Аңыз бойынша баяғыда бұл жерге Малыбай деген бай адам қоныстаныпты. Байдың мыңнан астам жылқысы болған екен. Мыңғырған малды суаруға есепсіз су керек. Сондықтан бай бұл аймақтан үлкен әрі терең құдық қаздырыпты. Бұл құдықтан көп су шыққаны соншалық, Малыбай бар малымен осы суға батып кетіпті дейді. Содан бері осы су шыққан жер Малыбай көлі деп аталады.
Малыбай көлін кейін руы уақ ішінде Қараманнан тараған Асан, Үсен деген ағайындылар қоныстанған. Қазіргі уақытқа дейін көлдің оң жақ жағалауында көне қорым бар. Ауылдың үлкендері арнайы барып, аруақтарға құран оқиды. Ата- әжелер осы аймақ жайында таңғажайып тылсым әңгімелер айтады.
Біздің ауыл белгілі ғалым Ғарифолла Есім ағамызбен мақтанады. Ол Жалтыр көлінің шығыс жағалауындағы шағын ауылда дүниеге келген. Қазір оны бүкіл Қазақстан танып-білді. Бәріміз де Ғарифолла аға секілді оқымысты болғымыз келеді.
Отан – отбасынан, туған ауылыңнан басталады дейді. Біздің Отанымыз Малыбай ауылынан басталады. Ауылымызды бәріміз мақтаныш етеміз.
Айнагүл ДУДНИК,
7-сынып оқушысы,
Малыбай ауылы, Лебяжі ауданы.

saryarka-samaly.kz