Салмақ өлшемдері мыналар: мысқал - 1 г., қадақ – 750 г., келі - 1 келі, пұт – 16 кг., батпан – 100 кг. Бұл өлшемдермен бірге халық «салмағынан жер ойылғандай», «түйеге жүк болғандай» деген бейнелеу, теңеу сөз өрнектерін қолданып, ауыр, жеңіл деген сөздерді де пайдаланады.
Ал көлем өлшемдері: бір шымшым, бір шөкім, бір уыс, қос уыс, бір тілім (нан), бір түйір, бір қолтық, бір шүйке, бір құшақ, бір қап, бір шелек, бір қасық, бір тамшы, бір арқа, бір шана, бір арба, бір табақ, бір шоқ (үкі, тал), бір топ (адам), бір қарын, бір сандық, бір қалта, т.б. Мал саны мен көлемін де осылай шамамен ажыратады. Яғни, бір отар, бір қора, бір табын, бір үйір, он шақты, жиырма шақты... Заттың көлеміне, аумағына қарай бармақтай, шынашақтай, жұдырықтай, құмалақтай, етектей, алақандай деген сөздерді қолдана береді.
Қалыңдық мөлшерін былай айтқан: бұлт, пышақ сырты, қылыш сырты (бұлар 3-5 мм шамасы), шынашақ, елі, бармақ (бұлар 1-2,5 см), екі елі..., сере, табан (7-10 см). Ұзындық, қашықтық өлшемі екі ұғымды, екі түрлі өлшемді білдіреді. Ұзынгдық өлшемдерді бір заттың (таяқтың, арқанның) ұзындығын анықтайды және ол екі елі, үш елі..., тұтам, сынық сүйем (14-15 см), сүйем (17-18 см), қарыс, кере қарыс (20-22 см), кез (50 см), аршын (75 см), құлаш (1,80-2 м), т.б. Балтасап, кебіс басындай деген балық өлшемдері де бар. Сол сияқты ұзын, қысқа деп шамамен есептей береді.
Қашықтық өлшемдері жердің қашықтығын (ауылдың ара қашықтығына) қолданылатын өлшем екені белгілі. Бұл өлшем түрлері былайша аталады: адым, (қадам – 1 м), таяқтастам (10-15 м), әй дейтін жер (100 м), дауыс жететін жер (250-300 м), шақырым (1 км), иек астында, бір төбе астында
(4-5 км), қозыкөш жер (5-6 км), көз ұшында (6-7 км), тайшаптырым (4-5 км), құнан шаптырым (8-10 км), ат шаптырым (25-30 км), бір күндік жер, айшылық жол... т.б. Бұл межелер ауыл ішінде қазір де жиі айтылады.
Ел ішінде тереңдік, биіктік өлшемдері де бар. Бұған терең, таяз, биік, аласа деген сөздер қолданылады. Бір айта кетерлік жайт, жоғарыдағы аталған өлшемдер бір-бірінің орнына жүрмейді.
Ауа райын бақылау ыстық, суықты һәм оның өзіне тән өлшемін белгілеуде де халықтың өзіндік тәжірибелері мен қағидалары аз емес. Қанжылым, жылы, ыстық, суық, салқын, мұздай, тағы да осылайша анықтап, бір заттың, судың, астың немесе ауа райын белгілейді. Ауа райын жылы, ыстық, қапырық, қайнап тұр, күйіп тұр, аспан айналып жерге түскендей, ми қайнататын ыстық... деп жаз айындағы күн райын айтса, қыста шуақ, май тоңғысыз, шыбынсыз жаз, суық, салқын, аяз, үскірік, бет қаратпас аяз, тфу десе түкірік жерге түспейтін аяз деген теңеулер арқылы күннің қаншалықты суық екенін анықтап, соған сәйкес әрекет ете бастайды.  
Бегімхан КЕРІМХАН,
Лебяжі ауданы.

saryarka-samaly.kz