Аралас жекпе-жектен үш дүркін Әлем чемпионы, Еуразияның екі дүркін чемпионы, Әлем Кубогының иегері Ардақ Назаров пен жекпе-жектен Әлем чемпионы Аңсар Дәулетбаев ең алдымен Павлодардағы «Рухани жаңғыру» офисінде жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Дөңгелек үстел басында жиналған ағайынмен емен-жарқын тілдескен қадірменді қонақ қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков даңты спортшының өңірімізге арнайы келгені үшін алғыс айтып, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 20 томдық шығармалар жинағын сыйға тартты.
Бұдан соң Ардақ Назаров «Асық party» акциясына қатысты. Қой асығын қолына алған спортшы балалық шағына саяхат жасауға да уақыт тауып үлгерді.
Чемпионның Ертіс - Баян өңіріндегі сапары облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық орталығында  қала тұрғындары және қонақтарымен кездесуге ұласты. Есімін ардақтап, өнерін назардан тыс қалдырмайтын Павлодар жұртшылығы Ардақ Назаровпен кездесуге тайлы-таяғы қалмай жиналды.
- Қазақтың әр даласы киелі ғой. Павлодар даласы маған ерекше ыстық. Кереку жері - менің спорттық мансабымдағы алғашқы баспалдағым. Әлі есімде, 2002 жылы осы өңірге Еуразия біріншілігіне келдім. Ол кезде жасым 21-де еді. Айқасқа шыққан үш кавказдық жігіттің барлығын жеңіп, тұңғыш рет Еуразия чемпионы атандым. Сол кезде Павлодар жұртшылығына бұйыртса болашақта әлем чемпионы боламын деп уәде берген едім. Сіздердің ақ баталарыңыздың арқасында Алла тілегімді қабыл етті, - деді А.Назаров.
Бойында қазақы қаны тулап, намыс оты найзағайдай жарқыл-даған Алаш ұлы ұлт тағдырына байланысты келелі әңгіме өрбітті.
«Тірі тұрғанда - қазаққа қызмет етпей қоймаймын!» дейді Алаш
арысы Әлихан Бөкейханов. Әрқайсымыз осы принципті ұста-нуға тиістіміз. Тәуелсіздікті алуға пайдамыз тигені былай тұрсын, кей кезде зиянымыз тиіп кететін тұстарымыз да бар. «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын?» -
дейді кемеңгер бабаларымыз. Екі рет берілмейтін өткінші өмірді саналы әрі салиқалы түрде сүруге тиістіміз. Қоғамды тәрбиелеуді ең алдымен қаракөз қыздарымыздан баста-уымыз керек. Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесінің алғашқы баспалдағы. «Қызды қырық үйден тыю» деген сөз бекерден-бекер айтылмаған. Оны тыятын - мына біз, ер азаматтар. Ежелгі қазақтар қыз балаға жалғыздан-жалғыз бөгде үйге қонуға рұқсат етпеген. Тіпті, алыс ағайындардың шаңырағына бір өзі баруға тыйым салған. Әпкесі жоқ кезде жездесінің үйіне қыдыруға қарсы болған. Ақшам намазынан соң сыртқа шығармаған. Апақ-сапақ уақытта сыртқа шығуға, суға баруға да үзілді-кесілді қарсы болған. Бір қарағанда, жай дүние секілді болғанымен, бұл тыйымдардың астында үлкен тәрбиелік мән жатыр. Қарындас, әпкелерімізге, қыздарымызға саналы тәрбие бермейінше сапалы ұрпақты өсіре алмаймыз. Кешегі өткен Алаш ардақтыларын мысалға алып қарасыңыз, ешқайсысының анасы тексіз болмаған. Мен үшін әрбір қаракөз қазақ қызы - менің әпкем немесе қарындасым, - деді чемпион өз сөзінде.
«Бес ғасыр жырлайдыны» жатқа айтатын Ардақ Назаровтың  әсіресе, әйел мен ер, ата-ана мен бала арасындағы тәрбиеге толы салмақты ойлары көпшіліктің көңілінен шықты.
Осыдан соң Ардақ Назаров облыс орталығындағы «Абылай» спорт клубына ат басын бұрып, жас спортшыларға шеберлік сағатын өткізді. Оларға үлкен спортқа дайындалудың қыры мен сырын айтып, жастардың жігерін жаныды. Алдағы уақытта балалар мен жасөспірімдер арасында Оңтүстік Африкада өтетін әлем чемпионатына баратын павлодарлық жас таэквондошы Балнұр Оркеноваға ақ жол тілеп, батасын берді.
Қазақтың рухани астанасы - Алматы жерінен теріскейге келген спортшы Арқа төріндегі ағайынның ақжарма көңілі мен ыстық ықыласына риза болып, болашақта тағы да жұртшылықпен жүздесуге дайын екендігін айтты.
Аталған шара «National art» жастар қоғамдық бірлестігінің ұсынысымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқар-масымен, сондай-ақ бірқатар демеушілердің қолдау көрсетуі нәтижесінде жүзеге асты.


Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz