Шаһар билігінің Зеленстрой ауданы халқымен кездесуінде осындай күрмеулі мәселелер көтерілді.
Зеленстрой шағын ауданының тұрғыны, зейнет-кер Майра Оспанованың көршілерінің үйінде түнеп жүргеніне бірнеше күн болды. Себебі, еріген қар суы үйге дейін кіріп, салдарынан баспанада тұру мүмкін емес.
- Үйімнің қабырғалары құлап қалмас үшін күндіз барып, пеш жағып, жиналған суды әупірімдеп жүріп өз күшіммен сыртқа шығаруға тырысамын. Әйтпегенде, біраз жыл паналаған баспанам құлаудың аз-ақ алдында тұр. Мұндай жағдай жыл сайын қайталанады. Бірақ қол ұшын созар ешкім жоқ. Бұлай жалғаса берсе, үйсіз қалатын түріміз бар. Сондықтан, дренажды жүйені салу кезек күттірмейтін мәселе болуы тиіс, - дейді М.Омарова.
Тағы бір тұрғын Манай Аманжолдың айтуынша, аудан іргесіндегі арықтан түк пайда жоқ. Қар мен жаңбырдың суы оған мүлде құйылмайды. Сондықтан қолға күрек алып, тиісті техникаларды жалдап, өздері жыра қазудан басқа амал қалмайды.  
Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зікірия Сұлтанғазинов ұзындығы 3,5 шақырым дренажды жүйе салу керектігін айтты. Осы бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Бірақ ол үшін әлі де біраз уақыт күтуге тура келетін түрі бар. Ал Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов уақыт оздыруға болмайтынын кесіп айтты.
- Бүгінгі күнгі өзекті мәселе дренажды жүйені салу екенін жақсы білеміз. Оны жобалап, мемлекеттік сараптамаға жіберу біраз уақытты талап етеді. Осыны ескеріп, жобасыз-ақ құбыр салудың жолдарын қарастырып жатырмыз, - деді Н.Әшімбетов.
Шағын аудандағы өзекті мәселенің бірі қар суының көп болуы десек, екіншісі керісінше – ауызсудың жоқтығы. Аудан тұрғындары суды күн сайын колонкалардан тасуға мәжбүр. Осыдан шамамен 5 жыл бұрын су құбырларын жүргізу ісі қолға алынған-ды. Өкінішке қарай, мемлекет сенім артқан мердігер жұмысын орта жолдан тастап, аяқсыз қалдырды. Салдарынан ауызсу тартылмағанмен қоймай, ашық шұңқырлар, ойдым-ойдым жерлер қалды. Енді жергілікті билік су жүйесін жүргізудің екінші кезегін бастады. Жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, онда бес жыл бұрын атқарылмай қалған істер ескерілгенге ұқсайды. Содан соң министрлікке осы жоспарды жүзеге асыруға қажет 600 млн. теңге бөлу туралы тиісті өтініш жолданды. Алайда, мемлекеттік қазынадан қаражат табылмай, министрлік бұл жобаны 2019 жылғы бюджеттік шаралар тізіміне қосты. Бұған қарамастан, шаһар басшысы Нұржан Әшімбетов қалалық және облыстық бюджеттен де қаржы қарастыруды сұрайтынын айтты.
Бұдан кейін жылу жүйесін қаржыландыру тетіктері қарастырылмақ. Қазіргі уақытта тиісті жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Жоба жасаушы компания басшысы Нұрлан Батырбековтің айтуынша, құжатқа сәйкес  Зеленстрой ауданында 14 шақырым жылу желісі тартылмақ. Тиісті құжаттар мамыр айының соңында дайын болған соң мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Бұл ретте кәріз жүйесін жүргізу де ескерілді. Себебі аталмыш ауданда су мен жылу ғана емес, кәріз жүйесі де жоқ.
Зеленстройдағы күрмеулі мәселелер мұнымен бітпейді. Жарық пен жолдың «жыры» тағы бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қыста кеш ерте түсетіндіктен, балалар қараңғыда мектепке барып-келуге, ересектер жұмыстан қайтуға қорқады. Шамамен 15 көшеде жарық мүлде жоқ, тас қараңғы. Зкрия Сұлтанғазинов қаланы жарықтандыру жұмыстары дәл осы ауданнан басталып, 1 маусымға дейін жоғарыда аталған 15 көшенің бойында шамдар орнатылатынына сендірді. Сонымен қатар, «жолды жөндейміз» деп уәде етті. Атап айтқанда, Пішенбаев,
Алексеев көшелеріне асфальт төселіп, бірқатар тротуар ретке келтірілмек. Бастысы, Ломов көшесіне дейін жаяу жүргіншілер жолы салынып, жарықтандырылатын болды.

Жергілікті жұртшылық осылайша өкпе-ренішін де, ұсыныс-тілегін де білдірді. Шаһар басшылығы болса, сең орнынан қозғалып, жобалар жасалып, тиісті жұмыстар көп күттірмей атқарыларына сендірді. Енді Зеленстройдағы ағайынның үйінде жылу мен судың, көшесінде жол мен жарықтың болуын тағатсыздана күтеміз.


Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz