«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру Қазақстанды өз шығармашылығы арқылы дүние жүзіне танытатын көптеген таланттарға жол ашады. Яғни, қазір осы бағытта бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Елімізде көптеген киелі орындар бар. Оларды балалар біліп, географиясымен, тарихымен таныс болулары керек. Біздің Железин ауданында табиғаты әдемі, киелі орындар қатарындағы жерлер баршылық. Солардың бірі - Екішоқ ауылы. Ауылдың  Екішоқ аталу себебі - ауылдың екі жағында топталып өскен екі топ ағаштар бар. Бұл атау соған орай берілсе керек. Жалпы, Железин ауданында негізінен ақ қайыңдар көп өседі. Әдемі!
Ауданымызда өзен, көл, қыстаулардың атауы адамдардың есімдерімен байланысты қойылған екен. Мысалы, Момын, Шитемір, Найманбай, Әзімбай, Әлмұқан немесе Етекбай деген қыстаулар бар. Бұл жерлерді бұрынырақта ата-бабаларымыз мекендеген. Солардың арасындағы байлардың есімімен аталған дейді.
Ал ауыл маңында орналасқан ағаш аттарының қойылу тарихына тоқталып өтейік.  Исабек ағашының бұлай аталуы бұл жерде керей руынан шыққан Исабектер әулеті қоныстанған екен. Сол адамдардың тегіне байланысты олар мекендеген қыстаудың жанындағы ағаш «Исабек ағашы» деп аталған. Сонымен қатар Жаманшоқ ағашының осылай аталуы ол жердегі ағаштардың сипатына қарай қойылғандығын анықтадық. Ондағы ағаштардың көбі шіріген екен. Железин ауданында егін шаруашылығы жақсы дамыған. Сол егін салынған жерде өсіп тұрған ағаштарды «Егіншоқ ағашы» деп атаған. Сонымен қатар бұрын колхоз болған жерде Қараағаш бар. Ол жердегі ағаштың қалың болғандығына байланысты қойылған. Мұнда ну орман болған.
Біздегі елді мекендердің, көлдердің, ағаштардың аттары тек кісі есімдерімен ғана емес, сонымен қатар сол жерді мекендеген аң–құстардың аттарымен де аталған. Бұған дәлел - ауылымыздың жанында Борсық деген жер бар. Яғни, бұл жерді борсық көп мекендейді. Қазірдің өзінде ол жердегі ағаштың жанын айнала қоршаған борсықтың індері баршылық. Железин ауданы қалың ағаштарға ғана емес, көлдерге де бай. Сондай көлдердің бірі Екішоқ ауылының жанындағы Сор атты тұзды көл.
Тұздың адам өмірі үшін қандай пайдасы барын жақсы білеміз. Адамның денсаулығы үшін бұл көлдің пайдасы өте зор. Тұзды көлге, қара балшыққа шомылу сырқаттан айықтырып, денсаулықты нығайтады. Осындай көлдердің бірі Екішоқ ауылының жанында 5 шақырымдай жердегі орналасқан.  Көлемі  2 шақырымдай болады. Жаз мезгілі бастал-ғанда бәріміз сол көлге барып шомыламыз. Ауылдың жанындағы тұзды көл күн өте ыстық болған кездерде суы тартылып кетеді. Сондықтан адамдар ол жерге шомылуға емес, көбінесе қара батпағын пайдалануға барады.
Үлкендердің айтуы бойынша тұзды көл туралы мынандай аңыз-әңгімелер де бар:  
Бірде жолаушылаған екі ағайындының бірі ауруы асқынып, өлім жағдайына жетіпті. Ақыры адам болмайды деп шешкен ағасы тұзды көл балшығына әлі тірі жатқан інісі-
нің басын шығарып қана көміп кетіпті. Ал тұзды балшықтың астыңғы қабаты інісіне ем болыпты. Ес-түссіз жатқан жігіт біраз уақыттан соң есі кіріп, құлан-таза айығып кетіпті  деседі. Әрине, бұл - аңыз. Бірақ бүгінгі таңда адам ағзасына тұздың ем болатындығы дәлелденген. Адам ағзасы тері арқылы өзінде жетпей тұрған микроэлементтер мен иондар, минералдарды қажетінше сіңіре алады. Десе де, тұзды көлді пайдаланудың да өз мөлшері және уақыты болады. Тұзға түсуге ми қайнатар шілденің ыстығы ең қолайлы кезең болып саналады. Тұзды балшыққа көп жатуға болмайды, әрі кетсе, 15-20 минуттан кейін көл айдынына түсіп, күркіреуікке шомылу керек.  
Міне, біздің ауданымызда осындай
табиғат сыйлаған ғажайып орындар баршылық.  
Д.НҰРСЕЙІТОВА,
Екішоқ негізгі мектебінің мұғалімі, Железин ауданы.

saryarka-samaly.kz