Гүлденнің сауалына жоғары санатты педагог-психолог, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Бақыт БЕЙСЕКЕЕВА жауап береді:
- Айналайын Гүлден, мұндай жағдай әр адамда кездеседі. Бірақ бұрын қария адамдар ұмытшақ болса, қазір бұл жағдай жастардың да, жасөспірімдердің арасында жиі кездесетін болды. Күйгелектеу, сасқалақтау, айтар ойын ұмытып қалу, не бір затын ұмытып қалдырып кету, тағысын тағы ұмытшақтыққа байланысты жағымсыз жағдайлардың зияны көп. Олардан қалай арылуға болады?
Әдетте қатты қуанып, қатты қайғырып, яғни өзін-өзі ұмытып, кез келген жағдайға жан–тәнімен беріліп кететін адамдарда осындай сәттер жиі болып, кейін тіпті «әдетке» айналып кетуі де мүмкін. Адам қандай сәтте болмасын өзін-өзі қолға алып, қатты қуану, қатты қайғыру секілді сезімдерге берілмеуі керек. Бастысы –
сабыр сақтай біл! Ондай сезімдерге беріліп кететін адамдардың өміріне кейде қауіп төнеді. Жүйке жүйесі зақымдануы, сондай-ақ ойланбай теріс іс-әрекет жасап қоюы да мүмкін.
Ең бастысы, асықпаған дұрыс. Жеңілтектік, уақыт үнемдеу үшін бірдеңені жылдам атқару, шала-пұла жасау деген дұрыс емес. Байыпты бола біл. Асықпау үшін уақытыңды дұрыс пайдалан. Таңертең ертерек тұрып, жуынып, тамақтанып, жаттығу жаса. Мұның бәрін ойланып, асықпай атқару керек. Сабаққа кірерде                                                           өз-өзіңе: «Мен бүгін сабақты жақсылап айтамын, асықпаймын, қорықпаймын, саспаймын» деп қайтала. Мұғалімді мұқият тыңда, жаңа сабақты түсініп алуға тырыс.  Жылдам сөйлемей, байыппен, асықпай, ойланып айт.
Қазіргі уақытта айналамызда ақпарат көп. Бұрын теледидарды көп қарайтын едік, енді оған ұялы телефон, планшет секілділер қосылды. Оның бәрін бақылап, қарап отыру, ақпараттарды ойға сіңіру, бастысы ұзақ қарау – өте зиян. Олар сенің дұрыс ойлануыңа, оқу-білімді санаға сіңіруге бөгет. Сондықтан ұялы телефонға белгілі бір уақытта ғана қарауға машықтану керек. Бастысы –
өз-өзіңді қолға алып, ұмытпас үшін (мәселен, керек заттарыңды) іштей бірнеше рет қайталап, сабыр сақтап, асықпай жүру керек. Жасөспірімдік кезең әр адамда әрқалай өтеді. Бұл -
уақытша құбылыс. Есейе келе бәрі қалпына келеді.
Сабыр сақтап, байыпты бола біл, айналайын!
«Айналайын» қосымшасын үйлестіруші - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz