С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың ішінде орналасқан кеңсеге облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев арнайы келді.
- Бір жылдың ішінде біздің аймақта  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 52 жоба іске асырылды. Оған барлығы 4,5 млрд. теңге жұмсалса, оның 2 млрд. теңгесін демеушілеріміз бөлді.  Бағдарлама аясында көптеген бірегей жобалар қолға алынып, облыс тұрғындарының ерекше қолдауына ие болды. Сондай жобаның бірі - «Мектебіме тағзым». Бұл аймақтағы әр мектептің түлегіне өзі оқып, білім алған, сол жерден үлкен өмірге қадам басқан білім ошағына қайырымдылық жасауына жол ашты. Осының негізінде өңірімізге белгілі кәсіпкерлер мен жоғары лауазым иелерінен бастап, қарапайым тұрғындар да өз мектебіне қажетті құрал-жабдықтарын алып берді. Осы жылы еліміз бойынша алғаш рет Павлодар облысында құрылған «Еріктілер үйінің» ашылуы баршамыз үшін үлкен сый болғаны аян. Бұл жаңалық күні кеше Астана қаласындағы «Ұлттық музейде» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен салтанатты жиында айтылды. Өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар легі жалғаса беретін болады, - деді М.Бегентаев.
Биыл облыс бойынша 131 жобаны өткізу жоспарланған. Осы ретте «Рухани жаңғыру» кеңсесінің бас менеджері Самал Айтқазина халық арасында аталмыш жоба кеңінен насихатталып жатқанын жеткізді.  
- Бүгінгі жиынымыздың маңызы ерекше. Мұнда 1 жылдың ішінде біз қандай жұмыстар атқардық? Қай бағытта келе жатырмыз? Қандай тұстарда қателік жібердік? Міне, бүгін осы сұрақтардың барлығына жауап беріп, өткен күндерге бір қорытынды жасау басты мақсатымыз болды. Бүгінгі таңда ел арасында «Рухани жаңғыру» тек қана Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларын ғана қамтып жатыр деген жаңсақ пікір бар. Ауылдық жерлер назардан тыс қалған жоқ, биыл 131 жоба өткізуді жоспарлап отырсақ, соның 56-сы ғана аталған 3 қаланы қамтиды, қалғаны ауылдарда жүзеге асады, -
деді С.Айтқазина.  
Салтанатты жиын барысында Павлодар ауданының жеке кәсіпкері «Еріктілер үйіне»  «Рухани жаңғырудың» белгісі бейнеленген, салмағы
30 килограмм, биіктігі 50 см болатын 75 мың теңгенің тәтті тортын сыйға тартты.
Жиын барысында жыл бойы аталмыш бағдарлама бойынша қажырлы еңбек еткен бірқатар белсенділерді М.Бегентаев «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Олардың қатарында «Сарыарқа самалы» газетінің журналисі Сая Молдайып (суретте) пен Pavlodarnews.kz ақпараттық агенттігінің редакторы Светлана Воронова бар.
Қ.МҮСӘЙІП.


saryarka-samaly.kz