- Бұл ойынды үлкен-кіші демей ойнай  береді. Ойынға қатысушылардың саны 5-6 адамнан аспауы керек. «Құмар» - үйде, аулада, тақыр, тегіс жерде отырып ойнайтын ойын. Ойынға төрт асық қажет. Олар мұқият тазартылып, түрлі түсті бояуға боялады. Ойынды кім бірінші бастайтынын асық иіру арқылы шешеді. Алшы – бірінші, тәйке – екінші, бүк – үшінші,
шік – төртінші, т.с. кезек алады. Асықтың жоғарыда айтылған төрт түрлі түсетін негізгі төрт қыры болады. Сондай-ақ оларды мал атауымен де атайды. Алшыны – жылқы, тәйкіні – түйе, бүкті – қой, шікті – ешкі деп атайды. «Құмар» деп сол төрт асықтың бір түрлі түсуін айтады. Мысалы, төрт асық та алшы түссе - «Құмар» болады, ол төрт ұпай алады, ал төрт асық та тәйке түссе - үш, бүк түссе - екі, шік түссе - бір ұпайдан алады.
Ойыншы төрт асықты алақанына алады да, қолын тұқыртып ішке қарай айналдыра еденге шаша тастайды немесе алақанына салып, қолын сыртқа қарай серпіп, еденге тастай береді. Егер иіргенде асықтың  әрқайсысы әртүрлі, яғни төрт түрлі болып түссе, онда 4 ұпай есептеледі. Ойын барысында тек алшы түссе ғана ұпай болып саналады. Кім епті және дұрыс иірсе, оның асығы алшы түседі. Ойын басталмас бұрын ойыншылар ұпайдың шекті санын  өзара келіседі. 20, 30, 40, 50 ұпайдан соң ойынды тоқтатып кім жеңгенін анықтау қажет. Алшы түскен әр ойыншы өз ұпайын санап отырады. Асық омпы түскен болса 5 ұпай болып саналады. Омпы өте сирек түседі. Мұның бәрі ептілікті талап етеді.
Қазақта «Омпы ойын бұзар, жынды жиын бұзар» деген көнерген мақал бар. Ол осы омпыға негізделіп айтылған.
Ойын барысында алшы түсе берсе, ойынды сол ойыншы жалғастыра береді. Әрбір ойыншы ойын ережесіне сай әріптестерін үнемі бақылап отырады. Қазақтың «асығың алшысынан түссін» деген қанатты сөзі осы ойынға бағытталып айтылған. Бұл ойында тек алшыға аса басымдық беріледі. Ойын - қызықты әрі өте тез меңгерілетін оңай ойын.
Ұтылған адам ұпай төлейді. Келісім бойынша ән айтып, күй шертеді. Ертеде терме айтып, арты отбасылық ойын-сауыққа айналған.
Үйлестірген – Мұрат АЯҒАНОВ.

saryarka-samaly.kz