Өткен жылы облыс әкімі Болат Бақауов істен шыққан газгольдерлер орнына дүкендер, наубайханалар, сұлулық салондары сынды шағын кәсіпкерлік нысандарын немесе спорт алаңдарын салуды ұсынған еді.
- Қазіргі кезде газгольдерлердің ешқайсысы кәдеге жарап жатқан жоқ. Олар алып жатқан аумақ - шағын және орта бизнесті, бұқаралық спортты дамытуға таптырмас орын. Егер кәсіпкер әлеуметтік маңызы бар жобаны ұсынса, біз ауланы, жолды жөндеп, жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз, - деген еді аймақ басшысы.
Сөйтіп, небары үш ай аралығында 102 ауладағы газгольдер аумағында монтаждау жұмыстары жүргізіліп, 504 қондырғы арнайы аймаққа орналастырылды. Ал бос қалған аумақтарда жаңа кәсіпкерлік нысандарын салу ісі басталып кетті. Бұл бағыттағы жұмысты алғашқылардың бірі болып қолға алған кәсіпкер Евгений Соболевский.
- 20 жылдан астам уақыт бойы газгольдерлер құр тұрып, тұрғындарға ыңғайсыздық тудырғаны белгілі. Оларды алып тастау туралы шешім мені ғана емес, көпшілікті қуантты деп ойлаймын. Біріншіден, тұрғындардың емін-еркін жүріп-тұруына жағдай жасалды. Бұған дейін газ қондырғыларының салдарынан көліктер аулада айнала алмай, біраз әуре-сарсаңға түсетін еді. Екіншіден, кәсіп бастауға, ісін кеңейтуге ниеттілерге мүмкіндік берілді. Жасыратыны жоқ, қала ішінде жер алу қиын. Ал газгольдерлердің орнына шағын дүкен, шаштараз, басқа да қызмет көрсету нысандарын салуға әбден болады. Мәселен, мен жақында ет сату дүкенін ашамын. Бұл ретте еуропалық тәжірибені назарға алдым. Яғни, ет алу үшін жәрмеңкені күтіп, алысқа барудың қажеті жоқ. Құс, қой, сиыр мен жылқы етін есік алдына шығып-ақ, қолжетімді бағаға сатып алуға болады. Оған қоса, жартылай дайын фабрикаттарды саудаға шығару ойда бар, - дейді кәсіпкер.
Десе де, жергілікті тұрғындардың бәрі бірдей мұндай бастаманы қолдай қойған жоқ. Павлодар қаласының тұрғыны Рая Устинова «ауладағы мини-маркеттердің игілігі шамалы» деген пікірде.
- Бұқаралық ақпарат құралдарынан газгольдерлердің орнына ет, азық-түлік сататын дүкендер ашылады дегенді естідім. Бірақ мен сауда орындарының салынғанын құптамаймын. Себебі, дүкенге келімді-кетімді көлік көп болады. Бұл шағын аулалардағы жол қозғалысын одан әрі қиындатуы мүмкін. Сонымен қатар, шағын дүкендерде санитарлық талаптардың қатаң сақталуы екіталай. Газ қондырғылары болған аумаққа балаларға арналған ойын, спорт алаңдарын, көлік тұрағын салса, анағұрлым тиімді болар еді, - деген ойын білдірді Р.Устинова.
Павлодар қаласының тағы бір тұрғыны Надежда Яковлева да аулада ашылатын дүкендердің пайдасынан гөрі зияны көп бола ма деп қауіптенеді.
- Жаңа нысанның жарық пен жылу жүйесіне қосылуы қажет екені түсінікті. Ал оған қажет қуаттылықты қайдан алады? Аудандағы қосымша станцияларға түсетін жүктеме көлемі едәуір артып, тұрғын үйлерге жылудың, жарықтың жетпей қалмасына кім кепіл? Осы мәселе бізді қатты алаңдатады, -
дейді зейнеткер.
«Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы инвестициялық жобалар бөлімінің басшысы Тимур Колосковтың айтуынша, алаңдауға негіз жоқ. Кәсіпкерлік нысандары іске кіріспес бұрын барлық техникалық шартты алады. Атап айтқанда, оның архитектуралық сипаты, инфрақұрылымға қосылу тәртібі –
бәрі сараланады. Бұл ретте «Павлодар электр желілерін таратушы компания» АҚ да тиісті жұмыстарды жүргізеді.  
Жалпы, осы уақытқа дейін газгольдерден босаған учаскелерді кәсіпкерлерге үлестіру бойынша екі конкурс өтіп, нәтижесінде 80 пайызына қатысты нақты жоба-жоспар белгіленді. Ал қалған 20 пайыз аумақтың иесі әзірше табылмай тұр.
- Бос қалған жер учаскелері сатылмайды, тек жалға беріледі. Басқарма кеңесі мүшелерінің шешімімен 1 шаршы метрді бір жылға жалға беру бағасы 2500 теңге болып белгіленді. Газгольдерлер босаған аумақтардың көлемі – 25-250 шаршы метр аралығында. Айта кетерлігі, учаскелер кез келген адамға беріле бермейді. Қоғамдық маңызы бар жобаларды ұсынып, арнайы конкурсқа қатысқан кәсіпкерлер ғана сол жерде өз ісін бастай алады. Осы арқылы аулаларда шағын бизнес нысандарын көбейтіп, шамамен 150-200 павлодарлықты тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр, - дейді Т.Колосков.
Ал ескі газгольдерлердің ары қарайғы «тағдыры» қалай болмақ? Жауапты маман тиісті құжаттар ретке келтірілген соң олар аукционға шығарылатынын айтты. Қазірдің өзінде ескі қондырғыларға сұраныс көп көрінеді.
- 504 газгольдер қала сыртындағы қоршалған аумаққа шығарылды. Олар күні-түні күзетіледі. Қондырғылар «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының балансына өткен соң аукционға қойылады. Бүгінгі күнге дейін оны сатып алуға ынта білдіргендердің қарасы қалың. Астана, Көкшетау, Қостанай, тіпті Ресейдің көршілес қалаларынан хабарласып, аукционды асыға күтіп жүргендер жетерлік, - дейді Т.Колосков.
Ескі газгольдерді жеке үйлерді, шағын цехтарды жылытуға пайдаланады. Бұл орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылуға қарағанда анағұрлым ұтымды әрі арзан. Сол себепті болар, ескіні алуға асық ағайын көп. Алдын ала болжам бойынша, осы арқылы мемлекет қазынасы 40 млн. теңгеге толықпақ. Аулада ашылатын шағын және орта кәсіпкерлік нысандары тұрақты түрде төлеуі тиіс салық түсімдері есебінен де бюджет көлемі көбейеді деп күтілуде.


Осылайша, жергілікті билік ескі газгольдерлерді де, олар босатқан орынды да кәдеге жаратпақ ниетте. Тек бұл ретте тұрғындардың да тілегі ескеріліп, бизнес қана емес, спорт нысандары, ойын алаңдары да көптеп ашылса игі.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz