындады. Ойынның бірінші таймында жерлестерімізді алға сүйреген де осы ойыншы болды. Өкінішке қарай, біздің бапкер оның бұл еңбегін бағаламады. Екінші таймда Фонсеканы алмастырып, жанкүйерлердің наразылығына қалды. Бұл шешімін Жерард Нус ойынға жаңа леп қосу ниетімен түсіндірді. Ал командада алаңда ойнайтын легионерлерге шектеу бар болғандықтан, Карлосты алмастыруға мәжбүр болған.
Ойынға оралайық. Алғашқы таймда павлодарлықтардың ойыны көңіл көншітерліктей болды. Қонақтар допқа көп иелік еткенімен, жерлестеріміз қарсылас қақпа алдында бірнеше қауіпті жағдай тудыра білді. Бірақ, сәттілік, дәлдік жетіспей жатты. Есепті астаналықтар ашты. Ойынның алғашқы бөлігінің соңында «Астана» командасының жас ойыншысы Бақтиер Зайнутдинов гол соғып, өз ұжымын алға сүйреді.
Бірінші таймда жіберіп алған голдың әсері ме, ойынның екінші бөлігінде «Ертіс» мүлде ойын мәнерін жоғалтып алды. Шабуылда да, қорғаныс шебінде де қателіктерге көп бой алдырды. Нәтижесінде, айналдырған он минуттың ішінде Зайнутдинов тағы екі гол соғып, хет-триктің авторы атанды. Ойын барысын көріп, арқасын кеңге салған «Астана» командасының бапкері Григорий Бабаян алаңға жас ойыншыларды шығара бастады. Артынша қонақтар тарапынан Роман Муртазаев, Юрий Перцух, Марин Томасов бір-бір голдан соғып, көзге түсті. Павлодарлықтар ойын соңында Эдди Эрнандестің жалғыз голымен ғана жауап қайтара алды. Осылайша, өткен төрт турда гол жібермеген «тас қамал» Эричтің қақпасынан саңылау таптық. Нәтижесінде қорытынды есеп - 1:6, астаналықтардың пайдасына.
Атап өтерлігі, бұл күні Павлодардың орталық стадионы жанкүйерге толы болды. Өкінішке қарай, олардың үміті ақталмады. Ойын соңындағы баспасөз мәслихатында «Ертіс» командасының бас бапкері Жерард Нус жанкүйерлерінен кешірім сұрады. Келесі ойындарда бар күшін салатындарын жеткізді.
ҚР Премьер-лигасының төртінші турында  қарағандылық «Шахтер» «Қызыл-Жар СК» командасын қабылдап, 2:1 есебімен басым түсті. «Жетісу» «Қайсардан» айласын асырып кетті (1:0). «Тобыл» командасы «Атырауды» 3:2 есебімен жеңсе, «Ақтөбе» «Ордабасыға» төтеп бере алмады (1:3). Ал алматылық «Қайрат» 3:0 есебімен «Ақжайықты» жеңді.

saryarka-samaly.kz