Ұзын көшені бойлап келемін. Алдымнан сұлу қыз шықса деп ойлап келемін. Ішімнен махаббат тойын тойлап келемін. Арманым алты қырдан асып-толып, қиялдағы аруға ғашық болып, аранымды ашып, алға қадам басып келемін. О, тоба! Кенет көз ұшынан бұрала басып, жан жағына жарық сәуле шашып кетіп бара жатқан бикешті көрдім. Өгізаяң жүрісімді жылдамдаттым. Жеткізер емес. Қарқынымды үдетіп келемін. Тура бір ұшқан құйын дерсің. Құйғытып барады. Жан дәрменімді салып жүгірдім. Өкпем өшіп қалды. Қарындастың арқасында, бір сөмке, қолында - екі дорба. Талдырмаш белі майысып, қабырғасы қайысып барады. Жүрісі сонда да жылдам. Мынандай жүкпен жігітке жеткізбесе, жар болуға лайықты жан екен деп қоямын ішімнен. Өз-өзіме жетпіс жеті жыным келіп кетті. Жанына жақын келдім де:
- Сәлеметсіз бе? Қайда барасыз? Сөмкеңізді маған беріңіз? - дедім сыпайы үнмен.
- «Аялдамаға», - деді қылығымен қытықтаған қыз көздерін аударып-төңкеріп. Жанарынан шашқан жарық сәулеге өртеніп барамын. Шіркіннің үстіңгі кірпігі көкке, астыңғысы жерге шаншылып, шиедей еріндері дірілдеп тұр. Иығындағы жүгін қолыма алып, арқама салдым. Мынаның ішіне тас салып алған-ау! Еңсемді басып, белім ашып барады. Тау көтерген Толағайдай терледім. - Ағай, не болды сізге? Жүгімді өзіме беріңіз! - дейді. Сасып қалдым. Аузымды ашып қалдым. Ештеңе етпейді, аялдамаға дейін жеткізіп беремін, - дедім, ернімді тістеп. Әншейінде таяқ тастам жерде тұратын аялдама алты қырдың астына көшіп кеткендей. Не керек, діттеген жерімізге де жеттік. Иығымдағы жүкті жерге түсірдім де:
- Менің ныспым – Несіпәлі! Қарындас, есіміңіз кім? – деп қолымды ұсындым. Кеудемнен итеріп жіберді.
- Қуасыз ба? Қайдағы қарындас? Мен еркекпін ғой! - деді шаңқылдап.
- Сонда сіз қыз емессіз бе? –
дедім дауысым дірілдеп.
- Еркек пен әйелді ажырата алмайтын қандай адамсыз? Сырға таққанның, бетіне далап жаққанның, шаш бояғанның бәрі қыз деп кім айтты, есек! - деді кекесін күлкімен қарқылдап.
Албастының алты апасын көргендей тұра қаштым. Үйге қарай жүгіріп келемін. О, тоба! Адамдар не болып барады? Өзімнің де жүрегіме тимейді. Өткенде бір жігітке: - Бауырым, темекің бар ма? – десем.
- Қызға осылай деуге ұялмайсыз ба? - деп еді қызарақтап. Сізді білмеймін, үйленемін деген үмітім тағы да мені үрейлендірді...
Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz